2012 жылдың фотобаяны

Ресей: президенттік сайлау қарсаңында көшелерде премьер-министр Владимир Путиннің суретін көрсететін бағдаршамдар пайда болды. Ол «Тоқта» деген белгіні білдіреді. 10 ақпан, 2012 жыл

Ауғанстан: әлемдегі ең үлкен Құран таныстырылды. 218 беттен тұратын кітаптың салмағы 500 кг. Кабул, Насыр Кушрава Балкхи мәдени орталығы, 12 қаңтар, 2012 жыл.

Қазақстан: оппозициялық «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшілері «Нұр-Отан» партиясы жеңген мәжіліс сайлауының қорытындысына қарсылық танытып, дауыс беру хаттамаларын өртеді. Алматы, 17 қаңтар, 2012 жыл.

Египет: «Мұсылман бауырлар» ұйымының жақтастары парламенттегі жеңісін тойлады. Бұл - 2011 жылдың көктемінде президент Хосни Мүбәрәк тақтан тайдырылған соң өткен алғашқы сайлау. 23 қаңтар 2012 жыл.

Сирия: үкіметтің қираған әскери көлігінің алдында тұрған бала. 23 қаңтар 2012 жыл. 

Норвегия: елдің солтүстігіндегі Тромсо қаласынан көрінген поляр шұғыласы. 25 қаңтар 2012 жыл.

Ирак: АҚШ-тың Ирактан әскерін алып кетуіне байланысты ұйымдастырылған арнайы шарада шииттік дінбасы Мухтада әл-Садрдың жақтастары ұлттық туларын желбіретіп тұр. Бағдад, 9 ақпан, 2012 жыл.

Ауғанстан: ауған азаматтары Джалалабадтағы наразылық шарасында антиамерикалық ұран айтып тұр. АҚШ әскери базасында Құранның өртелуіне байланысты полиция мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болып, кемінде 26 адам жараланды. 22 ақпан 2012 жыл.

Ресей: президенттік сайлауда жеңіске жеткен Владимир Путин жақтастары алдында сөйлеп тұрған кезде көзіне жас алды. Ол ресейлік азаматтардың "шынайы жаңару мен мемлекеттілікті құлатуды көздейтін арандатушылықтың ара жігін ажырата бастағанын" айтты. Мәскеу, Манеж алаңы, 4 наурыз, 2012 жыл.

Ресей: мыңдаған адам президенттік сайлау қорытындысына наразылық танытып, Мәскеудегі Пушкин алаңында полицияның ескертуіне қарамастан тарамай қойды. Мәскеу, 5 наурыз, 2012 жыл.

Корея: Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ президенті Барак Обама, Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бак Сеулде өтіп жатқан ядролық қауіпсіздік саммитінің суретіне түсуге дайындалып жатыр. Сеул, 27 наурыз, 2012 жыл.

Қырғызстан: сән апталығында көрсетілген қырғыз дизайнерлерінің шығармашылық туындылары. Бішкек, 4 сәуір, 2012 жыл

Норвегия: 77 адам көз жұмған екі теракт ұйымдастырған Андерс Брейвик сот залына кірген кезде оң қолын көтерді. Осло,16 сәуір, 2012 жыл.

Түрмеге жабылған Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юля Тимошенко әйелдер колониясында соққы жеген жерлерін көрсетіп жатыр. Тимошенко «қызметтік өкілетін асырды» деп айыпталып, 2011 жылы қазан айында жеті жылға сотталған болатын. 25 сәуір, 2012 жыл.

Пәкістан: бірнеше азамат Усама бен Ладен қаза тапқан Абботтабадтағы оқиға орнында ұялы телефонмен суретке түсіп тұр. Усама бен Ладен бір жыл бұрын 2 мамырда арнайы операция нәтижесінде өлген еді. Абботабад, 2 мамыр, 2012 жыл.

Франция: жаңадан сайланған Францияның 24-ші президенті Франсуа Олланд пен оның жолдасы Валери Триервейлер Тюль қаласында сайлаушылар алдында тұр. 6 мамыр, 2012 жыл.

Ауғанстан: халықаралық балалар күніне арналған шарада танктің тұмсығына шығып алған ауған баласы. Кабул, 31 мамыр, 2012 жыл.

Египет: биліктен кетірілген президент Хосни Мүбәрәктің өмір бойы түрмеге жабылатынын естіген жақтастары. Хосни Мүбәрәк 2011 жылы көктемгі толқулар кезінде қатысушыларға оқ атуға бұйрық берді деп айыпталған еді. 2 маусым, 2012 жыл.

Қазақстан: 4 шілдеде «Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырды» және оған «қатысты» деп айыпталған 37 азаматқа қатысты сот үкімі оқылды. Жұрт наразылық танытқаннан кейін судья үкімді толық оқи алмай, залдан кетті. Ал темір тордағы жақындарына ұмтылған айыпталушылардың туыстарын полиция бөгеп жібермеді. Ақтау, 4 маусым, 2012 жыл.

Украина: Киевтегі парламент ғимаратының алдында Украина оппозициясы мен ОМОН солдаттарының қақтығысы. Демонстранттар орыс тілінің аясын кеңейтетін заң жобасына қарсы болды. 5 маусым, 2012 жыл.

Күннің бетінен көрінген Венера планетасы. Мұндай астрономиялық сирек кездесетін құбылыс соңғы рет 105 жыл бұрын болған. Ресей, Иваново елді мекені, 6 маусым, 2012 жыл.

Қытай: суретші, әрі азаматтық белсенді Ай Вэйвэй сот тыңдауынан үйіне қайту үшін адвокатын күтіп тұр. Суретшінің компаниясына салынған бірнеше миллион долларлық айыппұлды кері қайтару туралы арызы қанағаттандырылмады. Пекин, 20 шілде, 2012 жыл.

Ауғанстан: "күйеуінің көзіне шөп салған" әйелдің көптің көзінше өлтірілуіне байланысты ауған әйелдері наразылық шарасын өткізді. Кабул, 11 шілде, 2012 жыл.

Қазақстан: Союз ТМА-05М ғарыш аппараты Байқоңыр айлағына апара жатыр. Халықаралық ғарыш станциясына аттанатын экипаждың құрамында орыс ғарышкері Юрий Маленченко, жапон астронавты Ахихико Хошиде және американдық астронавт Сунита Уильямс бар. 12 шілде, 2012 жыл.

Ресей: түрмеге жабылған ресейлік рок топ Pussy Riot-тың жақтасы наразылық ретінде аузын тікті. Санкт Петербург, 23 шілде, 2012 жыл

Ұлыбритания: Ресей президенті Владимир Путин мен Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон Лондон олимпиадасында дзюдо жарысын көріп отыр. Лондон, 2 тамыз, 2012 жыл.

Сербия: Дубово елді мекенінің аумағында болған ірі орман өртінің әуеден қарағандағы көрінісі. Құрғақшылықтан шыққан өрт елдің экологиялық жағдайы мен ауыл шаруашылығына зор зиян тигізді. 22 тамыз, 2012 жыл.

Ресей: Шешенстандағы Дишни-Ведено ауылының балалары үшін жаңа оқу жылы басталды. 1 қыркүйек, 2012 жыл.

АҚШ: исламды қаралайтын "Мұсылмандар пәктігі" фильмі продюсерлерінің бірі Накула Бассели Накула бір жылға сотталды. Мұхаммед пайғамбарды алаяқ және әйелқұмар етіп көрсеткен даулы фильмге қарсы бірнеше мұсылман елінде өткен наразылық акцияларында жиыны 20-ға тарта адам қаза тапты. Калифорния, 15 қыркүйек, 2012 жыл .

Иран: Мұхаммед пайғамбарды мультфильм кейіпкеріне айналдырғаны үшін Тегерандағы Франция елшілігінің алдында наразылық шарасы өтті. 20 қыркүйек, 2012 жыл.

Ресей: офицер Ресей әскерінің келісім-шартына үміткер әйелдің жаттығу жасауын бақылап тұр. Ставрополь, 25 қыркүйек, 2012 жыл  

Австрия: австриялық скайдрайвист Феликс Баумгартнер ашық ғарыштан Жерге секіріп, дыбыс жылдамдығынан да озды. Ол ең жоғарғы жылдамдықты бағындырған тұңғыш адам болды. 14 ?азан, 2012 жыл

АҚШ: оңтүстік кореялық әнші Psy әлемге танымал Gangnam Style клипіндегі би қозғалысын БҰҰ басшысы Пан Ги Мунға «үйретіп тұр». Нью-Йорк, БҰҰ-ның бас штабының ғимараты, 23 қазан, 2012 жыл.

АҚШ: Сэнди дауылынан кейін үйінділер арасында қалған мүсін. Қазан айының соңында болған тропикалық дауыл кесірінен АҚШ-тың солтүстік шығысында миллиондаған үйлер жарықсыз қалып, коммуникация жүйесі бүлінді. 30 қазан, 2012 жыл.

АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен Барак Обама қыздары Малия (оң жағында) мен Сашаны құшақтап тұр. Чикаго, 6 қараша, 2012 жыл.

Италия: қараша айының басында Венецияда болған су тасқыны кезінде аялдамада қалып қойған әйел. 11 қараша, 2012 жыл.

Швеция: Нобель лауреаттары мен қонақтары Стокгольмде бас қосты. Биыл Нобель сыйлығының бейбітшілік сыйлығы Еуропа Одағына берілді. 10 желтоқсан, 2012 жыл.