Орамалын шешпеген оқушылар "келесі сыныпқа көшпейді"

Батыс Қазақстан облысында (БҚО) жергілікті билік төрт оқушы қыздың әке-шешесін қыздарын сабақта орамалдарын шешіп отырсын деген талапқа көндіре алмай жүр. Әкелері "қыздарым қазақ әйелдерінің ұлттық бас киім түрі - кимешек киеді" деген уәж айтады. Алты ай бұрын БҚО-да 160 орамал таққан оқушы қыз болған. Бірақ қыздарының мектепте орамал тағып жүру құқығын сот арқылы қорғауға тырысқан ата-аналардың сәтсіздікке ұшырап, айыппұл төлеуге мәжбүр болған соң әрі шенеуніктердің үгітінен кейін оқушы қыздардың бәрі дерлік сабаққа орамалдарын тастап барып жүр.

Ерлан Хамзин және анасы - Қанымзия. Чапаев ауылы, Ақжайық ауданы, Батыс Қазақстан облысы. 24 сәуір, 2018 жыл.

Қыздарын сабаққа кіргізбей жатқан ата-аналардан алғашқы шағымдар ақпарат құралдарына былтыр қазанның ортасында түсе бастаған болатын. Ата-аналар қала және ауыл мектептерінің кіре берісінде оқушы қыздарды мұғалімдер мен полицейлер күтіп алатынын айтып берген. Олар оқушылардан орамалдарын шешуді талап еткен. Ал келіспегендерін үйлеріне қайтарып жібереді. Билік өкілдері мен облыстық білім басқармасы басшылары мектеп жарғысы мен министрдің адамның діни ерекшелігін білдіретін киім элементтерін мектеп формасына енгізуге тыйым салатын бірыңғай талаптар қарастырылған бұйрығына сілтеген.

ОРАМАЛ ТАҒУ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ

Хамзиндер отбасы тұратын 1980 жылдары - совет заманында салынған екі қабатты үй Орал қаласынан 125 километр жердегі Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылының Достық көшесінде орналасқан. Бұл ауыл туралы Азаттық ертеректе жазған болатын.

Хамзиндере әулеті осы үйде тұрады.

Хамзиндер үйінің көрші үйлерден еш айырмашылығы жоқ. Қазақ ауылдарында мүлде сирек кездесетін екі қабатты үйлерді ауылдың орталығынан сәл әріректен жеке тұрған шағын квартал етіп салынған. Үйлерден ондаған метр жерде пәтерлерде кәріз жүйесі жоқтығын білдіретін белгі – тақтайларды қиюластырып жасап қойған әрі қазір қисайып кеткен әжетханалар тұр. Әжетханалардан сәл әріректегі жасанды жабынды төселген жаңа спорт алаңы жергілікті жабырқаңқы пейзажбен үйлеспей тұр.

Жасы 40-тар шамасындағы ер адам "Ассалаумағалейкум! Төрлет!" деп қолын созды. Бұл - жергілікті бокс жаттықтырушысы әрі алты айдан бері сабаққа бармай жүрген үш қыздың әкесі Ерлан Хамзин.

Қосқабатты үйлердің ауласындағы дәретханалар.

Қарапайым етіп жабдықталған үш бөлмелі пәтердің дәлізінде ескілеу бірнеше аяқ киім тұр. Сақалы онша қалың емес, мұрны сынған (1990 жылдары төбелесіп, алты ай түрмеде отырған), мығым денелі отағасы үстіне кең әрі балағы қысқа синтетикалық трико киген. Ерланның бес баласы бар. Үшеуі – оқушы. Үлкені Айнара - 10 сыныпта, Ақбаян - сегізінші, Сумая бірінші сыныпта оқыған. Қалған екеуі әлі мектепке бармаған. Ерланның сөзінше, ол балаларының бәрін ислам қағидалары бойынша тәрбиелейді.

Бір бума қағазды қазақы аласа үстелге ұқыптап жайып жатып Ерлан "қазір бәрін айтып беремін" деді. Бұл - мемлекеттік орган, сот, аудандық және облыстық билікпен алты ай бойы жазысқан хаттар. Хамзин қыздарының сабаққа орамал тағып бару құқығын осылай, арасында сот арқылы да қорғауға тырысқан. Бірақ одан ештеңе шықпаған. Ол сот төрелігінен бәрібір үміт үзбей, апелляциялық шағым жазуын тоқтатпаған.

Ерланом Хамзинннің президентке жазған хаты - осы.

​Хамзиннің ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хатының кіріспесі Құранның бірінші сүресіндегі "Бисмилляхи Рахмани Рахим" деген сөздермен басталады. Президенттің атына жолданған хаты білім және ғылым министрлігіне түскен, ол жақтан аудандық білім беру бөліміне жолдаған. Хамзинге барлық мемлекеттік органдар сияқты білім беру бөлімі де мектепте орамал тағу заңсыз және өзге де діни атрибутикаға да тыйым салынады деп жауап қайтарған.

Алты ай бойы жергілікті әкімдік шенеуніктері, теолог, психолог мамандар мен жергілікті ақсақалдар Ерлан Хамзин мен оның қыздарын сабаққа орамалсыз баруға үгіттеп көрген. "Білім беру саласындағы заңдарда қарастырылған міндеттерін орындамағаны немесе дұрыс орындамағаны" үшін білім саласын бақылау облыстық департаменті Ерланға екі рет айыппұл салған. Бірінші жолы - 22 690 теңге, екінші жолы айыппұл көлемін екі есеге көбейткен.

Өткен дүйсенбі күні Хамзиндер кіші қыздары Сумаяның шашын екі бұрым етіп өріп, бант тағып әрі матадан жасалған жалпақ "ободокпен" бүркеп сабаққа жіберген. Бірақ бұл амал мектеп басшылығының көңілінен шықпаған. Бірінші сынып оқушысын әуелі сыныпқа кіргізген, бірақ сосын мектептен бәрібір шығарып жіберген. Басшылық оқушы қыздар басын ештеңемен бүркемесін деген талабынан қайтпай отыр.

Ерлан Хамзиннің бірінші сыныпта оқитын қызы Сумая.

"БІЗ ТЕРРОРШЫ ЕМЕСПІЗ!"

- Терроризмге ешқандай қатысымыз жоқ. Біз де елде бейбітшілік, тыныштық болса дейміз. Отанымызды жақсы көреміз. Тек бір нәрсені – балаларымыз Конституцияда жазылған діни сенім еркіндігін неге қорғай алмайтынын түсіне алмай далмыз. Қыздарым мектеп формасын киеді. Бірақ мұсылман қыздар қоғамдық орындарда басын ашық ұстап жүрмеуі тиіс. Отбасымызда осындай ереже бар. Бұған қоса, балаларымызға дұрыс тәрбие беріп отырғанымызға сенімдіміз, - дейді Ерлан Хамзин.

Оның сөзінше, "дін істері", "ішкі саясат" және "КНБ" өкілдері Ерланды әңгімелесуге орамалға қатысты жанжалға дейін де бірнеше мәрте шақырған. Әңгіме оның сақалы жайлы болған.

- Олар маған "балалармен жұмыс істейсің ғой, сақалдың керегі не? " дейді. Олар балалар сақалдан қорқады деп ойлайды. Оларға "олай емес, жағдайды ушықтырып отырған өздеріңіз" деп айттым.

- Қыздарыңыздың орамал тағуы неліктен маңызды?

- Бұл - біздің дәстүріміз, сондықтан оларды жеті жасынан солай тәрбиелегенбіз. Жұрттың көбі орамалды мәжбүрлеп тақтырады деп ойлайды. Мәжбүрлеген жоқпыз, солай тәрбиеледік. Екеуінің айырмасын түсіну керек. Өйткені бала кезінен тақпаған баланы жасөспірім кезінде күштей алмайсың. Мәжбүрлейтіндер де бар. Біз ондайлардың қатарынан емеспіз. Бала құқығы туралы заңға сәйкес, балаларымыздың тәрбиесіне мемлекет араласпауы тиіс, - деп санайды Хамзин.

Чапаев ауылының келбеті.

​Әңгіме кезінде Ерланның анасы - 70 жастағы Қанымзия Хамзина жанымызда отырды. Ол кісі шенеуніктерге қатты өкпелі.

- Оларда балаларға деген еш аяушылық жоқ. Балалармен жұмыс істейтін адамдардың жүрегі жұмсақ болуы тиіс. Прокуратураға да, облыс әкіміне да бардық, балаларымызды ешқайсысы қорғамай қойды. Уәждерімді тыңдағаны үшін әкімге ғана ризамын. Мына жанжалды жұртқа дабыра қылмай мәмілеге келер едік. Бірақ олар ерегесіп алды. Кіре беріске парта қойып, полиция шақырды. Оларға біресе түсініктеме, біресе арыз жазамын. Бір ай осылай сенделдік. Ерлан талай жылдан бері сол ортада жұмыс істеп жүр ғой, не ескерту, не сөгіс алып көрген емес. Енді бес баламен қайда барады? Сонда олардың көздегені не? Түсінбеймін, - дейді Қанымзия Хамзина.

- Ал қыздарыңызбен сөйлесуге бола ма? – деп сұрап, оларды бөлмеге шақыруын өтіндім.

Бөлмеге бастарына орамал тағып, үстеріне ұзын көйлек киген Айнара мен Ақбаян кірді. Екеуінің бөтен ер адамның алдында сәл қысылып тұрғаны байқалды.

- Мына жағдай туралы не ойлайтындарыңның бәрін айтып беріңдер, - деді оларға әкесі.

- Мен келіспеймін. Орамалымды шешкім келмейді, - деді бірінші болып жауап берген Ақбаян.

- Мен де шешпеймін, - дейді Айнара оны қостап.

- Кей құрбыларың сендер туралы қалған балаларды менсінбейді деп ойлауы мүмкін деген пікір бар екен, - деймін әпкелі-сіңлілі қыздарды сөйлетуге тырысып.

- Олардың ондай ойы жоқ сияқты. Сыныптағы балалардың бәрімен татумыз, - дейді Ақбаян.

- Орамалды қай жастан бастап тағасыңдар?

- Мен бірінші сыныптан.

- Мен үшінші сыныптан тағамын.

- Мына жағдай туралы ойларың қандай?

Қыздар қойған сұрақтарыма жауап бермей үнсіз тұр. Әңгімеміз мүлде қиюласпады.

- Негізі, мектепте оқығыларың келе ме?

- Иә, - деп қосарлана жауап берген қыздар көздерін төмен салып, тағы үнсіз қалды.

"ХАЛЫҚ ЖАУЫ" СИЯҚТЫМЫЗ

Ерлан жұмысқа жиналып жатқанда анасы Қанымзия апаймен әңгімелесіп отырдық.

- Намаз оқымайтын адамдарға қалай қарайсыз?

- Бұл әркім өз еркімен жасайтын нәрсе. Ешкімді күшпен оқыта алмайсың. Адам бұл жолға өзі келуі тиіс. Жасым 70-те, әже-аталарым намаз оқыған кісілер. Мысалы, өзімнің төрт ұлымның ішінде де біреуі намаз оқиды, біреуі оқымайды, мен оларды намаз оқымадың деп жазғырмаймын.

Аналы-балалы екеуі мемлекет қаржыландыратын "Приуралье" облыстық газеті жариялаған Чапаев ауылындағы орамалға қатысты дауға арналған мақаланы көрсетті. Ол жерде Хамзиндер туралы да жазылған. Мақалада ата-аналарды қыздарының хиджабын шешуге көндірудің сәті түскен аудандық, қалалық шенеуніктердің, мектеп директорларының пікірлері берілген. Қысқасы, Хамзиндердің өздерінен басқа мүдделі тараптардың барлығының пікірі келтірілген

- Ол жерде бізді халық жауы сияқты етіп көрсеткен,- дейді мақалаға комментариде.

- Ұлым мен немерелерімді талқылаған жиналыстары бітпейді. Қыр соңымыздан қалмайды. Тыныштығымыздың бұзылғанына алты ай болды. Өзге балалар ойнап-күліп мектептен келе жатады, ал біздің қыздар үйде отырады. Енді биліктің қай өкілінен қорған іздейтінімізді білмейміз. Қазір 37 жыл болса, ұлымды атып тастайтын түрлері бар ғой, түге! Мектеп не жылулық, не түсіністік танытпай қойды. Бөтен емес, бала кезінен сол мектепте оқып жүрген балалар ғой. Балаларды оқысақ деген ынтасынан, болашаққа деген үмітінен айырып отыр, - дейді Ерланың анасы.

Қанымзия Хамзинаның сөзінше, немерелері үйде оқулықпен өздері сабақ оқиды.

Далаға шықтық. Ерланмен ауыл орталығына дейін бірге баратын болдық. Ол күнделікті көлігі велосипедіне отырды. Ауылдың орталық көшелерінің бірінің бойымен келе жатырмыз. Ерланның велосипеді сықыр-сықыр етеді. Ара-тұра жанымызға балалар, жасөспірімдер, жас жігіттер жүгіріп келіп, Ерланмен қол алысып амандасып, хал-жағдайын сұрап кетеді.

Ерлан Хамзин үнемі велосипедпен жүреді.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі өкілдері Ерлан Хамзинді жақсы жаттықтырушы әрі кішіпейіл адам ретінде сипаттайды.

- Өз ісінің шебері. Облыстағы ең үздік жаттықтырушылардың үштігіне кіреді деуге болады. Ол баулып жүрген балалар бокстан жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Кейінгі жылдары ауданда бірінші болып спорт шебері атағына боксшылар кандидат болды. Үлкен, кіші демей сыйлап тұрады. Жақсы адам. Ол кісінің дінді насихаттағанын ешқашан естімеппін, - дейді спорт мектебі директорының орынбасары Нүркен Сарқұлов.

- Өзім әкесіз өстім. Анам мені Ерлан ағаға жетектеп әкелген, осы кісінің қол астында 11 жыл жаттықтым. Республикалық турнирлерге қатысып, талай орын алдым. Ол кісі мені тек жақсы дүниелерге баулыды, - дейді жаттықтырушылардың бірі Данияр Сейітқалиев.

- Балаларға ұрысып немесе дауыс көтеріп жатқанын ешқашан көрмеппін. Ешқашан жаман нәрсе істемеген адам, - дейді спорт мектебінің тағы бір қызметкері Дария Ғабуллина.

Ерлан екеуміз кенттің тура орта тұсындағы бір-біріне қарама-қарсы етіп орнатылған екі ескерткіштің жанына келдік. Біріншісі - азамат соғысы жылдары бұл өңірлерге террор арқылы большевиктер билігін орнатқан қызыл армия қолбасшысы Василий Чапаевтың ескерткіші. Болжамдардың біріне сәйкес, Чапаевты осы жерде Орал казактары өлтірген.

Василий Чапаевтың ескерткіші.

Ал екіншісі – көпке белгілі "Мен – қазақпын" өлеңінің авторы, осы өлкеден шыққан совет ақыны Жұбан Молдағалиевке тәуелсіздік жылдары орнатылған ескерткіш.

Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші.

- Облыс имамымен әңгімелескен кезде ол кісіге "Қарапайым мұсылманмын. Ресми исламға қарсы шықпаймын, шариғат қағидаларын орындаймын, мешіттегі ережелерге бағынамын" дедім, - дейді Ерлан. – Оқу жылын бітіру үшін балаларды мектепке кіргізулерін өтінеміз. Мүмкін болашақта арнайы мектептер ашылып қалар. Бір амалы табылып қалар, жолдарын іздейміз енді. Өзім олардың зайырлы, бірақ қыз балаларға арналған мектепте оқығанын қалар едім.

Ерлан жергілікті спорт мектебінде бокстан жақттықтырушы болып соңғы ай жұмыс істеп жатқанын айтты. Жұмыстан өз еркімен шығатыны туралы арыз берген. Оның сөзінше, билікпен арадағы даудың кесірі әріптестеріне тимес үшін жұмыстан кеткісі келеді.

Ерлан Хамзиннің жұмыс орыны - спорт мектебі.

Қазір Хамзиндер отбасы Ерланның жалақысы, анасының зейнетақысы және балалардың жәрдемақысына күнелтіп отыр. "Отағасы жұмыстан шыққан кезде қалай күнелтетін боласыздар? " деген сұраққа олар "Аллаға шүкір, бала-шағаны асыраймыз" деп жауап берді.

"КЕЛЕСІ СЫНЫПҚА КӨШПЕЙДІ"

Ақжайық ауданы білім беру бөлімінің бастығы Бақыт Абдулованың айтуынша, мына жағдайдан шығудың амалы біреу ғана. Ол – қыздар орамалдарын шешіп, сабаққа бастарын бүркемей баруы тиіс.

- Өзге жолы жоқ. Жақсы оқығанымен, олар биылғы оқу жылында аттестатталмайды, келесі сыныпқа көшпей екінші жылға қалады. Мектеп формасына қатысты бірыңғай ережелерді педкеңес ата-аналардың келісімімен бекіткен. Әр ата-ана тиісті келісім-шартқа қол қойған. Әлгі ережелерде мектепке шашты бояп немесе, мысалы, жыртық джинсы киіп келуге болмайды деп жазылған. Ол ережені бұзуға я өзгертуге тіпті менің қақым жоқ, - дейді Бақыт Абдулова.

Ақжайық ауданының әкімдігі.

Аудандық білім беру бөлімі бастығының дерегінше, әу баста ауылда орамалын шешуден бас тартқан 20 шақты оқушы болған. Қазір тек Хамзиндер ғана қалған.

- Ол кісілермен жұмыс істегенімізге бір жыл болды, түк шықпай жатыр. Ол кісіге түсіндірілді, ауданның қоғамдық кеңесіне де шақырдық. Психолог пен телолог мамандар балалармен сөйлесіп, үгіттеді. Оларды орамалдарын шешуге көндіргендей болған, бірақ олар әке-шешесінен қорқады. Ал Ерлан "орамалын шешуге қыздарымның өздері келіспейді, оларды өздерің көндіріңдер" дейді. Бірақ кәмелетке толмаған балалары үшін әке-шешесі жауап береді ғой. Оған "балаларды аясаңшы" деп айттық. Ең болмаса кіші қызын сабаққа орамалсыз жіберуіне болады ғой, - дейді Абдулова.

- Ол жіберіпті ғой?

- Кіші қызы сабаққа келді, бірақ шашына бантик тақса да, басында бәрібір орамалы болған. Бұл бәрібір дінді насхаттау болып саналады. Сабақтың алдында, сабақтан кейін киімдерін ауыстыруы үшін ондай оқушы қыздарға тіпті жеке кабинет бөлуге келісіп отырмыз. Бірақ олар келіспейді.

- Оларды үйден оқытуға болмай ма?

- Заң бойынша балалар үйден денсаулығына байланысты әрі тиісті медициналық ұйғарым шыққаннан кейін ғана оқи алады. Хамзиндердің қыздары бұл категорияға жатпайды. Бізде онлайн режимде оқыту қарастырылмаған.

Мұның алдында Хамзиндер айтып берген жайттарды Бақыт Абдулова да растады. БҚО дін істері басқармасы өкілдері төрт оқушы қыздың ата-анасына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп мәлімдейді. (Жуырда Орал қаласында тұратын тоғызыншы сынып оқушысының әкесі Қиыл Әкімов те Хамзин сияқты мектеп басшылығын сотқа беріп, апелляциялық сот алқасында жеңіліп қалған және ертеректе оған да екі рет айыппұл салған).

- Өз тарапымыздан бүкіл жұмысты атқардық. Оларға балалар сабақтан қалып қояды, психологиялық соққы алады деп түсіндірдік. Бірақ ата-аналар мен оқушыларға қысым жасауға құқымыз жоқ. Әр адам өзі шешуі тиіс. Меніңше, мына жанжал көп ұзамай реттеледі, - дейді басқарма бастығы міндетін атқарушы Азамат Төлепов.

Чапаев ауылы көшесіндегі баннер.

Төлеповтің айтуынша, олардың ведомствосына орыс және араб тілдерін жетік білетін он шақты кәсіпқой теолог маман жетіспейді. Бұдан бөлек, қазір басқарма сайтында сараптама, мониторинг және ақпараттық талдау мен әкімшілік бөлім басшыларының қызметіне екі бос орынға хабарландыру жарияланған

Өткен аптада "пара беруге итермелегені" үшін басқарманың бұрынғы басшысы Саялбек Ғиззатовқа ірі айыппұл салынған.

Басқарма дерегінше, қазір БҚО-да 148 адам жұмыс істейтін 13 "ақпараттық-түсіндіру тобы" бар.

Кейінгі жылдары Қазақстан билігі елде "дәстүрлі емес" ағымдардың ықпалы күшейіп бара жатыр деп алаңдап отыр. Елде ресми деңгейде Ханафи мәзхабын "дәстүрлі дін" деп атайды. Арнайы операциялар, "экстремизм" үшін түрмеге кесу шаралары және Қазақстан билігі діни радикалдар ұйымдастырған "теракті" деп атайтын әрі адамдардың өліміне соқтырған қарулы қақтығыстар тұсында діндарларды бақылау күшейіп барады.