Кішкентай үй, ескі жиһаз, сапасыз білім. Қазақстандағы жүздеген шағын мектептегі оқудың жайы қалай?

Қызылжар ауылындағы шағын жинақты мектептің 4-класс оқушылары сабақта отыр. Сайрам ауданы, Түркістан облысы. 28 сәуір 2021 жыл.

Сайрам ауданы Сарыарық ауылындағы Х.Әдебеков атындағы №72 мектепің ауласында жүрген оқушылар.Бір мектепте – оншақты бала, біріктірілген сыныптар, екі-үш мұғалім. Оқушы спортзал, асхана, пән кабинеті мен мультимедиа құралы дегенді көрмеген, үйірмеге бармайды, жиындар дәлізде өтеді. Қазақстанда осындай шағын жинақты жүздеген мектеп бар. Мұндай мектепте білім сапасынан өзге де күрделі проблема көп. Мұғалімдер "басқа амал жоқ" десе, сарапшылар шағын мектеп мәселесін шешудің түрлі жолын ұсынады.

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қызылжар ауылында бар-жоғы елу шақты отбасы, мектеп жасындағы 54 бала бар. Олардың 21-і ауылдағы 4 бөлмелі ескі мектепте оқиды.

Қызылжардағы шағын мектептің салынғанына 30 жылдан асқан. Ауласына асфальт төселмеген. Тас пен қара топырақ араласып жатыр. Көлемі шамамен 150 шаршы метр мектептің іргесі шөге бастаған. Ескірген шатырына Қазақстан туы ілінген. Қабырғадағы тақтайшаға мектеп атауы жазылған.

Мектепте төрт бөлме бар. Мұғалімдер бөлмесінде балалармен жұмыс істейтін психолог та отырады. Мектептің жиһазы ескі, едені шіріген. Аула мен дәлізден бала дауысы естілмейді. Бірінші ауысымда 2-3 сыныпта оқитын 8 оқушы мен оларға сабақ беретін 2 мұғалім жүр. 1-сынып оқушылары мен мектепалды дайындық тобы түстен кейін оқиды. Бала саны жетпеуіне байланысты 4-сынып жабылған.

Қызылжар ауылындағы шағын жинақы мектепте төрт бөлме бар. Түркістан облысы Сайрам ауданы, 28 сәуір 2021 жыл.

Мектеп мұғалімі Раушан Демеубаеваның айтуынша, мұндай азын-аулақ бала оқитын шағын мектептің проблемасы көп, ең бастысы – бала үлкен ортаға психологиялық тұрғыда дайын болмайды.

"МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАРДЫ ДӘЛІЗДЕ ӨТКІЗЕМІЗ"

Бала саны аз, кей сыныптары біріктіріп оқытылатын мұндай білім орны "шағын жинақты мектеп" деп аталады. Түркістан облысындағы 918 мектептің 138-і – осындай, соның ішінде 51-і – тек бастауыш, қалғаны – 9 не 11 жылдық мектептер. Яғни, кей шағын мектепте бала 11 жыл бойы білім алып, бітірген соң үлкен өмірге аттанады. Мұндай мектепті тәмамдаған балалардың көбі жоғары оқу орнына түсе алмай қалып жатады.

Мектептегі оқушылар ережесі. Қызылжар ауылы, Түркістан облысы, 28 сәуір 2021 жыл.

Қызылжардағы 21 бала оқитын мектептің басындағы проблеманың көбі бұлардың барлығында бар: ескі ғимарат, сапасыз білім, құралдардың жоқтығы, мұғалімнің жетіспеуі, үлкен ортаның болмауы.

Балалар үйірмеге, қосымша курстарға бару үшін басқа ауылға сенделуге мәжбүр. Ол ауылдар Қызылжардан бірнеше километр шалғайда жатыр.

Сайрам ауданы Сарыарық ауылындағы 100 балаға шақталған Х.Әдебеков атындағы №72 мектепің 9 сыныбында 68 бала оқиды.

Сайрам ауданы Сарыарық ауылындағы 100 балаға шақталған Х.Әдебеков атындағы №72 мектепің 9 сыныбында 68 бала оқиды.

Сарыарық тұрғыны Балжан Нұрқожаеваның төрт баласы осы 9 жылдық мектепті бітіріп, кейін колледжге түскен. Кенже қызы – 6-сынып оқушысы. Оның пікірінше, мектеп заман талабына сай емес: бөлмелер тар, жиһаз ескі, өркениетке тән технология аз, интернет жылдамдығы да баяу. Компьютердің өзі карантин кезінде ғана жаңартылыпты. Демеушілердің есебінен кей сыныптың жиһазы жаңаланған.

Балжанның қызы көрші ауылда ашылған ағылшын тілі курсында ақылы оқып келген. Алайда оқу ақысы қымбат болған соң бала саны азайып, курс жабылып қалыпты. "Көп нәрсе үйреніп едік" деп күрсінеді анасы.

Ауылда 300-дей отбасы тұрған, қазір 60 шақтысы ғана қалыпты. Мектеп кішкентай, жұмыс жоқ болғандықтан, жұрттың көбі Шымкентке көшіп кеткен.

– Балаларымыз тым болмаса жаңа партада отырып білім алса дейміз.– дейді Балжан Нұрқожаева.

Сайрам ауданы Сарыарық ауылындағы Х.Әдебеков атындағы №72 мектепің ауласында жүрген оқушылар.

Мектеп бір қабатты екі ғимаратта орналасқан. Бірінің салынғанына 60 жылдан асса, қосымша ғимарат 20 жыл бұрын беріліпті.

Х.Әдебеков атындағы №72 шағын жинақты орта мектептің директоры Арнұр Қанаев.

Директор Арнұр Қанаев Сарыарық мектебі аудандағы көп білім мекемесімен бәсекеге түсе алмайтынын мойындайды. Шағын жинақты мектептер мен типтік мектептерді салыстыруға келмейді деген ол білім мекемесіндегі көп "жоқты" әрі қарай тізе бастады.

Пән кабинеттері жеткіліксіз, шеберхана, зертхана кабинеті, спортзал мен мәжіліс залы жоқ, асхананың орнына буфет жұмыс істейді. Мектепте мультимедиа кабинеті жоқ. Сабақты мұғалімдер теориямен ғана түсіндіреді. Бұл оқушыға практика жүзінде көрсеткендей болмайтынын бәрі біледі.

– Мерекелік шараларды дәлізде өткіземіз. Ата-аналар балаларының қызығын көруге келгенде сыймай қалады. Күн жылынғанда дене шынықтыру сабағын далада өткіземіз. Қыста сыныпта дойбы, шахмат ойнатамыз. Ауылда бокстан, күрестен үйірме ашқысы келетін мамандар бар. Бірақ мектепте оған мүмкіндік жоқ, – дейді директор.

Х.Әдебеков атындағы №72 шағын жинақты мектепің химия және биология пәні кабинетінде отырған оқушылар. Сайрам ауданы, 28 сәуір 2021 жыл.

Сайрам ауданы Оймауыт ауылындағы Төле би атындағы шағын жинақты мектеп директоры Гүлфаридаш Жүністің айтуынша, былтыр мектеп бітірген 9 баланың алтауы ҰБТ (ұлттық бірыңғай тест – Қазақстанда орта мектеп бітірушілер тапсыратын кешенді емтихан) тапсырған. Орташа балл – 58. Бұл – республикалық көрсеткіштен біршама төмен әрі жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік беретін білім гранты конкурсына қатысу үшін жеткіліксіз.

2020 жылы республика бойынша ҰБТ балының орташа көрсеткіші 64,06, ал 2019 жылы – 65,5 балл болған. Былтыр ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-да кемінде 65 балл, ал педагогика мамандықтарына грант байқауына қатысу үшін кемінде 70 балл алу қажет болған.

– Бір оқушымыз 107 балл алды. Балалардың білім көрсеткіші әр жылда әртүрлі, – дейді мектеп директоры.

Оймауыт ауылындағы Төле би атындағы шағын жинақты мектеп. Түркістан облысы Сайрам ауданы, 28 сәуір 2021 жыл.

Оймауыт ауылындағы шағын жинақты мектеп. Түркістан облысы Сайрам ауданы, 28 сәуір 2021 жыл.

ТОҒАЙ АРАСЫНДАҒЫ ТӨТЕ ЖОЛМЕН МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ

Шағын ауылдың мектебіндегі жағдай осындай, бірақ проблема мұнымен де бітпейді. Бастауышты я 9-сыныпты бітірген бала әрі қарай қай мектепте оқиды, онда қалай қатынайды, үлгерімі қандай болады? Осының бәрі – шағын ауылдағы ата-ананы толғантатын, шешімі жоқ сұрақтар.

Сайрам ауданы Қызылжар ауылының 30 шақты баласы шамамен 7 километр жердегі Құтарыс ауылындағы Алтынсарин атындағы мектепке қатынап оқиды. Арнайы бөлінген көлік жоқ, сондықтан балалар күннің ыстық, суығында, жаңбырлатып-қарлатып, кейде тоғай арасындағы төте жолмен мектепке жаяу барып келеді.

Оймауыт ауылындағы Төле би атындағы шағын жинақты мектеп оқушылары сабақта отыр. Түркістан облысы Сайрам ауданы, 28 сәуір 2021 жыл.

Ал Сарыарықтағы мектепалды дайындық тобында 4 бала оқып жатыр. Мұғалімдер мен ата-аналар алдағы оқу жылы 1-сынып ашылмай қала ма деп қауіптенеді. Мұнда 9-сыныпты бітірген оқушылардың бір бөлігі колледжге түседі, енді бір бөлігі көрші ауылдың мектептеріне қатынап, не туыстарының үйінде жатып оқиды.

Көп балалы ана Гүлмира Балкенованың қызы Жайна – 10-сынып оқушысы. Сарыарықтағы 9 жылдық мектепті бітіргелі ол ауылдан шыққан көлікпен 12 километр қашықтағы Қайнарбұлақ мектебіне қатынап оқып жүр.

– Қызымның үлгерімі өте жақсы. Сабақтан қалғысы келмейді. Қатынап оқимын деп қыста қатты қиналды. Қайда, кіммен жүр, бөтен көлікке мінбеді ме деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Мына заманда біреудің үйіне жатқызып оқыта алмайсың ғой, – дейді Гүлмира Балкенова.

Төле би атындағы шағын жинақты мектептегі сабақ кезі. Оймауыт ауылы, Сайрам ауданы, Түркістан облысы, 28 сәуір 2021 жыл.

Түркістан облысы білім басқармасының мәліметінше, облыстың 62 ауылында ғана оқушыларды жақын маңдағы мектептерге көлікпен тасымалдайды.

1-4 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ БІР БӨЛМЕДЕ ОТЫРАДЫ

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептердің басындағы бұл проблеманың бәрін мойындайды. Материалдық-техникалық базадан бөлек, маман тапшылығы да білім сапасына әсер етеді дейді олар.

Қатынап істеу қиын, сағат саны аз, жалдап тұратын пәтер жоқ болған соң бұл мектептерде сабақ беруге маман бармайды. Орыс тілі, ағылшын тілі, химия, физика сияқты пән мұғалімдері жетіспейді.

Қызылжар ауылындағы шағын жинақты мектеп ауласына қойылған қол жуғыш пен әжетханаға баратын жалғызаяқ жол. Сайрам ауданы, Түркістан облысы, 28 сәуір 2021 жыл.

Басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықованың айтуынша, облыстағы шалғай және таулы ауылдарда оқушы саны 10 баладан аспайтын мектептер бар. Басты принцип – бала тұрған жерінен алыстамауы керек.

Басқармадан білгеніміз – тіпті бүкіл ауылда бастауыш сыныпқа баратын 5 бала болса да, бастауыш мектеп ашуға рұқсат етіледі. Онда бірнеше сынып оқушысы бірге оқиды. Мысалы, 1-3 сынып, 2-4 сынып біріктіліп оқытылады. Кей жерде 1, 2, 3, 4-сынып оқушылары бірге оқиды.

– Бұл үшін арнайы педагогтар дайындалады. Оқытудың өз тәсілі бар. Ол мұғалімнің шеберлігіне, білігіне байланысты, – дейді Ардақ Садықова.

Мектеп ауласында отырған балалар. Қызылжар ауылы, Сайрам ауданы, Түркістан облысы, 28 сәуір 2021 жыл.

Оның айтуынша, шағын жинақты мектептер карантин кезінде ғана компьютермен тегіс қамтылған. Интернеті жоқ ауылдар әлі де бар. Бұл мектептерге 1-11 сыныптың мультимедиа дәрістері жүктелген ноутбук берілген. Оқушылар бастауыш сыныпты бітірген соң көрші ауылдардағы мектептерге тасымалданады.

– Ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Пандемия кезінде [білім сапасы] тіпті түсіп кетті. Десе де арасында пән олимпиадасында жоғары көрсеткіш көрсеткендер бар, – дейді шенеунік.

"БАҒДАРЛАМА САНЫ ЕМЕС, САПАСЫНА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК"

Cарапшы Жасұлан Нұрбаевтың зерттеуі бойынша, басқа мектеппен салыстырғанда шағын жинақты мектептерде жоғары санаттағы мұғалім 1,5-2 есе кем, әрі олардың материалдық-техникалық базасы да артта қалған. Мектептерде күрделі жөндеудің, мамандандырылған кабинеттің жоқтығы, интернет жылдамдығының нашарлығы білім сапасына кері әсерін тигізеді. Мысалы, пандемия кезінде қала мектептерінің мұғалімдері онлайн режимде білігін арттырса, шалғай ауылдардың ұстаздары мұндай курстарға қатыса алмаған.

Шағын жинақты мектептегі мұғалімдер бөлмесі. Сайрам ауданы, Түркістан облысы, 28 сәуір 2021 жыл.

– Оқушылардың білім деңгейін тексерудің түрлі жолы бар. Мәселен, 3 жылда бір рет Қазақстанда халықаралық оқушы қабілетін бағалау бағдарламасы (PISA (Programme for International Student Assessment – ред.) аясында арнайы зерттеу жүргізіледі. 2015 жылы ауыл оқушыларының білім деңгейі қала оқушыларынан жарты жылға артта қалғаны анықталды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 жылға ұлғайды. ҰБТ нәтижесіне қарасақ, 2020 жылы ауыл оқушыларының 70 пайызға жуығы 70 балл жинай алмады, – дейді сарапшы.

Жасұлан Нұрбаевтың айтуынша, шағын жинақты мектептер әсіресе Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында көп. Оның себебі – бұл аймақтарда ауыл халқы жаппай Ресейге, не ірі қалаларға көшіп жатыр. Ішкі және сыртқы көші-қон жоғары.

– Конституция бойынша әр бала толық білім алуға құқылы. Шағын жинақты мектеп проблемасын шешу маңызды, – дейді ол.

Қызылжар ауылындағы шағын жинақты мектептің бөлмесінде тұрған оқушы. Сайрам ауданы, Түркістан облысы, 28 сәуір 2021 жыл.

Нұрбаев ауылдағы шағын мектептерді дамытуға арналған бағдарлама саны емес, жұмыс сапасына көңіл бөлу керек дейді. Оның пікірінше, білім сапасын арттыруға арналған бағдарлама көп болғанымен, оның қаншалық пайдалы екені сараланбайды. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы болашағы жоқ ауылдарды қысқартып, ауылдарды ірілендіруді көздейді. Ауылды жою – шағын жинақты мектептерді жабу деген сөз.

Қазақстанда 6500-дей ауыл бар. Оның ішінде 4477 ауылдың болашағы бар, қалғаны жойылуға жатады. "Бағдарламамен келісу қиын. Ауылдар босап қалса, ұлттық қауіпсіздік мәселесі туады" дейді ол.

Шағын жинақты мектепте сабақта отырған оқушылар. Қызылжар ауылы, Сайрам ауданы, Түркістан облысы, 28 сәуір 2021 жыл.

"СЫНЫПТАРДЫ ҚОСЫП ОҚЫТУ – БАЛАЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫН ОЙЫНШЫҚ ЕТУМЕН БІРДЕЙ"

Республикалық Qazbilim орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы шағын жинақты мектептерді біріктіріп, ірілендіру керек деп санайды. 1-4 сынып оқушыларын шағын мектептерде оқытып, қалған оқушылар үшін арнайы мектеп-интернаттар ашу маңызды дейді ол.

– Шағын жинақты мектептерге кадр жетіспейді. Мысалы, физика пәні мұғалімі аптасына 8-9 сағат сабақ беру үшін ауылға бармайды. Барған күннің өзінде ол жерде кәсіби тұрғыда өспейді. Шағын жинақты мектептерді сақтау балаға да, маманға да, экономикаға да тиімсіз, – дейді орталық басшысы.

Қызылжар ауылындағы шағын жинақты мектеп. Түркістан облысы, Сайрам ауданы, 28 сәуір 2021 жыл.

Маманның пікірінше, мектепте бала саны 200-ден кем болса, білім сапасы төмендейді. Баланың табиғаты бәсекеге үйренбейді, сезінбейді, бейімделмейді. 5 бала оқыған сыныптан шыққан бала 40 баланың ортасында оқыған баламен бәсекелесе алмайды. Ал "түрлі жастағы балаларды қосып оқыту – сол сыныптарда оқитын балалардың тағдырын ойыншық етумен бірдей, әр сабақтың өз талабы, игеруге тиіс білім деңгейі бар" дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Оның айтуынша, ішкі миграцияны реттейтін жаңа нормалар қабылданбаса, ауылды былай қойғанда, шағын қалалар мен аудандар босап қалуы мүмкін. Өйткені, ауыл тұрғындары Ұлытау, Жезқазған сияқты қалаларға емес, Нұр-Сұлтан, Алматы не Шымкентке көшіп жатыр. "Мысалы, қазір Атбасар, Арқалық, Екібастұз, Балқаш сияқты қалалар үлкен ауылдар деңгейіне түсті. Ішкі миграцияны реттеудің бір жолы – жаңа тұрпаттағы аудандарды, Түркістан сияқты қалаларды салу" дейді ол.