Тіршілік атаулыны жалмайтын тажал қару

Семей полигонында ядролық сынақтар 1963 жылға дейін әуеде жасалған. 1963 жылдан 1989 жылға дейін ядролық қаруды жер астында сынақтан өткізді.

Совет билігі полигондағы ядролық сынақтардың адамдар мен қоршаған ортаға зиян тигізетіні туралы ақпаратты ондаған жылдар бойы жасырып келді. 1989 жылы ақпанда жасалған екі жарылыстан соң полигон маңайына улы газ тарап жатқаны кездейсоқ белгілі болып, халық наразылығын туғызды. Ядролық сынақтар жүргізуге қарсы "Невада – Семей" халық қозғалысы құрылды.

Мамандар ядролық жарылыс кезінде қолданылған плутонийдің радиациялық белсенділігі әр 24 мың жылда жартылай ғана төмендейді, Семей полигоны жеріндегі радиация мөлшері тек миллион жылдан кейін ғана табиғи деңгейге жетеді деп айтады.

Ресми түрдегі соңғы ядролық қару сынағы 1989 жылғы 19 қазанда жасалды. Сол жылғы 23 қазанда Олжас Сүлейменов Семей полигонында тағы да жарылыс жасалса, оның аяғы Қазақстанда жаппай ереуілге ұласады деп мәлімдеді.

1989 жылғы 27 қарашада Мәскеуде СССР Жоғарғы советі Қазақстан үкіметіне "Семей полигонын жабу туралы" мәселені қарастыру жөнінде қаулы қабылдады. Ал 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей полигоны жабылды.

1949 жылдан бастап Семей полигонында 460-тан астам ядролық жарылыс (116-сы жер бетінде) жасалған. 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сынақтан өткізілген. Полигондағы жарылыстардан шыққан радиация төңірекке тарап, тіршілік атаулыға орасан зор зиян келтірген. Полигон маңындағы халық арасында бейдауа дерт пен мезгілсіз өлім жиі болатыны жөнінде Азаттықта кейбір деректер сақталған.

Cовет өкіметі 1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында кемінде 468 ядролық сынақ жарылысын жасады. Қоршаған орта мен адамдарға орасан зор зиян тигізген оның зардабын халық әлі күнге шегіп келеді. Полигонға жақын жердегі Қарауыл ауылында тұрған фототілші Сабыржан Құсайыновтың жеке архивіндегі фотолардан Семей полигонында 1950 жылдарғы ядролық сынақта эксперимент үшін қойылып, жарылыс салдарынан қираған техникалардың қалдығын көруге болады.