Жылда болатын тасқынның кезекті әлегі. Елден кешірім сұраған билік бизнеске алақан жайды

Your browser doesn’t support HTML5

Тасқыннан елде 13 мыңдай адам эвакуацияланды. 1 сәуір, 2024 жыл.

Тасқын судың ортасында қалған жеңіл көліктің төбесінде бір адам аяғын салбыратып, тұнжырап отыр. Ол мәшинесін шығару қиын екенін әрі оны таяуда ғана несиеге алғанын айтып торығады. Тағы бір адам бәйгеге қосып жүрген жылқысы суға батып өлген сәтін TikTok әлеуметтік желісінде жариялады. Жағаға жетемін деп жанталасқан жануардың әлсіреп барып суға батып кеткені көрінетін видеоға ол "әке, Ханторыны құтқар!" деген баласының дауысын қоса жүктеген. Оннан астам облысты қарғын су басқан Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушылар осы тәрізді видеолар жариялап, орасан зор шығынға батқанын жазып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі қауіп әлі сейілмегенін хабарлады.

ТАСҚЫНМЕН КҮРЕСУГЕ ШАРАСЫЗДЫҚ. БИЗНЕСКЕ ТАҒЫ ҚОЛ ЖАЮ

1 сәуір күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарғын су салдарын жою және тасқынға қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысында кейінгі 30 жылдағы ең ірі су тасқынын алдын ала болжау мен оған дайындық жұмыстарына атқарушы билік дайын болмай шыққанын мойындады.

"Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа-райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған" деген Тоқаев. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев су тасқынынан төнетін қауіп әлі сейілмегенін, қолда бар ресурстарды барынша жұмылдыру қажет екенін айтқан.

"Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет", – деген президент.

Көктемгі қарғын су төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті

Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетуді тапсырды.

– Бұл мақсатқа үкімет пен әкімдіктердің резервін ғана емес, "Қазақстан халқына" қорының қаржысын да пайдалану қажет, – деген президент "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер, бизнес өкілдері халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенетінін айтқан.

Тоқаев үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын декларативтік сипатқа ие деп сынап, тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктеді.

"Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет" деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Көктемде су көп, жазда су жоқ. Қазақстанды тасқын мен қуаңшылықтан құтқаратын технология бар ма?

Дүйсенбі күні жергілікті басылымдар Қазақстандағы кейбір жеке меншік компаниялар мен бизнесмендер тасқыннан зардап шеккендерге көмек ақша бөлгені туралы ақпарат таратты. Мысалы, "Астана Моторс" компаниясы 500 миллион теңге, Forbes Kazakhstan басылымының елдегі ең бай адамдар тізіміне енген бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Болат Өтемұратовтың қоры 680 миллион теңге аударған.

Қазақстан президенті елдің көп бөлігін әбігерге салған су тасқыны мен оның салдарын жою жөнінде кейінгі екі күнде осымен екінші рет үкімет мүшелері мен облыс әкімдерін жинап жиын өткізді. Өткен сенбі күні Қытайдан іссапардан орала сала шұғыл кеңес өткізген Тоқаев тасқыннан зардап шеккен халықтан кешірім сұрап, министрлер мен облыс әкімдеріне сөгіс жариялап, ескерту жасаған еді. Ол сынға алған үкімет мүшелерін бұдан екі айға жуық уақыт бұрын ғана қызметке өзі тағайындаған болатын. 6 ақпанда жаңа үкіметтің бірінші кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде ол бұрынғы кабинет кезінде "реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кеткенін" айтып, "жұмысқа жаңа серпін керек" деп мәлімдеген.

11 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Ресми мәлімет бойынша, қазір 10 облысқа қар суы қатер төндіріп тұр. Бірнеше қала мен ауданда жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланған. 40 автожолды су алған. Бұдан бөлек қираған көпірлер де бар.

Тасқын салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың 31 наурыздағы ақпараты бойынша, Қазақстанда су басқан елді мекендерден 11,3 мыңнан астам адам эвакуацияланған, олардың 5 мыңнан астамы уақытша пунктерде тұрып жатыр. Су алған өңірлерде тұратын халық жылда қайталанатын тасқынға тағы да дайын болмады деп билік орындарын сөкті.

Your browser doesn’t support HTML5

Қоянды халқы қарғын судан қалай құтыларын білмей дал

31 наурызда Атырау облысы Қызылқоға ауданында төтенше жағдай жарияланды. Арнасынан асқан Ойыл өзені аудан орталығы Миялы ауылына қауіп төндіріп тұр. Төтенше жағдайлар қызметкерлері ауыл халқын эвакуациялаған.

Қарағанды облысы Шет ауданында да төтенше жағдай режимі жарияланды. Онда бірнеше ауылға қар суы жайылған.

Демалыс күндері Абай облысы Көкпекті ауданында да жағдай қиындады. Азаттыққа хабарласқан Биғаш, Көкжайық ауылдарының тұрғындары үйіне су кіргенін айтып, видеолар жолдады. Абай облысы әкімдігі Instagram әлеуметтік желісінде "Биғаш ауылында судың алдын алу шаралары жүргізілді, үйлерді су басу қаупі жоқ" деп жазды. Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары "Су басып кеткеннен кейін жүргізілетін қандай алдын алу шарасы ол?", "Тұтас ауылды видеоға түсіріңдер, өздерің көрсеткілерің келетін жерлерін ғана көрсете бермеңдер" деп наразы пікірлер жазған. Кейін әкімдік парақшасындағы сол жазбада алдыңғы пікірлер жойылып, пікір жазып қалдыру тетігі өшірілді.

Сенбі күні Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылына да су басу қатері төніп, тұрғындар эвакуацияланды. "Бөгет суды ұстап тұр, алайда су деңгейі бөгеттің биіктігімен теңескен, елді мекенді су басу қаупі туындап отыр" деп жазылған облыс әкімдігінің ақпаратында.

30 наурызда осы Ойыл ауданы Шығанақ Берсиев ауылында тасқын су құрсауында қалған адамдар тікұшақпен құтқарылды. Өткен аптада жүздеген адам айналасын су қоршаған мектепте қалып қойған еді.

Ақтөбе өңіріндегі тасқын: Берсиев ауылы халқы екі күн мектепте көмек күтті

Қазақстан үкіметі тасқын салдарын жоюға 7 мыңнан астам адам жұмылдырылып, су сорғыш құрал, тікұшақ, қайық сынды 2 мыңнан астам техника мен жабдық іске қосылғанын мәлімдеді.

"КӘСІБИ МІНДЕТІНЕ САЙ ЕМЕС"

Тоқаев Қытайға жасаған іссапарынан келген соң, 30 наурызда үкімет мүшелері, президент әкімшілігінің басшылығы және басқа да лауазымды тұлғалармен өткізген кеңесте елді мекендерді су басуына үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмауы себеп деп сын айтқан.

Президент сол жиында кейбір үкімет мүшелері мен әкімдерді "салғырт", "кәсіби міндетіне лайық емес" деп сынап, оларға сөгіс жариялап, ескертулер жасады.

"Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялап, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне сай келмеуіне байланысты ескерту жасады. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстары әкімдеріне қатаң сөгіс берді" деп хабарлады Ақорда 30 наурызда.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанның бірнеше өңірінде қар суы тұрғындарды әбігерге салды

Тоқаевтан сөгіс алған Роман Скляр мен Нұржан Нұржігітов ақпанда бұрынғы үкіметпен бірге отставкаға кетсе де, кейін жаңа кабинет құрамында бұрынғы қызметіне қайта тағайындалған еді.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев төтенше жағдай кезінде осымен екінші рет президенттен сөгіс алып отыр. Былтыр маусымда оннан аса адамның өмірін жалмаған "Семей орманы" резерватындағы өрт кезінде Тоқаев оған "өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" деп сөгіс жариялаған.

Сонымен бірге Тоқаев премьер-министрге өңірлік саясат, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, төтенше жағдай және су ресурстарына жауап беретін бір орынбасар қосып берді. Ол бұл қызметке бұған дейін өзінің кеңесшісі болған Қанат Бозымбаевты тағайындады. Оның алдында Алматы облысының әкімі болған Бозымбаев Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған орталығында жиналған адамдардың алдына шығып, дауыс зорайтқышпен "Тыңда, епт!" деп "сабырға шақырып" айғай салғаны үшін көптің сынына қалған болатын.

ТОҚАЕВ ЕЛДЕН КЕШІРІМ СҰРАП, КЕЗЕКТІ УӘДЕ БЕРДІ

Қазақстан халқы әлеуметтік желіде "жыл сайынғы тасқынға жылда дайын болмаймыз", "орасан зор шығынға баттық" деп шағымданып жатқан тұста кеңес өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев болған жайтқа қынжылатынын айтып, зардап шеккен халықтан кешірім сұрады.

Ол мемлекеттік құрылымдарға шығын мөлшерін анықтауды тапсырды. "Барлық азаматқа көмек көрсетіледі" деп уәде берді.

31 наурыз күні тасқын салдарын жою жөнінде жаңадан құрылған республикалық штабтың алғашқы отырысында тасқыннан болған шығынды қалпына келтіруге және үй салуға қажет қаржы үкімет резерві мен жергілікті әкімдіктен бөлінетіні нақтыланды.

"Кінәлі тұлғалардың барлығы тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Адамдарға келген шығынның бәрі өтеледі. Барлық мәселелерді күні-түні бақылайтын боламыз", – деді республикалық штабқа жетекшілік ететін премьер-министр Олжас Бектенов.

Елек өзені тасығанда су астында қалған үйлер. Ақтөбе облысы, 29 наурыз, 2024 жыл.

Республикалық штабтың алдында болашақта да табиғи апаттардың алдын алу үшін жоспар құру міндеті тұр. Тоқаев 30 наурызда өзіне бағынышты лауазым иелеріне "алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау керек" деп те міндет жүктеген.

Су саласы бойынша сарапшылар үкіметті қар суын жинақтап, сақтайтын уақытша қоймалар әзірлеп, оны жазғы қуаңшылықта ауыл шаруашылығы қажетіне пайдалану үшін ұзақ мерзімді іс атқаруға шақырады.

Тасқын қаупі қашан сейілетіні туралы болжамдар әзірге айтылған жоқ. Агросарапшылар алдағы уақытта өзендердің мұзы толық ерімеген Солтүстік Қазақстан облысында және жауын-шашыннан су тасуы мүмкін оңтүстік облыстарға қатер төнуі мүмкін дегенді айтады. Мәжіліс депутаттары кей аудандарына 2 метр қар түскен Шығыс Қазақстан облысында да жағдай күрделі дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тендер ойнатылды, арық бітелген күйі жатыр. Семейді неге су басты?