Еркебұлан мен Сараның айтысы

Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Мамырдың 8-9-ы күндері Алматыдағы Студенттер сарайында Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билерге арналып «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен екі күнге созылған айтыс өтті.
Айтыстың екінші күні сахнаға үшінші жұп болып астаналық Еркебұлан Қайназаров пен алматылық Сара Тоқтамысова шықты.

Айтысты бастаған Еркебұлан қазақ тілі мәселесі жөнінде былай деді:

- Менің тілім - бақ-дәулет орнаған тіл,
Рахымжан рейхстагқа ту тіккенде
Жеңістің оты болып лаулаған тіл.
Әміре әуелетіп ән салғанда
Париждің аспанында самғаған тіл.
Мұхтардың «Абай жолын» оқығандар
«Көркемдік» деп тамсанып, таңданған тіл.

Сара Тоқтамысова, айтыскер. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Қазақ тілінің қоғамдағы қазіргі ахуалы туралы Сара Тоқтамысова қарсыласына мынандай уәж айтты:

- Халықтар ассамблеясы
Жиырма жыл биыл толды деп,
Анық қой кеше той тойлап,
Аспанға бөрік атқаны.
Кавказдық құмық-шешенді
Неміспен соғыс кезінде
Жер аударылып келді деп,
Арқалап шықтық қаптарын.
Украин, орыс, беларусь
Түзеді келіп саптарын.
Жетіліп, олар ел болып,
Асу да бермес бел болып,
Қазақстанда қаузатты
Қазан-ошақ оттарын.
«Бір тағдыр, бір ел, бір отан»
Ұраны болды баршаның.
«Бір тіл» деп тілін қазақтың,
Ашпады ешкім жақтарын.

Қазылар алқасы жеңісті Сара Тоқтамысоваға берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Еркебұлан мен Сараның айтысы