2014 жыл - Азаттық карикатурасында

"Қазақстанның Годзилласы"

Елдің астанасы мен бірнеше қаласында жыл бойы жалғасқан жергілікті биліктің мемлекет мұқтаждығы үшін жер учаскелерін тартып алып, үйлерді қирату әрекеті әлеуметтік наразылық туғызды.

"Аптап астындағы үш айсберг"

Биылғы мамырда Ресей, Қазақстан мен Беларусь 2015 жылдан бастап Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім жасады. Кейін бұл одаққа Армения қосылып, Қырғызстан кіруге талаптанып жатыр. Алайда бұл елдердегі біраз тұрғын Украинадағы әрекеті үшін Батыстың санкциясына ұшырап, экономикасы әлсіреп, валюта дағдарысын бастан кешіп жатқан Ресеймен одақ құруға күмәнмен қарай бастады.

"Ашылған шекаралар"

Еуразия экономикалық одағына қосылған соң Қазақстанның Ресеймен шекарасы қайтадан шартты сызыққа айналуы мүмкін деп қауіптенетіндер көбейді.

"Шыбын алдындағы дәрменсіздік"

Қарағандылық адвокат Евгений Танков сот процесі кезінде наразылық шарасы ретінде судьяны "шыбын ұрғыш дуэліне" шақырам деп "заң өкіліне зәбір көрсеткені үшін" шілдеде үш жылға сотталып кетті.

"Сүйіскен классиктер" дауы

Құрманғазы мен Пушкин көшелерінің қиылысын бейнелейтін банерге айналып үлгермеген байқау эскизі үшін алматылық жарнама агенттігіне айыппұл салынды. Сотқа беруші ондаған адам қорланғандарын айтады. Шығармашылық өкілдері қоғамдық орынға ілініп те үлгермеген бұл суретте қорлау белгісі жоқ деп санайды.

"Жаңа жол белгісі"

2014 жылы Қазақстанда лауазымды адамдар мен олардың балалары көлігімен адам қағып, заң алдында жауапкершілікке тартылмаған оқиғалар жиі қайталанды.

"Бесаспап"

Алматыда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында рекорд жаңартқан қазақстандық әйгілі спортшы Илья Ильин бір уақытта ту ұстап та, гимн шырқап та, гимн авторымен телефон арқылы сөйлесіп те үлгерді.

"Құлау"

Батыстың санкциялары мен мұнай бағасының арзандауы қысқан Ресейдің ұлттық валютасы бір ай ішінде 70 пайыз құнын жоғалтты.

"Бостандық"

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған қоғамдық белсенді Роза Төлетаева биыл жыл соңына қарай түрмеден босатылды.