"Ұлтаралық келісімнің" қауқарсыз моделі. Қордайдағы жанжал нені аңғартты?

Бұлар батыр ауылының тұрғыны өртенген үйінің ауласында жанып кеткен көліктің қаңқасына қарап тұр. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Жамбыл облысындағы ауылдарда қантөгіспен аяқталған оқиғалар қалай өрбіді? Не себеп болды? Ол туралы өзгелер не дейді? Азаттық тілшілері жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, сарапшылардың пікірін білді.

Жамбыл облысы Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздікке ұласып, он адамның қазасына себеп болған жанжалға байланысты тергеу органдары 25 қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы ақпанның 10-ы күні Сортөбе ауылында өткен брифингіде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев хабарлады.

Оның сөзінше, кылмыстық істер жаппай төбелес, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, адам өлтіру, бұзақылық, билік өкіліне күш қолдану, өзгенің мүлкін жою және заңсыз қару жасау фактілері бойынша қозғалған.

"Президент [Қасым-Жомарт Тоқаевтың] тапсырамасымен бас прокуратурада ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Бұл топ тергеумен айналысады. Қазіргі басты мақсат – ұйымдастырушыларды, жанжалды бастағандарды, арандатушыларды және кінәлілерді табу" деді Сапарбаев.

Бұлар батыр ауылында жүрген полиция қызметкерлері. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Дүйсенбі күні түстен кейін Ақорданың баспасөз қызметі Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалып, премьер-министрдің орынбасары қызметінен босатылғаны туралы хабарлады.

ҚАРА ЖАМЫЛҒАН ОТБАСЫ

Масанчи ауылының тұрғыны 32 жастағы Баху Исыров ақпанның 8-іне қараған түні мерт болды. Марқұмның туысы Халима Исырова шиеттей төрт баласы бар отбасы асыраушысынан айрылып, қайғыдан қан жұтып қалғанын айтады.

- Әйелі төрт баласымен жесір қалды, кенжесі тоғыз айлық. Оларға әкесін кім қайтарады? Неліктен бұдан бейбіт, бейкүнә жандар зардап шегуі керек? Кінәлілерді тауып, соларды жазаламай ма. Жасы келген анам бар, балаларды қалай жұбатарымды, оларға әкесін енді ешкім қайтара алмайтынын қалай түсіндірерімді білмеймін, - дейді өксігін әзер басып, булыға сөйлеген Халима Исырова.

Масанчи ауылы, Қордай ауданы, Жамбыл облысы. 8 ақпан 2020 жыл.

Туыстарының айтуынша, жұма күні ақшам намазынан кейін жергілікті мешіт ауылдың орталығында үйлер өртеніп жатқанын хабарлаған. Өзгелермен бірге сол жаққа кеткен Баху шаңырағына оралмады.

Ақпанның 7-і кешке Қордай ауданындағы жаппай қақтығыстар салдарынан 10 адам қаза тапты, ондаған адам зардап шекті. Аудандағы негізінен этникалық дүнгендер көп тұратын Масанчи, Сортөбе және Ауқатты ауылдарында үйлер мен дүкендер өртенген. Биліктің мәліметінше, жаппай қақтығысқа шамамен 300 адам қатысқан. 30-дан астам үй өртеніп, 23 көлік бүлінген, 15 шақты сауда нысаны қираған.

Халықаралық басылымдар ақпанның 8-іне қараған түні Қордай ауданында болған оқиғаны этникалық қақтығыс деп атады. Орталық Азиядағы көлемі жағынан ең үлкен, әртүрлі ұлт өкілдері тұратын постсоветтік елдегі ұлтаралық келісім мен конфессияаралық татулықты үнемі мысалға келтіретін билік болса оны "тұрмыстық жанжал" деп сипаттады.

Масанчи ауылы, Жамбыл облысы. 8 ақпан 2020 жыл.

Масанчи ауылындағы Чонтейлер отбасы да қара жамылды. 34 жастағы Абдулла Чонтей басынан тиген оқтан қаза болды. Артында төрт баласы, қарт әке-шешесі қалды.

- Көшеде басына оқ тиген. Ол әлі жас болатын, 1987 жылы туған. Науқас, мүгедек ата-анасы, 4 бала қалды. Оларды кім асырайды? Неге біз сорлап қалдық? Кінәміз не? Билік не үшін? Полиция неге қимылсыз отырды? – дейді марқұмның немере ағасы Губар Чонтей.

Масанчи ауылында негізінен ислам дінін ұстанатын этникалық азшылық өкілдері - дүнгендер тұрады. Дүнген тілі қытай-тибет тілдері семьясына жатады. Ақпанның 8-і таңертең тұрғындар облыс әкімдігінен келген шенеунікке түн мезгілінде болған ойранға биліктің тосқауыл қоймағанына наразылығын жеткізді.

- Кеше ауыл халқы үміттенген еді, бірақ әкім бізге келуге жарамады. Бүгін полиция әр бұрышта тұр. Кеше адамдарды өлтіріп жатқанда полиция қайда болды? - деді наразылардың бірі. Бұл сұрақ жауапсыз қалды.

Тұрғындардың сөзінше, ақпанның 7-і кешке ауылға кірген белгісіз ер адамдар тас лақтырып, үйлерді өртей бастаған. Жергілікті тұрғындардың көбі көрші Қырғызстанға қашуға мәжбүр болған. Жұманың кешінде облыстық полиция департаменті "жанжал ауыздықталды" деп хабарлаған болатын. Бірақ тұрғындар полицияның ол хабары шындыққа жанаспайды дейді. Масанчи мен дүнгендер тұратын көрші ауылдарда өрт түні бойы жалғасқан.

Ақпанның 8-і күні Қазақстан билігі Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан тұрғындар арасында қаза болғандар мен зардап шеккендер барын мойындап, жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Кейін ішкі істер министрлігі "адам өлтіру" және "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру" баптары бойынша тергеу басталғаны және ондаған адамның ұсталғаны жайлы хабарлады.

ҚАРАКЕМЕР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАЛАБЫ

Ұсталғандардың бір бөлігі – Масанчи ауылымен көрші орналасқан, негізінен қазақтар тұратын Қаракемер ауылының тұрғындары. Жергілікті халықтың айтуынша, соңғы уақытта екі ауыл тұрғындарының арасында түсініспеушілік күшейген.

- Олар "жер сендердікі, билік - біздікі" дейді. Ақша берсек, бәрін сатып аламыз деп сөйлейді, - дейді өзін Ғани деп таныстырған Қаракемер ауылының тұрғыны.

Масанчи ауылына баратын жолды жауып тұрған полиция жасағы. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Ғани өзге ауылдастарымен бірге сенбі күні екі ауылдың арасына қойылған полицияның арнайы жасағы тұрған жерге барып, өткен түндегі оқиғадан соң қамауға алынған адамдарды түгел босатуды биліктен талап етті. Жүздеген адамға күн барысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған шенеуніктер үш келіп, үш кетті. Ақыры кешке қарай билік Қаракемер жұртының талабын орындап, ұсталғандар босатылғанын хабарлағаннан кейін тұрғындар үйлеріне тарады.

Масанчи ауылына кіреберіс жолды жапқан полиция жасағының алдында бірнеше сағат тұрған кезде Қаракемер тұрғындары көрші ауылмен арада бұған дейін де кикілжіңдер болғанын журналистерге айтып берді. Олардың сөзінше, ондайда үнемі шенеуніктер келіп, дау-дамайды ың-шыңсыз басуға ақсақалдарды тартып, жұртты айғай-шу шығармауға көндіріп келген. Өткен аптада Сортөбе ауылында (негізінен дүнгендер тұрады) Қаракемер ауылының 78 жастағы тұрғыны Төлеген Құдашбаев екі баласымен бірге соққыға жығылған кезде де осындай жиын өткен.

Қарияның ұлы 42 жастағы Нұрлан Құдашбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, ол бауыры екеуі әкелерін Сортөбедегі ауруханаға қаратуға көлікпен апара жатқанда таяқ жеген.

- Сортөбеге кіреберісте көлігімді тоқтатқан адам жолдың қарсы бетіндегі үйден көлікті шығару керек деп айтты. Мен тоқтадым. Ол мені балағаттап, көліктің нөмірін тепті. Көліктен түскенім сол еді, әлгі үйден шыққан бірнеше адам (біреуінің қолында темір зат болды) маған жабыла кетті. Көліктен шығып көмекке ұмтылған бауырымды таспен ұрып, басын жарды. Әкем де көліктен түскен еді, оны теуіп құлатып, сабады. Содан жедел жәрдем, полиция келді. Әкемді ауруханаға әкетті. Әкемнің жамбасы сынып, бауырым екеуі ауруханаға түсті, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Сортөбе ауылына барып, Нұрлан Құдашбаев төбелес болды деп суреттеген ауыл шетіндегі үйді іздеп тапты. Үйден ешкім шықпады. Көрші тұратын адам бұл үйде қазір ер адамдар жоғын, ал әйелдердің журналистпен сөйлеспейтінін айтты. Үйдің маңында жүрген полиция арнайы жасағының қызметкерлері көзге шалынды.

Ақпанның 9-ы күні зейнеткер Төлеген Құдашбаевты Алматыдағы ауруханаға жеткізді. Қарияның жамбасы сынған, ұлының бас сүйегі мен миына зақым келген.

- Маған жабылғандардың төртеуінің түсін танимын, бірақ полиция солардың тек біреуін ғана ұстады, қалған үшеуі әлі бостандықта жүр, - дейді Нұрлан Құдашбаев. Осы оқиға Қаракемер тұрғындарының наразылығын тудырған. Ауыл мен жақын маңдағы елдімекендерде полиция күзеті күшейтілген. Полиция қызметкерлері ауыл көшелерінде жиі жүретін болды дейді тұрғындар.

Қаракемер ауылының тұрғындары биліктен ұсталған азаматтарды босатуды талап етіп тұр. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ақпанның 7-і күні Сортөбе ауылында полиция патрулі тоқтатқан жеңіл автокөлік иесі полиция бөлімшесіне баруын талап еткен билік өкілдеріне бағынбаған. Оның туыстары полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, күш қолданған.

- Сортөбеде полицейлердің өздерін сабап, көліктерін бүлдірген. Полиция қызметкерлері бізге қашып келді. Сортөбедегілер заңға қарсы шықты, - дейді Қаракемер тұрғыны Ғани.

Сол күні кешке негізінен дүнгендер тұратын Масанчи, Ауқатты және Бұлар батыр ауылдарында қайғылы оқиғалар болды. Полицияның мәліметі бойынша, Масанчи ауылының шетіндегі төбелеске 70 шақты адам қатысқан. ІІМ-нің мәлімдеуінше, "арандатушылар" болған оқиғаны видеоға түсіріп, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы таратқан. Арада біршама уақыт өткенде өзге елдімекендерден бірнеше жүз адам жиналған. Жанжалдың соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан.

Сол түні этникалық дүнгендерге тиесілі тұрғын үйлер, дүкендер мен өзге де ғимараттар өртенді. Жергілікті БАҚ жариялаған қаза тапқандар тізімінде де дүнгендердің аты-жөні аталған.

ТҮНГІ ҚАҚТЫҒЫС ҚҰРБАНЫ

Баспасөз хабарламаларында Қордай ауданындағы Әлжан ана ауылының тұрғыны Дархан Әбдірахим туралы ештеңе айтылмайды. 25 жастағы жігіт біреуден жалға алған жеке автокөлікпен кісі тасумен айналысқан. Әкесінің айтуынша, сол түні сағат 12 кезінде телефонмен сөйлескен Дархан Алматыдан Қордайға жолаушылар жеткізгенін, жарты сағат мөлшерінде үйде болатынын айтқан. Бірақ сол күйі шаңырағына оралмаған жігіттің сау-тамтығы қалмаған көлігі келесі күні Ауқатты ауылындағы жанармай бекетінің жанынан табылған.

- Баламның сүйегін мәйітханадан таптым. Жалғыз балам еді, артында екі қыз, бір ұлы қалды. Үшінші топтағы мүгедек болатын, - дейді марқұмның әкесі Асқарбай Якубов.

Қаза тапқан жігіттің отбасымен Азаттық тілшісі ақпанның 9-ы күні сөйлесті. Олардың айтуынша, сол уақытқа дейін қапияда азаматынан айрылған үйге әкімдіктен ешкім келмеген.

Бұлар батыр ауылындағы өртенген автокөлік қаңқасының қасынан өтіп бара жатқан балалар. Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Дархан Әбдірахимның көлігі табылған жанармай бекетінің күзетшісі Жәнет Байболатов сол жерде түнде болған оқиға мен көріп, естігенін Азаттық тілшісіне айтып берді. Оның сөзінше, артқы және алдыңғы терезелері сынған, бүйірі майысқан жеңіл автокөлік жанармай бекетіне өте қатты жылдамдықпен келіп, ғимараттың бұрышына соғылған. Күзетші касса бөлмесіне кіріп, жарықты сөндіріп, есікті жауып, тығылып үлгерген. Ол көліктен бір кісінің түсе сала қашқанын, оны бір топ адамның қуғанын, қарудан атқан дыбысты естіген. Арада біршама уақыт өткенде осы жерге келген полицияның арнайы тобы күзетшіні жанармай бекетінен алып шыққан кезде ол қанға бөгіп жатқан өлген адамды байқаған.

Дархан Әбдірахимның көлігі табылған жанармай бекетінің иесі Ламзар Айдаров бекетті біреулерге жалға бергенін айтады. Ол жұма күні кешке көшеде қарудан атып жатқанын естіген сәтте немерелерін көлікке салып, Қырғызстанға қашыпты. Келесі күні ауылға қайта оралғанда түнгі сойқан кезінде әлдекімдер оның үйі өртеп, жанармай бекетінің терезелерін сындырып, видеокамераларды істен шығарып кеткенін көрген.

- Қорқынышты жағдай болды, Қырғызстанда бізді туыстарымыз паналатты, - дейді ол.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, демалыс күндері ел аумағына төрт жарым мыңға жуық Қазақстан азаматы, негізінен дүнгендер өткен. Қырғызстанда оларды туыстары күтіп алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өртенген үйлер, арнайы жасақ. Қордайда не болды?

Қордай ауданына Нұр-Сұлтаннан келген шенеуніктер – үкіметтің арнайы комиссиясының мүшелері – көрші ел аумағына өтіп кеткен қазақстандықтарды елге қайтуға шақырған. Қазақстан билігі келген зиянды өтеуге уәде берді. Қырғызстанға қашқандардың мыңға жуығы Қазақстанға қайтып оралды деп хабарланды.

"ҚАУҚАРСЫЗ МОДЕЛЬ"

Ақпанның 8-іне қараған түні болған оқиға – Қазақстанның жаңа тарихында ең үлкен қантөгіске ұласқан этникалық сипаттағы қақтығысқа айналды. Қазақтар мен өзге де этникалық азшылық өкілдері (тәжіктер, ұйғырлар, түріктер, шешендер және басқалар) арасында жанжалдар бұған дейін де болған. Бірақ мұншама көп адам қазасы мен зардап шеккендер болған емес.

Қазақстаннан қашып, Қырғызстан аумағына өтіп жатқан этникалық дүнгендер. 8 ақпан 2020 жыл.

Қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев әдетте мұндай оқиғалардың алдында өзге ұлт өкілінің қатысуымен болған қандай да бір құқықбұзушылық немесе соған ұқсас басқа жайттар жайлы қауесеттер тарайтынын айтады. Полиция мен мемлекеттік органдарға сенбейтін тұрғындар ондайда өздері "кек қайтаруға" бейім тұрады, сөйтіп мұның соңы әлгіндей құқықбұзушылыққа еш қатысы жоқ, бірақ күдікке ілінгендермен бір этносқа жататын бейкүнә жандардың жазықсыз жапа шегуіне апарып соғады дейді сарапшы. Бұл жергілікті биліктің әлгіндей оқиғаларды реттеуге және этникааралық қарым-қатынастағы конфликтілерді шешуге қабілетсіздігін көрсетеді деп жазды Чеботарев Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева билік Қордай ауданындағы тәрізді оқиғаларды "тұрмыстық жанжал" деп сипаттауды "ыңғайлы" көретінін айтады.

- Биліктің мұндай қақтығыстарға байланысты нақты шешімі жоқ деп ойлаймын. Олар өздерінің қауқарсыз "ұлтаралық татулық" моделін мадақтап отырғанды құп көреді. Бұл оқиғаны қалай атап, қалай шешуді білмей отыр. Билікке мұны әдеттегідей "тұрмыстық жанжал" деп атап, жергілікті атқарушы билікті кінәлап, жауапкершілікті соған арта салған оңай. Тап мына жағдайда саяси жауапкершілікті қазақтарға артып, "бәріне солар кінәлі" дей салмақ. Билік не істерін білмейді. Бар мәселе – осы. Қазақтардың да, басқа ұлттардың да мүддесін ескеретін, этникалық топтармен қатынас орнату жүйесі жоқ, - дейді ол.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Сортөбеден басқа жаққа қоныс аударған Салим Масанов ақпанның 8-іне қараған түні мерт болған немере бауыры Шисыр Рахимды ақтық сапарға шығарып салу үшін ауылға келген.

- Біздің диаспораны да, қазақ бауырларымызды да сабырға, татулыққа шақырғым келеді, - деді Азаттыққа пікір білдірген Сортөбенің бұрынғы тұрғыны.

Масанчи ауылында өртенген ғимараттың қасынан өтіп бара жатқан балалар. Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Қазақстан парламенті Жамбыл облысында қантөгіске ұласқан оқиғалардан кейін алғашқы отырысында ол туралы ештеңе айтпады. Арасында Қазақстан халқы Ассамблеясынан (президенттің жанындағы этномәдени орталықтарын біріктіретін кеңесуші орган) сайланған өкілдер де бар парламент депутаттары бұл мәселені қозғамауды жөн көрді. Заң шығарушы билік өкілдері тіпті өткен демалыс күндері Қордай ауданында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алған жоқ.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақпанның 10-ы күні Жамбыл облысы әкімін ауыстырып, облыс әкімінің орынбасары мен аймақтық полиция департаментінің басшысын, Қордай ауданы әкімі мен аудандық полиция бөлімінің бастығын "жұмыстағы елеулі кемшілігі үшін" қызметінен алуды тапсырды.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарғаннан кейін былтыр наурызда президент қызметінен кеткен, алайда билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесі де үнсіз. Міндетіне елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау да енетін бұл орган шұғыл отырысын өткізген жоқ. Елбасы (Назарбаевтың заңмен бекітілген бұл мәртебесі оны кез-келген қудалаудан қорғауға кепілдік береді) сайтында Қордай ауданындағы оқиғаларға байланысты ешқандай мәлімдеме жарияланбады.