Forbes тізіміндегі 7 "қазақ", Маминнің портреті және Сирия мен Шыңжаңнан оралғандар

Маскасында Қазақстан туы бейнеленген ер кісі. Көрнекі сурет.

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Құлыбаевтар, Өтемұратов, Ким және 3 дебютант. Forbes тізіміндегі Қазақстан байлары

Америкалық Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдардың дәстүрлі тізімін шығарды. Оған Қазақстаннан жеті адам кірген және олардың байлығын қосқанда 22 миллиард доллар шығады. Үшеуі танымал тізімге алғаш рет қосылып отыр.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың байлығын Forbes 5,6 миллиард долларға (әрқайсы 2,8 миллиард доллардан) бағалаған. Бір жыл ішінде бұл екеудің капиталы өспеген де, түспеген де. Ерлі-зайыпты тізімде 1111-орынға жайғасқан. Күйеу мен әйелдің байлығын жеке-жеке емес, бірге есептегенде олар 496-орыннан көрінер еді.

Forbes тізіміндегі ескі және жаңа миллиардерлер туралы басқа не белгілі? Жауабы мақалада.

Асқар Мамин. Ақорда мен "Кітапхана" арасындағы премьер

Президенттер ауысса да, жаңа мәжіліс сайланса да, елде коронавирусқа байланысты дағдарыс болып, наразылық күшейсе де орнынан кетпеген бір шенеунік бар. Ол – премьер-министр Асқар Мамин. 2019 жылы Назарбаев президент кезінде орнына тағайындап кеткен Мамин журналистер алдына көп шықпайды. Есімі "Қазақстанның даңқ кітабына" кірген премьердің үкімет басқару қабілетіне күмәнданатындар бар. Мақаланы оқи отырыңыз.

Тоқаев Цойға, Цой халыққа сілтейді. Індеттің қайта өршігеніне кім кінәлі?

1 сәуір күні Covid індетіне қарсы күрес шараларына арналған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цойға жағдай реттелмесе, қызметінен кететінін ескертті.

"Сәуірдің соңына дейін жағдай түзелуі керек. Әйтпесе көңілдеріңе тиетін кадрлық шешім қабылдаймын. Бұл министрге ғана емес, үкіметке де қатысты", – деді денсаулық сақтау министріне қарап сөйлеген Тоқаев.

Журналист Сергей Дуванов Қазақстандағы коронавирусқа қарсы күрес "жүйенің қабілетсіздігін көрсетті" дейді.

– Кез келген мемлекетте, әсіресе, біздің елде бірінші деңгейлі басшы төбесін көрсетпесе, шенеуніктер орнынан қозғалмайды. Енді президент таңғалып, "денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істемейді" деп отыр. Бәрі орынды, бірақ жұмыстың дұрыс жүрмеуіне бірінші кезекте президенттің өзі кінәлі. Жауапты да сол кісіден алу керек. Енді біздікілер вакцинаны жедел түрде кез келген бағада сатып ала бастайды. Бұған жоғарыдан рұқсат берілді. Бюджеттен бөлінген қаржының бір бөлігін жымқырады. Бізде онсыз болмайды ғой. Бірақ олар не сатып алады?! Ең қорқыныштысы да – осы. Қазір шенеуніктер президенттің тапсырмасын орындаймыз деп әбігерге түсіп, миллиардтаған қаржыны түкке тұрғысыз нәрселерге жұмсайды. Олар басқаша істей алмайды, – дейді Дуванов.

Толығырақ...

"Ақ жол" билік партиясына қалай айналды?

2001 жылдың күзінде Қазақстан өкіметіндегі бір топ лауазымды қызметкер мен бизнесмен елдегі саяси-экономикалық ахуалды өткір сынап, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысын құрды. Бұл – Қазақстан тарихындағы үкімет мүшелері биліктен тобымен кеткен алғашқы оқиға еді. Сол кездегі премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев оппозицияға кеткен Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақияновты, вице-премьер Ораз Жандосовты және бұрынғы министр Мұхтар Әблязовті "киндер-сюрприздер" деп атады және сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан ҚДТ-қосылған лауазымды тұлғаларды қызметінен алуды сұрады.

2002 жылы бұрынғы вице-премьер Ораз Жандосов, бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Әлихан Байменов және бұрынғы депутат Болат Әбілев ҚДТ-дан бөлініп шығып, "Ақ жол" партиясын құратынын мәлімдеді. Олар "Ақ жол" партиясы "радикал оппозиция емес, билікпен келісімге келе алатын конструктивті саяси күш болады" деп жариялады. Оған бизнес пен қаржы салаларында, биліктің түрлі сатыларында лауазымды қызмет атқарған тұлғалар қосылды.

Толығырақ...

"Халық саны аз деу – сылтау". Ресейге көшкен тілшінің қазақ баспасөзі туралы пайымы

Ресейлік "Новая газетаның" тілшісі Вячеслав Половинко Азаттықтың "Диалогтар" жобасына қатысып, қазақстандық журналистиканың не себепті жаңалықтармен шектеліп қалғанын, саяси жүйесі ұқсас Ресейдің басылымдарында кездесетін сараптама мен мысқылға құрылған материалдар бізде неге жоғын айтып берді.

Сұхбаттан үзінді:

Азаттық: Оқырмандар мен журналистердің көбі қазақстандық журналистика туралы пікіріңізді тәкаппарлық деп қабылдап, "Слава Қазақстаннан кетіп, қазақстандық басылымдарға Кремльдің биігінен қарап, өзінің қайдан шыққанын ұмытып кетті" деп ойлауы мүмкін.

Вячеслав Половинко: Қайдан шыққанымды ұмытпаймын. "Новая газетада" Қазақстандағы жағдайға жиі назар аударып, қазақстандық ақпарат құралдарын көбірек оқи бастағанымызды жетістігім деп білемін. Бірақ бұрын көңілімнен шықпаған, қазір де ұнамайтын дүниелерді патриоттық сезіммен еске алуым керек пе? Қазақстандық журналистика жаман емес, ол тек шетелдік журналистикадан бөлек деп ойлаймын. Қазақстан журналистикасының алдында әлемді өзгерту міндеті емес, күнкөру міндеті тұр. Қазір журналистердің қарсылық деңгейі төмендеген. 2000-жылдары журналистер мемлекеттің қысымына қарсы шығуда белсенді болатын. Қазіргі наразылық Facebook-тегі жазбадан әрі аспайды. Әрине, ешкімді митингіге шығуға шақырып жатқаным жоқ. Бірақ нақты позиция, мемлекетпен қарым-қатынаста айтқанынан қайтпайтын қайсарлық керек.

Ресей журналистикасында өз ішінде болып жатқан сұмдықтарға (пропаганданы меңзеп отырмын) қарамастан, белгілі бір қауымдастықтың мүшесі екеніңді сезінуге болады. Ал мұнда әркім өзі үшін ғана жауап береді.

Толығырақ...

"Күшім таусылып, үмітім үзілді". Бес баласымен Сириядан оралған әйелдің хикаясы

Қазақстанда Жазира мен күйеуі қарапайым өмір сүрген, жас отбасының өз баспанасы болмаған. Күйеуі табысы отбасын асырауға жетпейтінін түсінсе де, әйеліне білім алып, жұмыс істеуге рұқсат бермеген. Ол бірінші рет Сирияға кеткенде Жазира балаларымен бірге елде қалған. Күйеуі бір айға жуық уақыт байланысқа шықпай, кейін Түркиядан хабарласып, жолға жиналуды тапсырған. Күйеуінің достары шетелге шығатын құжаттар жасап, билет сатып алуға көмектескен. Жазира отбасымен бір ай Түркияда тұрған. Кейін күйеуі отбасын тастап, Сирияға кеткен. Бірақ әйеліне "Египетке бара жатырмын" деген. Бұл 2013 жылы болған.

– Сирияға баратынымызды кейін айтты. "Ол жақта мұсылмандарға қысым көрсетіп жатыр, соларға қарсы соғысу керек" деп көндіруге тырысты. Барғым келмеді, "үйге қайтайық" дедім. Ол "үй шаруасымен айналысып, балаларға қарап, қауіпсіз жерде отырасың" деп уәде берді. "Біраз уақыт тұрып көр, ұнамаса, қайтып кетесің" деді. Сирияға кетерден бұрын Түркияда тұрған кезімізде көп әйелді көрдім. Біз барған қонақ үйде Қазақстаннан келген 15 әйел болды. Олардың бәрі қажет заттарын, дәрі-дәрмегін алып жолға дайындалып жатты. Сирияға бірінші ерлерді, кейін бізді жіберді. "Артқа қайтар жол жоқ" деді. Шекарадан еш қиындықсыз өттік, – дейді Жазира.

Мақаланы оқи отырыңыз.

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды

Шыңжаңдағы туысын Қазақстанға қайтаруды талап етіп, ұзақ уақыттан бері наразылық өткізіп жүрген Алматы тұрғыны Фарида Қабылбектің күйеуі Рақыжан Зейнолла 9 сәуірде таңертең Қытайдың Чэнду қаласынан Алматыға ұшып келді. Әуежайда оны отызға жуық адам күтіп алды.

Араға 17 жыл салып оралған Рақыжан Зейнолланы Алматыда қалай қарсы алды?

Рақыжан Зейнолланы кеден қызметінің өкілдері ұзақ ұстап, жолаушылардың соңынан шығарды. Бұған жұрт наразы болды.

Ақыры таңертеңгі сағат 8 жарым шамасында Рақыжан Зейнолла әуежайдың бақылау-өткізу пунктінен өтті. Осылайша ұзақ жыл бір-бірін көрмеген отбасы мүшелері кемсеңдеп қауышты. Оларды көрген жұрт көзіне жас алды.

– Елге жеткеніме қуаныштымын. Екі елдің достығы мәңгі жасай берсін. Туыстарың шығады. Вирус ұстап тұр. Бәріңнің туыстарыңды жібереді, – деді ол жиналғандарға.

58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысына келіп тұрған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан. Туыстарының айтуынша, "тыңшы" деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамаған. Түрмеден шыққан соң саяси лагерьде бір жарым жыл отырған. Лагерьден кейін үйқамақта болған.

Your browser doesn’t support HTML5

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды

Оралға көктем батпақпен келеді. Бәрі білетін, бірақ ешкім шешпейтін мәселе

Татьяна Смирнова жеке сектордағы Светлая көшесінде тұрады. Үлкен мөлтекаудан болғанымен, мұнда асфальт төселген көшелер аз. Көктемде топырақ жолмен жүру қиын: көшеде асфальт болмаған соң, балшық пен қар суынан түзілген батпақ аяққа жабысып, аттап бастырмайды. Мөлтекаудан тұрғындарына түнгі аяз бен жылы күн ғана көмектеседі: суықтан артық ылғал қатып, көше біртіндеп құрғай бастайды.

– Көшемізде дүкен не автобус аялдамасы жоқ. Московская көшесіне бару керек. Арасы бір квартал ғана болғанымен, ол жаққа жету мүмкін емес: белуардан келетін батпақ пен көлшік суды айналып өту қиын. Емханаға жету үшін үйден ерте шығу керек. Жер құрғап қалса да, мұндай кезде үйден шықпауға тырысамыз, – дейді зейнеткер.

Толығырақ...

Нұр-Сұлтан іргесіндегі ауылды су басты

Нұр-Сұлтан іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары кешелі бері еріген қар суымен алысып әлек. Айтуларынша, кем дегенде 10 үйге лай су кіріп, жиырма шақты аула мен қора-қопсық көлкіген судан зардап шеккен. Жұрт әкімдіктен көмек жоғын, тасқын сумен өз күшімен күресіп жатқанын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Нұр-Сұлтан іргесіндегі ауылды су басты