Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандар

Жеті баласы бар ерлі-зайыпты Зұлқайнар мен Зухра Ергашевтар отбасы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жарықтөбе ауылынан Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы Покровка ауылына осыдан екі ай бұрын қоныс аударған. 21 шілде 2016 жыл.

Ергашевтар отбасы Покровка ауылында уақытша жалдап тұрып жатқан үй.

46 жастағы Зұлқайнар Ергашев Мамлют ауданына көшіп келген соң ол туралы жергілікті әкімдік пен жұмыспен қамту мекемесіне хабарлап, қажетті құжаттарды тиісті орындарға тапсырғанымен әлі күнге шейін баспанаға да, жұмысқа да қол жеткізе алмағанын айтады.

Зұлқайнар Ергашевтың әйелі Зухра Ергашева газға тамақ пісіргелі жатыр.

Отбасы суды құдықтан тасиды, газды баллонмен сатып алады.

Ергашевтардың ортаншы ұлы теледидарды ермек етіп тұр.

Зұлқайнар Ергашев отбасы әлі алғашқы көшерпұлды да ала алмай отырғанын айтады.

Ергашевтар отбасы газ балонын үнемдеу үшін шайды далаға от жағып қайнатады.

Зұлқайнар Ергашев жаңа орында азық-түлік қымбат екенін, балалары жеміс-жидек, көкөністі бұрынғыдай жей алмай отырғанын айтады. 

"Тіпті, жейтін нанды жеткізе алмай отырмыз. Қолдағы бар ақшамыз бітіп, енді қарызға тамақ ала бастадық", – дейді Зұлқайнар Ергашев.

Қолда қалғанды барынша үнемдеуге көшкен отбасында анасы мен қыздардың үлкені нанды үйден пісіреді.

 Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілдері қалыптасқан жағдайға Зұлқарнай Ергашевтің өзі кінәлі деп санайды. Әкімдіктегілердің айтуынша, отбасы көшерпұлға шешім шығып, облыстық комиссия жолдама берместен бұрын асығыстық жасап жолға шығып кеткен.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қызметкерлері енді Зұлқайнар Ергашев жолдама алу үшін Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш тапсыруы керек дейді.

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Краснознаменное ауылындағы бұл үйде оңтүстіктен көшіп барған тағы бір отбасы тұрады. 37 жастағы Айдынбек Қыдырбаев ауылда бос тұрған үйге уақытша тұру үшін кіргендерін айтады. Ол өз отбасына мемлекет баспана берер деп үміттенеді.

Айдынбек Қыдырбаев әйелі және екі баласымен Краснознаменное ауылына бір ай бұрын көшіп келген. 23 шілде 2016 жыл.

Бұған дейін Айдынбек пен әйелі Нұргүл балаларымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында тұрған.

"Көшерпұл ретінде алған 330 мың теңге жол шығынынан артылмай қалды. Енді қайда барып, қалай күн көретінімізді білмей дел-сал болып отырмыз", – дейді отағасы.

Қыдырбаевтар отбасына кіріс ақша жоқ болғандықтан дастарханы да тым жүдеу.

Қыдырбаевтар отбасында тіпті газ балонын сатып алуға ақша жоғын айтады. Нұргүл отты аулада жағып, тамақты соған пісіреді.

Нұргүл Қыдырбаева - ағылшын тілі пәні мұғалімі, мамандық иесі екенін растайтын құжаттары да бар.

Айдынбек Қыдырбаев күн суытқанша отбасына қолайлы баспана бермесе, қазір уақытша тұрып жатқан үй қыста пана болмас деп уайымдайды. Отын, көмір сатып алуға ақшалары да жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Краснознаменное ауылына кіре берістегі белгі. 23 шілде 2016 жыл.