Алакөлге саяхат

Пойызға отырып Алакөлге аттандық. Алматыдан шығар-шықпаста аспандағы жауын бұлты сейіліп, керемет әдемі кемпірқосақ көрініс берді. Сапарымыз сәтті болатын шығар деп ырымдап қуанып қалдық!

Алакөлдің Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Жарбұлақ жағын таңдаған себебіміз - шипалы суы балалардың тері аллергиясына ем болар деп үміттенгенбіз. Жарбұлақтың кіре берісінде "Қабанбай қақпасы" бар екен. Ауылдық округтің аты - Қабанбай. Жергілікті аңыз бойынша батыр осы маңда туып, Алакөлдің қалың қамысында жүретін қабанды жалғыз жайратып салғасын Қабанбай атанып кеткен.

Көл жағасындағы демалыс орындарының бірі. Ескі қыспа үйлер мен ағаш үйлер аралас тұр. Бұлардан арзандау жай іздеген адамдар киіз үйге түседі.

Демалыс үйлерінің бірінің иесі Алмагүл ханым бізді қуана қарсы алды. "Бастықпын" деп шіреніп отырмайды. Қонақтарының тамағын әзірлеп, әзіл-қалжыңмен көңілін аулап, қолы сәл босағанда кір жуып, ауласын да безендіріп үлгереді.

Ас үйдің сыртқы есігінің үстінен қарлығаш ұя салыпты. Қарлығаш - қазақтың киелі құстарының бірі, оны бала кезімнен айрықша жақсы көретінмін. Қазақтар осы құстай көркем болсын деп қыздарының аттарын да «Қарлығаш» қойып жатады.

Біз келіп түскенде демалыс үйінің асхана шатырындағы қарлығаштың сарыауыз балапандары осындай күйде еді.

Туристердің келуін күтіп тұрған ауыл көрінісі. Қыста бұл жерде жан адам болмайды екен, қожайындары демалыс үйлерін құлыптап, Жарбұлаққа кетеді екен. Қысы қатты аймақта тұрған көл басындағы туристік маусым тым қысқа. 15 маусым - 15 тамыз аралығы ғана.

Алакөлге барып батқан күннің ғаламат әсем көрінісі. Алыстан Аралтөбе мұнартады.

Кешке қарай көл басында қалың маса көтеріледі. Бірақ мынадай әдемі көріністің әсерін ол да бұза алмайды.

Алмагүл апай келесі күні манты түйіп отырып осы бизнеске қалай келгенін баян етті. Негізгі мамандығы медбике екен. 1990 жылдары ақ халатын шешіп тастап, саудаға кірісіпті. Алматы базарларынан ауылға тауар тасып, дүкен ашыпты. Бизнесін 10 мың теңгеден бастаған ол үш жылдан соң Семейден үй сатып алыпты. 2004 жылы осы арадан телім алып, қаладан құрылыс материалын тасып демалыс орнын сала бастапты. Кейін інісі екеуі кредит алып, ағаштан тағы екі үй тұрғызыпты. Қазір енді бұл ара елу-алпыс адамды еркін қабылдайтын нағыз демалыс орнына айналған. Тұрақты клиенттерінің көптігі сонша ешқандай жарнама жасамайтын көрінеді. Көл жағасында жаз бойы отырғанымен суға түсуге мұршасы бола бермейді екен.

Тамақ әзірлейтін апайдың аты - Сажида. Аудан орталығы Үржарда мектеп асханасында жұмыс істейді, ал жаз айларында осы жерде еңбек етіп табыс табады. Әзірлеген тамағы керемет дәмді. Қазір неше түрлі аллергиясы бар адамдар көп қой, соны ескеріп тамаққа ешқандай артық дәмдеуіш қоспайды екен.

Бұл – Алмагүлдің тоғыз жасар кенже қызы Зере. Шешесі бұның төрт айлық кезінде манежге жатқызып, маса шақпас үшін тюльге орап қойып, жұмысын істеуге мәжбүр болыпты. Зере өте еңбекқор, тіл алғыш бала екен; анасының қабағына қарап, айтқанын екі етпей, зыр жүгіріп көмектесіп жүрді. Осы жерді ұнататынын, суға түскенді жақсы көретінін айтып берді. Достары да жиі ауысып тұрады екен. Демалуға үш-төрт күнге келген балалармен тез тіл табысып, кеткенде қол бұлғап қала береді. Өзі әнді өте жақсы айтады екен, түрлі байқауда жүлдегер де болып үлгеріпті. Ән үйрететін ұстазы жоқ, ұнатқан өлеңдерін интернеттен ұялы телефонына жазып алып, үйренеді екен.

 Жарбұлақтағы демалыс орындары көл жағасынан жүз қадамдай жерде ғана.

Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі - Алакөл. Аумағы 20 мың гектардан асатын қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Кезінде радиациядан арылу үшін ғарышкерлер де осында келіп демалатын болыпты. Балықтың да түр-түрі бар көрінеді.

Балалар суға түсіп, жағада тас жинап, жазу жазып ойнап жүр.

Көл жиегінде қара балшық бар, жұрт соны үстіне жағып жатады. Не үшін деп сұрағандарға емдік қасиеті мол деп қояды. "Бұл тұжырымды негіздеп, бұлтартпас дәлел көрсеткен адам бар ма" деген сұрақтың жауап таба алмадым. Алакөлдің жағасында қараусыз жатқан балшықтың қасиеті неде екенін ғылыми түрде анықтап білсе ғой, шіркін.

Қара балшықтың өзі.

Бір тентек балақайдың киім ауыстыратын кабинаға жүгіріп барып әуесқойлық жасап жатқан сәтін түсіріп алдым. Таптырмас күлкілі кадр боп шықты.

Киіз үйдің түндігін ашудың өзіндік бір әдісін көру бұйырды.

Алакөл қайран қалдырып, күн сайын түрлі әдемі көрініс сыйлап тұрды бізге.

Кешқұрым балалармен жапа теріп, қамыс, қураған бұта жинап, алау жағып қызықтап жүрдік.

Оншақты күннің ішінде әлгі қарлығаштың балапандары да өсіп қалды, ұяларына әрең сиып отыр; ұшуға талпыныс жасап қояды. Қарлығашқа қатысты көптеген ырым-жорамал бар. Мысалы: «Қарлығаш биiктеп ұшса – күн ашық болады, жер бауырлап ұшса – жаңбыр жауады», дегендей. «Түсiңде қарлығаш көрсең, бақытқа кенелесiң» деп те жоритын болған.

Сонымен, демалысымыз аяқталып Алматыға қарай бет алдық. Алматыдан Жарбұлаққа жетудің ең жылдам жолы - 19 маусымда ашылған "Алматы - Алакөл" пойызы екен. Негізі бұл пойыз бұрын да "Алматы - Дружба" деген атпен жүретін. Жолаушылар Жалаңашкөл стансасынан түседі де, таксимен жарты сағатта Жарбұлаққа жетеді.

Пойызға мінгесін Алакөлге қимастықпен көз тігіп: «Амандық болса тағы да келерміз, көріскенше күн жақсы болсын!» деп фотоға бір тартып жібердім.

Әдемі табиғаты мен емдік қасиеті алыстағы жұрттың аңсарын тудырған Алакөлдің жағасында тұрып жатқан кейбір іскер жұрт жаз бойы суға түсуге уақыт таба алмай қалады.