Төрт Айшаның тұсауы кесілді

Күләйхан Ыбырайқызы (әжесі), Есентай Қапар (әкесі), Есенгүл Кәп (Азаттық тілшісі) және Қаманай Қайсарқызы (әжесі) төртем боп туған Айшалармен бірге. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл

Наурыздың 9-ында Алматы қаласының төртем тұрғындары Бекайша, Нұрайша, Гүлайша және Жанайшалар бір жасқа толды. Сәбилердің ата-анасына Алматы қаласының Айнабұлақ ықшам ауданынан 3 бөлмелі пәтер тек жалға берілген. Бұдан өзге әлеуметтік көмек жоқтың қасы.

Былтыр Азаттық радиосы Алматы қаласында төртемнің дүниеге келгендігі жайында жазып, жаңа туған төрт балаға арнайы күтуші бөлу туралы мәселе көтерген. Алматы қаласы тарихында тұңғыш рет дүние есігін ашқан төрт шақалақтың ата-анасы ол кезде Спорт және туризм академиясының 24 шаршы метрлік бір бөлмелік жатақханасында тұрып жатқан еді.

Жергілікті ақпарат құралдары бұл мәселе жайында жабыла жазған. Көп ұзамай отбасы 3 бөлмелі жалдамалы пәтерге қол жеткізген болатын. Бүгін Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанғанның шаңырағында тұсаукесер той. Төрт бірдей сәбидің тәй-тәй басқан алғашқы қадамын қазақ жоралғысы бойынша «тұсаукесер» рәсімі бойынша атап өтті.

АЙШАЛАР ТӘЙ-ТӘЙ БАСТЫ

- Былтыр балалар алғаш дүние есігін ашқанда, қатты уайымдадым. Кішкентай-кішкентай төрт балапанның ертеңгі күніне алаңдадым, «қалай адам болар екен?» деп бір жаз ұйқы-күлкі көрмедім. Аллаға тәуба, қуанышы да, қызығы да мол бір жыл артқа қалды. Төрт баланы бағып-қағу оңай болған жоқ. Нағашы апасы, әпкелері және әкесі мен анасы бір жылды ұйқысыз өткізді. Соның арқасында, тұсаукесер тойына да жеттік. Қазір екеуі тәй-тәй басып жүр. Екеуі еңбектейді. Осылардың «ата, апа» деген сөздерін естігенде жүрегіміз жарылып кете жаздайды. Әкесі келген кезде төртеуі таласа-тармаса ұмтылады, қол шапалақтайды. Құдай осылардың қызығын көрсетуге жазсын, - дейді әжесі Қаманай Қайсарқызы.
Нұрайша, төртемнің бірі. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл

- Бір жыл бойы балалардың қасынан шыққан жоқпын. Олар жыласа бірге жылап, күлсе бірге күліп, қызығы мен қиындығын бірге көтеріп келем. Кейде ауырып қалады, бірі ауырса, бәрі ауырады. Адамдардың назарын да көтере бермейді, әйтеуір өз туысы бар, біз бар екі жақтап осы күнге жеткіздік, - дейді нағашы әжесі Күләйхан Ыбырайқызы.

- Төрт бірдей баланы бағып қағудың оңай емес екендігін айтып жату артық болар. Өзіміз де бала болдық. Бірақ бала бағудың қиындығын өзіміздің басымызға түскенде көріп жатырмыз. Дегенмен олардың күлкісі мен неше түрлі қызығын көргенде бәрі ұмыт болады. Басында бәріміз де қорықтық. Қазір сол қорқыныштың бәрі артта қалған секілді. Қазір қызықтарына бөленіп отырмыз, - дейді әкесі Есентай Қапар.

ЖӘРДЕМАҚЫ ТЕК БІР БАЛАҒА ҒАНА БЕРІЛЕДІ

Былтыр егіздер қырқынан шыққанда Азаттық радиосында арнайы репортаж дайындалған еді. Сонда үкіметтің бұндай отбасыларға жасайтын ең үлкен көмегі пәтер беру екенін жазғанбыз. Айтқанымыздай, Есентай Қапардың отбасы да баспаналы болған. Бірақ, өзгелерден айырмашылығы бұл баспана жекешелендіруге жатпайды. Жалдамалы пәтер. Айына пәтерақының сыртында бес мың теңге төлеп тұрады. Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында Есентай Қапар үкіметтің көп балалы отбасыларға көрсетіп отырған жәрдеміне көңілі толмайтындығын айтады:

- Ақпарат құралдарының шуласа жазғанының арқасында, Алматы қалалық әкімшілігі Айнабұлақ ықшам ауданынан 3 бөлмелі пәтерді жалға берді. Еркін күрестен жаттықтырушымын, оқытушымын. Бірнеше жерде жұмыс істеймін. Спорт және туризм академиясында оқытушымын, Алматы қалалық республикалық спорт колледжінде жаттықтырушымын, тағы бір екі мектепте мұғалімдік қызмет атқарамын.
Гүлайша, төртемнің бірі. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл

Мемлекет тарапынан қандай демеу бар деген сұрағымызға Есентай Қапар:

- Балалардың тамағын беріп отыр. Айына әр балаға бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақысын береді. Ол төрт балаға 40 мыңдай теңге болады. Бірақ, ол көмек балалар бір жасқа толғаннан кейін тоқтатылады. Балалардың тамағын ары қарай беруді созу жайында сөйлесіп едім. «Заң бойынша, бір жасқа дейін берілуі тиіс, дегенмен құзырлы орындармен сөйлесіп көрейік» деді, - деп жауап қатты.

Балалар дүние есігін ашқанда, Назымгүл Қуанған Спорт және туризм академиясының студенті болатын. Студенттер де жұмыссыздар қатарында болғандықтан, оған босанғаны үшін төленетін демалыс ақысы да төленбеген.

Есентай Қапар төрт баланың тамағы, жаялығы, киім-кешегі және басқа да шығындарын бір жыл бойы өздері көтергенін айтады. Қол ұшын созған меценаттар да болмапты. Қарасып жатқандардың дені – қарапайым адамдар.

ҚАРАПАЙЫМ ЖҰРТТЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ

- Зейнеткер Сейдін ата бір жолғы зейнетақысы әкеп берді. Зейнеткердің зейнетақысына қол сұққым келмей, алмаймын деп едім, «балалардың көрімдігі» деп қалдырып кетті. «Глобус» деген компанияның басшысы жұмысшыларының бір күнгі жалақысын беріп қайтты. Әріптестерім шамасынша көмектесті. Біз туған-туысқандарымызбен көптеп көмектесіп, әйтеуір бір жылды артқа тастадық. Егер, апалары болмай қалса қайтеміз. Жағдайлары бізден де төмен адамдардың отбасында осындай жаңалық болғанда не істер еді? Тым болмағанда балаларды бағып-қағуға бір күтуші бөлетін болса, мәселен, Өскеменде дүниеге келген үшемнің ата-анасына көмектесу мақсатында медбикеге арнайы айлық жалақы тағайындалған екен. 40 мың теңге көлемінде. АҚШ-та төртемдер немесе үшемдер дүниеге келсе, оларға көрсетілетін көмек мүлдем өзгеше екен, - дейді Есентай Қапар.

Азаттық радиосының тілшісі былтыр аталған репортажды дайындау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, егіз сәбилерді дүниеге әкелген ата-аналарға қандай көмек көрсетілетін сұрап білген еді. Сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің сарапшысы Гүлсім Сейітмембетова бұндай ата-аналарға арналған арнайы заң жоқ екендігін айтқан еді. Ол бұндай отбасыларға көмек жергілікті әкімшілік тарапынан көрсетіледі деген-тұғын.
Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанған перзентханадан шыққан сәт. Төрт Айша дүниеге келген кезде түсірілген сурет. Алматы, 23 сәуір 2010 жыл

Осы мәселе бойынша Азаттық тілшісі хабарласқан кезде Алматы қалалық Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанат Мұрынова төрт сәбидің ата-анасы күтуші сұрағанын айтты. «Біз бұл мәселені министрлікке жеткіздік. Оларға заң бойынша арнайы күтуші қарастырылмаған болып шықты. Әкімшілік тарапынан жәрдем қылуға тырысамыз» деді ол.

Төртемнің тұсау кесу тойына арнайы барған Азаттық қызметкерлері радио ұжымының атынан төрт Айшаның ата-анасына байғазы ретінде 1000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай жәрдем табыс етті.

Көптеген мемлекеттер баланың отбасындағы табысына қарамастан, әрбір балаға 18 жасқа толғанға дейін арнайы жәрдемақы төлейді. Ресейде 2007 жылдан бері «Ана капиталы» бағдарламасы жұмыс істейді. Ол бағдарлама бойынша, әрбір дүниеге келген екінші баласы үшін отбасының есеп шотына 12 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы құйылады. Бала үш жасқа толғаннан кейін ол қаржыны отбасы мүшелері баланың оқуы үшін, пәтер мәселесін шешуі үшін жұмсай алады. Сонымен қатар, Ресейде әрбір үш және одан да көп балалы отбасы көп балалы деп есептелініп, коммуналдық төлемдерден, қалалық көліктерде жол жүру ақысынан босатылады, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың оқу ақысы елу пайызға дейін арзандайды. Әрі әрбір отбасына тегін жер телімдер беріледі, салықтық жеңілдіктерге ие болады.

Сонымен қатар, көп балалы отбасыларға өз үйлерінен бала бақша ашуына мүмкіндік берілген. Ол үшін балабақша тәрбиешісіне және балалардың тамағына федералдық бюджеттен қаржы бөлінеді. Қазақстанда әрбір жаңа туған сәбиге отбасы мүшелерінің табысына қарамастан бір жолғы бесік пұл – 70 мың теңге мен бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленетін жәрдемақыдан өзге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.