ЮНЕСКО тізімінде Қазақстанның үш нысаны ғана бар

Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне Қазақстанның енген үш нысанның бірі - Қожа Ахмет Иасауи кесенесі. Түркістан қаласы, 21 тамыз 2012 жыл.

«Қазақстанның тағы үш ескерткіші ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енді» деген хабарды ұйым өкілі жоққа шығарды. Өкіл елдегі басқа тарихи мұралардың жайын да айтты.
Ақпарат құралдары «Алматы облысы Сарқанд ауданындағы Қойлық қалашығы, Балқаш ауданындағы ортағасырлық Қарамерген қаласы, Талғар ауданы аумағындағы Талхис қалашығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енді» деп хабарлаған еді.

Бірақ БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы – ЮНЕСКО-ның Алматы бюросының мәдениет жөніндегі маманы Юрий Пешков бұл ақпараттың нақты емес екенін айтады.

ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНУ ШАРТЫ

Азаттық: Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне Қазақстанның үш ескерткіші енгені жайлы хабар жалған ба?

Юрий Пешков: «Жалған» дегеннен гөрі «нақты емес» дегеніміз дұрыс. Осы жылдың ақпан айына дейін ЮНЕСКО-ға «Жібек жолы» номинациясы бойынша Қазақстан, Қытай мен Қырғызстанның атынан бірлескен өтініш жасалған. Онда «Жібек жолының» басынан бастап Тянь-Шань бойымен жалғасатын маршрутты

ЮНЕСКО-ның Алматы бюросының мәдениет жөніндегі маманы Юрий Пешков.

Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізу жайлы айтылған. ЮНЕСКО бұл өтінішті қарап жатыр. Менің білуімше, жоғарыда айтылған үш ескерткіш – осы «Жібек жолының» бойында орналасқан ескерткіштер. Егер өтініш қабылданса, бірқатар процедуралардан кейін олар да тізімге енеді?

Азаттық: Ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне қосу шарты қандай?

Юрий Пешков: Мемлекет ЮНЕСКО-ға кез-келген нысанға қатысты құжаттар тапсырады. Дүниежүзілік мәдени мұра орталығы оның дұрыс толтырылғанын, қажетті карта мен суреттерінің бар-жоғын тексереді. Одан кейін бұл құжаттар ИКОМОС-қа жіберіледі. ИКОМОС (International Council on Monuments and Sites – Ескерткіштер мен назар аударарлық орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңес) – тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының басын біріктірген үкіметтік емес ұйым, ЮНЕСКО-ға кеңес беретін орган. Олар номинацияны қарап, қажетті маманды нысанды зерттеуге жібереді. Содан кейін ғана ЮНЕСКО нысанды тізімге алу-алмау мәселесін қарайды. «Жібек жолы» номинациясы бойынша Қазақстанға әлі ондай сарапшы келген жоқ.

Азаттық: Өтініштің қабылданғаны не қабылданбағаны қанша уақытта белгілі болады?

Юрий Пешков: Ең азы – бір жарым жыл. Кейде одан да көп уақыт керек. Қазір Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне Қазақстанның тек үш нысаны – Түркістандағы Қожа Ахмед Яссауидің сәулеттік кешені, Алматы маңындағы Таңбалы тас археологиялық кешені мен петроглифтері, Қорғалжын мен Наурызым қорықтарын біріктіретін Сарыарқаның даласы мен көлдері бар.

Азаттық: Қазақстан 2012 жылы материалдық емес мәдени мұра тізіміне айтыс өнерін, Наурыз мерекесі мен «Қара жорға» биін енгізуді сұрап, ЮНЕСКО-ға өтініш берген еді. Ол өтініштің жауабы не болды?

Юрий Пешков: Иә, ондай өтініш түсті, бірақ оны әлі қарастырып жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, тіркеуге алу ісіне біршама ұзақ уақыт кетеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Таңбалы тас петроглифтері

Таңбалы тас петроглифтері


«ЕСКЕРТКІШТІ САҚТАУ – ӘР ЕЛДІҢ ӨЗ МІНДЕТІ»

Азаттық: ЮНЕСКО өз тізіміне енгізген мұраларды тек насихаттаумен ғана шектеле ме, әлде олардың сақталуына қаржы да бөле ме?

Юрий Пешков: Жоқ, ЮНЕСКО қаржы бөлмейді, тек табиғи-мәдени мұраларды сақтау үшін платформа ұсынады. Бұл ұйымның конвенциясы – нормативті-құқықтық құжат. Ол конвенцияға қол қойған елдер арнайы қаржы бөліп, өз ескерткіштерін сақтауға міндетті.

Азаттық: Мемлекет ЮНЕСКО тізіміне енгізбей-ақ ескерткіштерін сақтауға мүдделі емес пе?

Юрий Пешков: Әрине, бірақ ЮНЕСКО тізіміне енгізу – мемлекет үшін абырой. Ол нысан әлемге танымал болады. Сондай-ақ көптеген халықаралық туристік агенттіктер, саяхатшылар сапарын жоспарлағанда ЮНЕСКО тізіміне енген ескерткіштерге қарап бағыт-бағдар алады.

Азаттық: Ол тізімге енген ескерткіштердің қандай жағдайда екенін тексересіздер ме?

Юрий Пешков: Конвенцияға сәйкес әрбір алты жыл сайын мониторинг жүргізіп, бас штабқа ескерткіштерге қатысты есеп береміз. Қазақстандағы нысандарға

Қазақ даласы. (Көрнекі сурет)

қатысты өткен жылы есеп бердік – жағдайлары жаман емес.

Азаттық: Бірақ Алматы маңындағы Таңбалы тас петроглифтері ашық аспан астында қирап жатқаны белгілі ғой.

Юрий Пешков: Ол нысандарды қорғап, сақтау шаралары жасалып жатыр. Ол жерде күзетшілер бар.

Азаттық: «Қорғап-сақтау шарасы» деген тек күзетші қою ма?

Юрий Пешков: Жоқ, олай емес. Бірақ ЮНЕСКО конвенциясы бойынша, мемлекет тізімге енген ескерткішті қорғап-сақтауға міндетті. Ол ескерткіштің жанындағы инфрақұрылым, жол және тағы басқа жайттар – биліктің жұмысы. ЮНЕСКО ескерткіштің тізімге алынған кездегі жағдайы қандай болды – сол күйінде сақталуын ғана қадағалап отырады.

ҰЙЫМНЫҢ МӨРІ

Азаттық: ЮНЕСКО соғыс аймағында қалып қойған нысандарды қалай сақтай алады?

Юрий Пешков: ЮНЕСКО ұйым ретінде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін

Будда ескерткішінің 1997 жылғы (сол жақта) бүтін және 2001 жылғы қирап қалған кездегі суреті. Ауғанстан.

құрылды. Дәл сол кезде ескерткіштердің сақталуы өте өзекті мәселе еді. Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген ескерткішке ЮНЕСКО-ның таңбасы қойылады. Егер ескерткіш соғыс болып жатқан аймақта қалса, конвенцияға қол қойған ел таңбасы бар ескерткішке тиіспеуі тиіс.

Азаттық: Соғыс кезінде ескерткіштерге зиян келсе, не ол мүлдем қирап қалса ше?

Юрий Пешков: Өкінішке қарай, ондай мысал бар. Ауғанстанның Бамиан өңіріндегі Будда ескерткіштері ұрыс кезінде қиратылған болатын. Бұл оқиға әлемнің назарын өзіне аудартқан. Соның нәтижесінде, ЮНЕСКО қаржы тартып, әлемнің білікті ғалымдарын біріктіріп, ірі компания ұйымдастырды. Олар ескерткішті қайта қалпына келтіру ісін қолға алды. Осылайша ЮНЕСКО мәдени мұра ескерткіштерін сақтап, қайта қалпына келтіруді жүзеге асырады.

Азаттық: Сұхбатыңызға көп рақмет.