Өзбекстандағы президент сайлауы нені көрсетті?

Сайлау насихаты стендінен Мирзияевті көрсетіп тұрған бала.

Желтоқсанның 4-і күні Өзбекстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы өтті. AzattyqLIVE бұл тақырыпты саясаттанушы Расул Жұмалымен талқылады.

Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хабарлауынша, мерзімінен бұрын президент сайлауының алдын ала нәтижелері желтоқсанның 5-і күні жарияланады. ОСК басшысы Мирза-Улугбек Абдусаломов бұл жайында сайлау өткен желтоқсанның 4-і күні, дауыс беру учаскелері жабылған соң мәлімдеді. Абдусаломов дауыс беруге сайлаушылардың 87,83 пайызы - 17,9 миллион адам қатысқанын айтты.

Бұл сайлауда 2003 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев жеңіске жетеді деген болжам бар. 59 жастағы Мирзияев күзде авторитарлық президент Ислам Каримовтің қайтыс болғаны хабарланғаннан алты күн өткенде президент міндет атқарушы болып жарияланған.

Мирзияев президент міндетін уақытша атқарушы болып конституцияға сай жарияланған жоқ. Конституция бойынша, президент міндетін уақытша атқару алдымен парламенттің жоғарғы палатасы спикеріне жүктелуі тиіс болатын. Мирзияев бұған дейін Ислам Каримов салып берген саяси бағыттан айнымайтынын мәлімдеген.

AzattyqLIVE «Өзбекстандағы президент сайлауы нені көрсетті?» деген тақырыпты саясаттанушы Расул Жұмалымен талқылады.