Шорнақ. Жаңадан ашылған Сауран ауданы орталығының жұпыны тірлігі

Шорнақ ауылына берісте тұрған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі бар жарнаманың қасынан велосипед мініп өтіп бара жатқан адам. Түркістан облысы, Сауран ауданы, 30 маусым 2021 жыл.

Түркістан қаласынан 20 шақырым жердегі Шорнақ ауылы 2021 жылдың наурыз айында Түркістан облысында жаңадан құрылған Сауран ауданының орталығына айналған.

Шорнақ ауылдық окруінде былтыр жазда жергілікті қазақ және өзбек жастары арасындағы кикілжің тәртіпсіздікке ұласып, билік тәртіп орнату үшін полиция арнайы жасағын енгізген еді.

Сауран ауданына Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Жүйнек, Жібек жолы, Иасы, Қарашық, Майдантал, Ораңғай, Үшқайық, Шаға, Шорнақ ауылдық округтері кіреді. Жергілікті халық егін салып, мал өсірумен айналысады.

Үш мыңға жуық тұрғыны бар Шорнаққа "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауыз су құбыры тартылғанына бірнеше жыл болса да әлі күнге су берілмеген. "Бейнеу – Бозой -Шымкент - Қорғас" газ магистралінің бойында жатса да Шорнаққа газ тартылмаған. Ауылдың әлеуметтік нысандары да тозғаны байқалады.

Шорнақ ауылы тұсынан өтетін "Бейнеу – Бозой – Шымкент – Қорғас" газ құбырының компрессоры. Қазақстан бұл құбырмен негізінен Қытайға газ сатады. Әлі күнге газсыз отырған Шорнақ ауылының халқы газ магистраліне қызыға қарайды.

Шорнақ ауылының іргесінен Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік жолы өтеді.

Шорнақ ауылының сыртында жайылып жүрген жылқы.

Шорнақ ауылының шетінен өтетін "Арыс-Түркістан" арнасының бір тармағында аз ғана су бар. 1967 жылы пайдалануға берілген, ұзындығы 194 км болатын арна Арыс және Түркістан деп аталатын екі тармақтан тұрады.

Шорнақ ауылының іргесінен өтетін "Арыс-Түркістан" арнасының бір бөлігінен су жүрмегелі көп болған.

Шорнақ ауылына "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2015 жылы ауыз су құбыры тартылғанымен, су ақпаған. Көшенің әр тұсынан су желісі құдығының қақпағы ғана көрінеді.

Шорнақ ауылында көше атауы латын қарпімен жазылған. Мұндағы кей әріптер латын әліпбиінің кейінгі нұсқаларында өзгеріп кеткен.

Шорнаққа кіреберіске Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың портреті салынған жарнама тұр. Оның арғы бетінен елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті көрінеді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған жарнаманың қасында жайылып жүрген жылқы.

Шорнақ ауылындағы жалғыз стадион.

Шорнақтың орталық көшелерінің біріндегі шөп басқан тротуар.

Шорнақ ауылында совет заманында салынған автобус аялдамасы.

Жаңадан құрылған Сауран ауданы орталығы Шорнақ ауылындағы орталық көше.

Шорнақ ауылы жаңадан құрылған Сауран ауданы орталығы болған соң салына бастаған ғимарат. Жергілікті халық мұны аудан әкімдігіне сырттан көшіп келетін мамандарға арнап салып жатыр деп есептейді.

Шорнақ ауылдық округі әкімінің аппараты.

Жергілікті халықтың сөзінше, Шорнақ ауылы шетіндегі мына егіс алқабының орнына жаңа ғимараттар салынуы мүмкін.

Шорнақ ауылындағы жанармай бекеті.

Шорнақтағы мақта қабылдау пункті.

Шорнақ ауылының шетіндегі теміржол бойын жағалап келе жатқан балалар.

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автокөлік жолын салған кезде Шорнақ ауылының жоғарғы жағынан бірнеше карьер қазып, қиыршық тас алған. Ауыл халқы "карьерлер жер астындағы су жолын өзгертіп жіберді, ауылда құдық суының деңгейі түсіп кетті" деп санайды.

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автокөлік жолын салуға пайдаланылған карьерлер терең сайға айналған. Сайдағы суды кейбір кәсіпкерлер насоспен сорып, егіс алқабын суғаруға пайдаланады.

Шорнақтағы карьерден қазып алынған қиыршық тасты ауылға кіре беріске жинаған. Осы жерден Түркістан қаласында салынып жатқан құрылысқа жөнелтеді.

Шорнақ ауылымен іргелес жатқан Жібек Жолы ауылына кіре беріске "Азаматтық келісім мен ұлтаралық татулық басты мақсатымыз" деген жазуы бар билборд ілінген.

Жібек Жолы ауылының орталығындағы монумент.

Жібек жолы ауылының тұрғындары алқапта қарбыз жинап жүр. Түркістан облысы, Сауран ауданы, 30 маусым 2021 жыл.