"Кеудесі мен басынан оқ тиген". Ерлан Аяздың анасы ұлын кім өлтіргенін білгісі келеді

18 жастағы Ернар Аяз Шымкентте 2022 жылғы қаңтар көтерілісі кезінде басы мен кеудесіне оқ тиіп қаза болған. Сурет отбасы архивінен алынды.

Шымкентте қаңтар көтерілісі кезінде оққа ұшқан 18 жастағы Ерлан Аяз Көкшетаудағы колледждің 3-курсында оқыған. Тәжірибеден өтуге ауылға келіп, Шымкентте уақытша жұмыс істеген. Үй-ішіне оның қазасының жай-жапсары белгісіз. Кеудесі мен басына оқ тиген ұлын анасы 7 қаңтарда Шымкенттегі мәйітханадан тапқан.

"УАЙЫМДАМА, МАМА!"

Ерлан Аяз – Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Көктерек ауылында тұратын Жазира Тұрдықұлованың отбасындағы бес баланың екіншісі. Анасының айтуынша, Көкшетаудағы азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің 3-курсында оқыған Ерлан былтыр күзде тәжірибеден өтуге ауылға келген. Қаңтардың ортасында қайтадан оқуына кеткенге дейін жолы мен киім-кешегіне ақша табу үшін желтоқсан айынан бастап Шымкентте құрылысқа жұмысқа кірген. Жаңа, 2022 жылды ауылда үй-ішімен бірге қарсы алған соң Шымкентке кеткен.

Аспаз көмекшісі болып істейтін Жазира күйеуімен дәм-тұзы жараспай, тоғыз жыл бұрын ажырасқаннан кейін бес баланы жалғыз өзі бағып-қағып, отбасының бүкіл ауыртпашылығы бір өзіне түскенін айтады. Балалардың үлкені жақында ғана жұмысқа тұрған. Ерланнан кейінгі ұл Шымкент медицина колледжінің бірінші курсында оқиды. Одан кейінгі қыз бен ұл мектепке барып жүр.

Жазира Тұрдықұлова – Шымкентте қаңтар көтерілісі кезінде кеудесі мен басына оқ тиіп қайтыс болған Ерлан Аяздың анасы. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Көктерек ауылы. 22 ақпан 2022 жыл.

– Айына табатыным 80 мың теңге. Пәтерақы, тамақ бар. Бірін алсаң екіншісіне жетпейді. Жоқшылық. Үлкен ұлым жұмысқа енді орналасты, әлі бір ай да болған жоқ. Ерланды оқуыңа кеткенше жұмыс істей тұр деп 2 қаңтарда Шымкентке қайта жібердім. 3 қаңтарда телефонмен хабарласқанда "мама, уайымдама, бәрі жақсы!" деген еді күліп. Содан кейін көрмедім, не тілдесе алмадым. Қазір өкініштен өзегім өртенеді. Үйде болғанда аман қалар ма еді деген ой маза бермейді, – дейді баласын жоқтаған ана егіліп жылап.

Жазира Тұрдықұлова қазір Көктерек ауылындағы екі қабатты, іргесі мүжіліп, қабырғасының әр жері түскен ескі үйдің шағын екі бөлмелі пәтерін жалға алып тұрып жатыр. Көлемі шамамен 35 шаршы метр пәтердің аядай асүйінің бір бұрышында темір пеш тұр. Үйді сонымен жылытады.

Жазира Тұрдықұлова балаларымен бірге ескі үйдің шағын екі бөлмесін жалдап тұрып жатыр. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Көктерек ауылы. 22 ақпан 2022 жыл.

18 жастағы Ерлан Аяз өмірінің соңғы күндері осы жұпыны екі бөлмелі пәтерде өткен. Үй-іші Ерланға нақты қай жерде, қандай жағдайда оқ тиіп, оның қалай қаза тапқанын білмейді. Анасы ұлын мәйітханадан тапқан күннің ертесіне, ағайын-туысы марқұмды 8 қаңтарда туған жері – Түркістан облысы Келес ауданы Тегісшіл ауылына жерленген.

"АРМАНЫ – ОҚУЫН БІТІРІП, ҮЙ АЛУ ЕДІ"

Жазира Тұрдықұлова қапияда мерт болған ұлын айтса, әлі күнге көз жасын тия алмайды. Ол Шымкентте жаппай наразылық, дүрбелең болғанын жұрттан естіп, баласынан хабар ала алмай, жүрегі алабұртып, әрі-сәрі күй кешкенін, 7 қаңтарда Шымкентке барып, ұлын жұмысы мен жатын орнынан таппағанын айтады.

– Полиция, ауруханада ілінген тізімнен аты-жөнін таппадым. Ауруханада дәрігерлер мәйітханаға барыңыз деді. Барсам, балам сонда жатыр екен. Өңі жоқ, аппақ, денесі мұздап кеткен. Оқ кеудесіне бір жағынан кіріп, екінші жағынан тесіп шығыпты. Екінші оқ басына тиген, – дейді Тұрдықұлова.

Шымкент қаласындағы мәйітхана, Түркістан облыстық патологиялық анатомия бюросы. 13 тамыз 2021 жыл.

Қалалық мәйітхана берген құжатта оқ тиіп қаза болған Ерлан Аяздың ол жерге 6 қаңтарда түскені жазылған. Оған қай жерде оқ тигені, марқұмды мәйітханаға кім, қайдан әкелгені белгісіз.

– Жұмыс істеймін деп кеткен баламның сүйегін алып қайттым. Мінезі бұзық болса, содан тапты ғой дейтін едім. Террорист емес, алып-қонып тұрған мінезі жоқ, момын, артық сөзі жоқ еді. Маған қолғабыс жасап, оқуын аяқтаған соң жұмыс істеп, үй алуды армандайтын, – дейді қара жамылған ана.

Полиция Ерланның қазасынан кейін Жазираны екі рет шақырып, тергеген. Одан кейін қаралы отбасына ресми органдардан ешкім хабарласпаған, келмеген.

Сарыағаш ауданы әкімдігінің мәліметінше, Жазира Тұрдықұлова мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға, мемлекеттен тегін тұрғын үй я жер алуға өтініш берген азаматтар тізімінде жоқ. 18 жастағы ұлы қайтыс болған соң 4 баласына беріліп келген ай сайынғы жәрдемақы да тоқтаған.

Жазира Тұрдықұлова балаларымен бірге. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Көктерек ауылы. 22 ақпан 2022 жыл.

"ТЕРГЕУ НӘТИЖЕСІН КҮТЕМІН"

– Тергеушілер істі тергеп жатырмыз деді. Олар балама кім, қайда оқ атқанын анықтап береді деген үміттемін. Қазірге еш талап қоя алмаймын. Тергеу нәтижесін күтемін, – дейді Жазира Тұрдықұлова.

Қаңтардың басында кедейлік, қымбатшылық пен жұмыссыздықтан қажығанын айтып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды, елді отыз жылға жуық билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған авторитар жүйені өзгертіп, жемқорлықты жоюды, саяси өзгерістер талап еткен азаматтардың жаппай наразылығы Қазақстанның барлық өңірін қамтыған. Бейбіт басталған шерудің аяғы дүрбелеңге ұласып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "шетелден келген террористер шабуылдағанын" айтып, ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеген. Елде төтенше жағдай жарияланып, интернет ажыратылған. Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Тоқаевтың сұрауымен Қазақстанға екі мыңға жуық әскер жіберген.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасында кемінде 227 адам қаза тапқан, бірақ үкімет олардың аты-жөнін әлі күнге жариялаған жоқ. Қаңтар көтерілісі кезінде билік мыңдаған адамды ұстады. Тергеуде азапталғанын айтып жатқандар да көп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені

Шымкентте жаппай наразылық 4 қаңтарда бейбіт түрде басталды. Куәлердің айтуынша, қаңтардың алтысына қараған күні наразыларға оқ атылған. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қаңтар оқиғасы кезінде түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген 120 адамның 73-іне оқ тиген.

Прокуратура қаңтар оқиғасында Шымкентте 19 адам мерт болғанын, соның ішіндегі біреуінің кім екенін анықталмағанын айтады. Қалған 18 марқұмның аты-жөнін билік тергеу құпиясына сілтеп жарияламады. Азаттықтың Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған тізімінде Шымкентте мерт болған 13 адамның аты-жөні бар. Олардың барлығы 6 қаңтарға қараған түні оқ тиіп, мерт болған. Осы тізімдегілердің ең үлкені Нұрлыбек Асылбеков – 41 жаста, ең кішісі Ерлан Аяз – 18 жаста. Қайтыс болғандардың дені үйленбеген, кейбірі кәмелетке толмаған балалардың әкесі. Оққа ұшқандар арасында бірнеше студент бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасында қаза болғандар

Азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін қаңтар көтерілісінде "шамадан тыс күш қолданғаны" үшін сынап, көп адам мерт болған оқиғаны шетелдік сарапшылардың қатысуымен ашық, тәуелсіз зерттеуге үндеген. Президент Тоқаев 29 қаңтарда мемлекеттік телеарнада жарияланған сұхбатында "тергеу жүргізуге өз шамамыз жетеді" деп жауап берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Алаңда оққа ұшты". Шымкентте қыршынынан қиылған қос ғұмырдың сұрауы кімнен?"Видеоға түсіргені үшін жазаламақ". Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін істі болған жетімдер үйінің түлектеріШымкентте "терроризм" бабымен ұсталғандардың туыстары араша сұрайды"Адамның қадірі кеткен заман ба?" Шымкентте қаңтардағы дүрбелеңде жақыны оққа ұшқан шаңырақтардың мұң-зары"Оқ ішіне тиген". Шымкенттегі наразылыққа барған жігіттің қалай қаза тапқаны белгісіз