Жолақысы 80 теңгелік пойыз

"Тұран экспресс" жолаушылар компаниясының өкілдері Алматыдан Қазыбек бек бекетіне қатынайтын жолаушылар пойызын ашты. Алматы, 16 тамыз 2017 жыл.

Алматы-2 теміржол вокзалынан Қазыбек бек станциясына жүретін пойыз. Алматы, 16 тамыз 2017 жыл.

Алматы-2 вокзалы. 

Әр вагон ішіне кондиционермен бірге теледидар да қойылған. Орындықтары жолаушыларға барынша ыңғайлы етіп жасалыныпты.

Тәуелсіздік кезеңінде Қазыбек бек станциясын Алматымен жалғаған алғашқы тарихи пойызбен қалаға 15 адам келді.

Жол ақысының 80 теңге екенін таңғалған Қазыбек бек ауылының тұрғыны Ұлжан Нұрбаева "Ауылда көп адамда жұмыс жоқ. Қалаға барып қатынап істеу қиын. Себебі тапқаныңның жартысынан көбі жолға кетіп қалады. Бұрындары қаладан пәтер жалдап тұрып, жұмыс істейтінбіз. Оның өзі де тиімсіз. Сондықтан жұрттың бәрі қазір ауылда. Жазда бау-бақшаға жұмыс істейді. Қыста бос жататын. Енді қалаға шығып жұмыс іздейміз" дейді.

Қызбек бек ауылы тұрғындарының айтуынша, олар Алматыға көбінесе таксимен қатынап келген. "Такси қалаға дейін 700 теңге алады. Ал автобус 400 теңге. Бірақ автобус сағат жетіде шығатындықтан жұрт жұмыстан кешігіп қалады. Сол себепті амалсыз таксиге отыруына тура келетін" дейді кейбір тұрғындар. 

«Бұрындары «Шымкент – Алматы» пойызы тоқтайтын. Олар 200 теңгеге алып кететін. Қазір таңертеңгі 9:15-те Манғышлақ пойызы келеді. Кейде іште комиссия бар деп отырғызбай қояды. Кейде 500 теңгеге алып кетеді» дейді бір-біріне сөз бермей жарыса сөйлеген жұрт.

Қазыбек бек теміржол бекеті. 

Қалааралық пойыз екі бағытта жүретін болды. Бірінші бағыт Алматы-2 вокзалынан Қазыбек бек теміржол бекетіне дейін болса, екінші бағыт Алматы-1 вокзалынан Қапшағай қаласына дейін. «Тұран экспресс» жолаушылар компаниясы директорының орынбасары Ерсін Сабырханов: "Алматы-1 мен Қапшағай қаласының аралығына жүретін пойызды вагондарымен қосып Эстониядан әкелдік. Ол пойыз дизельмен жүреді. Ал мына вагондарды Қытайдан лизингпен сатып алдық. 2010 жылы құрастырылған" дейді.

Таңғы 06:03-те Қазыбек бек бекетінен шыққан пойыз екі сағат жүріп, Алматы-2 теміржол бекетіне тоқтайды. Ал кешке 18:43-те Алматы-2 теміржол бекетінен кері аттанады. Екінші бағыттағы пойыз таңғы 05:45-те Қапшағайдан шығып, 07:03-те Алматы-1 теміржол бекетіне келіп жетеді.

Суретте: пойыздың жүру кестесі.