Оқушылар мектепке барды, бірақ шектеу әлі бар. Офлайн оқуға көшу қалай өтіп жатыр?

№38 мектепте сабақта отырған оқушылар. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Наурыздан бастап Қазақстан мектептерінде сабақты дәстүрлі форматта оқуға ішінара рұқсат берді. Карантинде қашықтан оқуға көшкен шәкірттер қайтадан мектепке барып жатыр. Алайда бір сыныпта ең көп дегенде 25 оқушыға дейін сабаққа қатыса алады. Азаттық тілшісі Шымкенттегі үш ауысымда оқитын бірнеше мектепті аралап көрді.

ОҚУШЫ КӨП, ОРЫН АЗ

Шымкенттің 18-ықшамауданындағы Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназияда оқушылар үш ауысымда оқиды. Білім мекемесінің қақпасынан кіргеннен бастап карантин талаптарын орындауға үндеген жазулар ілінгенін көрдік.

Мектеп ауласына қойылған дезинфекция өткелі жұмыс істемейді екен. Мектепке кіреберісте кезекші мұғалім мен мейіргер келген әрбір адамның дене қызуын арнайы құралмен өлшеп, тексеріп тұр.

Мектепке келген оқушының дене қызуын тексеріп тұрған мейіргер. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Дәліздің бір шетінде қайнаған су қойылған. Мектеп ішінде келе жатқан адамға әр жерден оқушыларға сабақ түсіндіріп жатқан мұғалімнің дауысы естіледі.

Сыныпта оқушылар қашықтық сақтап, бетперде тағып отыр, әрқайсысының алдына сұйық антисептик тұр. Кей мұғалім медициналық қолғап киіп алыпты.

№38 мектептің жоғарғы сынып оқушылары волейбол ойнап жүр. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Дене шынықтыру сабағында бетперде тақпаған оқушыларға кезекші мұғалім ескерту айтты.

Мектеп ішінде балалар бұрынғыдай у-шу болып, асыр салып, топтасып ойнап жүрген жоқ. Оқушылар асханасы жабық тұр.

Коронавирус пандемиясына байланысты жабық тұрған мектеп асханасы. Шымкент, 3 наурыз 2021 жыл.

№38 мектеп-гимназия директоры Айман Жүсіпованың Азаттыққа айтуынша, 1176 оқушыға арналған мекемеде қазір 2747 шәкірт білім алады.

– Гимназиядағы 89 сыныптың сегізінде 25 оқушыдан бар, қалған сыныптың кейбірінде оқушы саны қырыққа жетеді, – дейді Жүсіпова.

№58 мектептің оқушылары сабақта отыр. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Оның сөзінше, коронавирус пандемиясына байланысты карантин кезінде жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушылары кезекші сыныптарда оқыған. Үшінші тоқсан басталғанда 9 және 11-сынып оқушылары сабаққа шыққан. Қалған сыныптарда оқушы қашықтан білім алады.

– Мектепке келіп оқуға ынталы оқушы көп. Бірақ бала саны 25-тен аспауы керек деген шектеу бар. Ал бізде, мысалы, бастауыштағы 38 сыныптың төртеуінде ғана 25 оқушы бар. Қалғанында одан көп. Қазір кімдерді мектепте оқыту керегін талқылап жатырмыз. Созылмалы ауруы бар баланың мектепте оқуына дәрігер рұқсат бермесе, онда мектепке келмейді. Бұған қоса кей ата-аналар онлайн оқуды сұрап отыр, – дейді директор.

№58 мектептің кіреберісінде ілулі тұрған сабақ кестесі. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

"МЕКТЕПТІ САҒЫНДЫҚ"

Оқушылар үш ауысымда оқитын тағы бір білім ошағы – Қайтпас-1 ықшамауданындағы №58 мектепте көптен бері байқалмаған абыр-сабыр тіршілік сезіледі. Бала жетектеген ата-ана, мектепке кезекпен кіріп жатқан оқушылар мен ары-бері жүрген мұғалімдердің қарасы көбейген.

Мұнда да карантин талаптарын ескерткен жазу ілінген. Мектепке кіреберісте арнаулы антисептик тұр. Бұл мектепке де залалсыздандыру өткелі қойылған, бірақ ол істемейді.

№58 мектеп сыныбындағы залалсыздандыру заттары. Шымкент, 2 наурыз 2021

Мектепке оқушылардан басқа адамды кіргізбейді. Сыртта баласын мектепке әкелген я әкетіп жатқан ата-аналардың көбі бетпердесіз жүр.

Білім мекемесінің директоры Бейсен Алтаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, жаңа және ескі ғимаратын қосқанда 1700 адамға шақталған бұл мектепте 3200-ден астам оқушы бар. Басшы мектепте бала саны көбейіп, оқу бөлмесі жетіспеген соң, демеушілер көмегімен мектептің бес фойесі мен мәжіліс залынан сегіз оқу кабинеті жасалғанын айтып берді.

№58 мектеп директоры Бейсен Алтаев оқу өтіп жатқан сыныпқа келіп тұр. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

– Карантин кезінде басталған қашықтан білім беру оқушыны айтпағанда мұғалімнің өзіне де ауыр тиді. Интернет желісі нашар, жиналыстарға қосыла алмай біраз әуреге түстік. Қашықтан оқыту тиімсіз болды. Балалардың білім сапасы төмендеді. Балаға онлайн оқу мектепке келіп білім алғандай болмады. Міне, бүгін той болғандай күйде отырмыз. Дегенмен ата-анада әлі де болса қорқыныш, үрей бар. Әр сыныпта 2-3 баладан сабаққа келмей жатыр, – деді мектеп директоры.

Алтаев оқу жылының басынан бері қашықтан оқып үйренген баланың мектепке келіп, жаңа талаптарға үйренуі оңайға соқпайтынын айтады. Бұған дейін 15 баладан бөлініп, кезекші сыныпта оқып жүрген шәкірт күнделікті бетпердесін ұмытпай тағып, мектепке кіргеннен антисептикпен қолын тазалауға дағдыланған болса, мектепке келмеген бала дәлізде дене қызуын тексеріп тұрған адамға таңырқай қарайды.

№115 мектептің дәлізінде жүрген оқушылар. Шымкент, 3 наурыз 2021 жыл.

Ал қазір қайтадан бірге оқып жатқан оқушылардың бірін-бірі сағынғаны байқалады. Арасында "Мектепке келіп оқығанымыз қандай жақсы!" деп қуанып жүргендері де бар.

– Оқушылар бір жылдан бері бірге отырып, сабақ оқымады ғой. Карантин кезінде мектепте бала аз, тып-тыныш еді. Бүгін балалар келгенде мектепке жан кіргендей болды. Мұғалімдер балаларды бірінен соң бірі алып кетіп, сыныпқа кіргізіп жатыр. Абыр-сабыр болдық та қалдық. Карантинсіз, алаңсыз шулап жүрген күндерімізді сағындық, – дейді директордың орынбасары Айгүл Тұрлыбаева.

Азаттық тілшісі бірнеше сыныпқа кіріп, сабақтың қалай өтіп жатқанын көрді. Бетперде таққан әр баланың партасында кітап, қағаз, қаламмен бірге антисептик, сулы орамал бар. Сыныптың бір шетінде қайнатылған су қойылған. Оқушылар бұрынғыдай біркелкі мектеп формасын емес, әркім әртүрлі киінген.

№58 мектептің 2-сынып оқушылары сабақта отыр. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

– Балалар, мектепті сағындыңдар ма? – деді мектеп директоры 2-сыныпқа кіріп. Барлық оқушы "Иә!" деп жамырай жауап берді.

– Үйде оқыған жақсы ма, мектепте ме? – деді директор. "Мектепте" деді балалар тағы да бірге дауыстап.

№38 мектепте қайнаған су ішіп тұрған оқушылар. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Сынып жетекшісі оқушылардан мектептегі сабақ пен үйде оқығанның айырмашылығын сұрады. Балалардың бірі "үйде апайды көрмеймін, сабақты түсінбеймін" деді. Енді бір шәкірт "тақтаға шығып, сабақ орындай алмаймын" деді. Оқушылар қолын көтеріп, мұғалімнің сауалына бірінен соң бірі жауап беріп жатты.

– Онлайн оқығаннан мектепте оқығанның айырмашылығы көп. Үйде бала сабаққа мектептегідей зейін қоя алмайды. Мысалы, мектепте оқушы тақта алдына шығады, білмеген сұрағына жауап алады, біреуі сабақ айтса, бірнеше оқушы оны тыңдайды. Мұның бәрі баланың білім сапасына әсер етеді, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Есенкүл Көшерова.

№58 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Есенкүл Көшерова тақтаға жазып жатыр. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Мектеп ауласында бірнеше ата-ана баласын күтіп отыр екен. Олардың бірі Бақытгүл Құрамышова қызының мектепке барамын деп асыққанын айтты. Оның үлкен қызы мектепке дейінгі даярлық тобында оқиды. Карантин кезінде енді ғана әріп таныған қызы жазу, сызудан қиналыпты. Бір айдан бері сабаққа келіп, оқып, біраз нәрсе үйренген.

– Бала болған соң ойнайды, еркелейді. Үй мектептей емес қой. Бала оқудан қалады, – Бақытгүл Құрамышова.

№38 мектепте сабақта отырған оқушылар. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

"300 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТЕ МЫҢНАН АСА БАЛА ОҚЫП ЖҮР"

Жергілікті білім басқармасының мәліметінше, Шымкентте 151 мектеп бар. Оның алтауы дарынды балаларға арналған, бесеуі – арнайы мектеп және төртеуі – кешкі мектеп. Жекеменшік мектеп саны 34-ке жеткен. Мемлекеттік мектептердің 14-і үш ауысыммен оқуға көшкен. 22-інде бала саны шамадан тыс көп екені айтылады.

№38 мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп тұрған мұғалім. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Үш ауысымда оқытатын мектептердің қатарында Таскен ықшамауданындағы тоғыз жылдық №115 мектеп те бар. Мектеп директорының орынбасары Данияр Кірбасовтың айтуынша, білім мекемесінің ашылғанына екі жыл болған.

300 орынға шақталған мектепте мыңнан астам бала оқиды. Карантин кезінде мектепте 1-5 сыныптар ғана оқыған. Бір сыныпты екі кезекші сыныпқа бөліп оқытқанда мектепте бос сынып қалмаған.

№38 мектептің кіреберісінде қолын антисептикпен тазалап тұрған оқушы. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

– Егер оқушылардың бәріне оқуға рұқсат етсе, онда мектепке бала сыймайды. Кабинет жетпейді, – дейді директордың орынбасары.

Үш ауысымда оқитын мектептерде бала өте көп болғандықтан оқу кабинеті жетіспейтінін қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да біледі. Оның айтуынша, бұл мектептерде 6-7-8 сынып және 10-сынып оқушылары қашықтан оқуды жалғастырады. Ал қалған мектептерде барлық оқушының мектепке келіп оқуына рұқсат етіледі.

№115 мектептен сабақтан қайтып бара жатқан оқушылар. Шымкент, 3 наурыз 2021 жыл.

Білім басқармасы басшысы үш ауысымды және бала саны көп мектептер мәселесін мемлекеттік және бюджеттен адам басына есептеп қаржыландырылатын жекеменшік мектеп ашу арқылы шешуге болады дейді.

– Қалада бірінші сыныпқа баратын бала көбейген. Оған қоса үш ауысымды мектеп санын ата-аналар қолдан жасап жатыр. Білім сапасы жақсы деп танылған мектепте оқыту үшін баласын алыстан таситындар бар. Бұдан кейін ол мектептерге бала қабылдауда белгілі бір шектеу қойылады, – дейді басқарма басшысы.

2017 жылы Шымкентте үш ауысымды мектеп саны үшеу болған. 2018 жылы олардың саны 19-ға жетіп, 2019 жылы 15-ке түскен. Ал елде коронавирус пандемиясына байланысты карантин жарияланып, оқушылар қашықтан білім алуға көшкен 2020 жылы қаладағы 22 мектепте бала саны көбейген.

№38 мектепте қабырғаға Қазақстанның ресми рәміздерімен бірге елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті ілінген. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысына сай, 1 наурыздан бастап елдегі мектепке даярлық тобында, 300 оқушыға дейін контингенті бар жалпы білім беретін мектепте дәстүрлі форматта сабақ оқыту басталды. Бірақ сыныпта 15 оқушыдан аспауы керек.

Ал кезекші сыныпта, 1-5 сыныптарда, халықаралық мектептерде – ата-ананың қалауы бойынша оқушы саны 15-тен аспайтын сыныптардың толық жиынтығын ескере отырып жүргізіледі.

№38 мектептің жоғарғы сынып оқушылары сабақта отыр. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Оқу бітіретін 9 және 11-сыныптар оқушылары аралас түрде, яғни апта ішінде сабақтардың 70 пайызын мектепте, 30 пайызын қашықтан оқиды. Бір сыныпта 15 оқушыдан артық адам болмауы тиіс әлеуметтік қашықтық сақтап сабаққа қатысады. Бұған қоса, мектепке келушілер санитария талаптарын қатаң сақтауға міндетті.​