Өз азаматтарын өлтіру тұрақтылыққа кепіл болмайды

Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшыларға қолдау танытқан Ақтау тұрғындары «Халыққа оқ атпаңдар» деген жазу ұстап тұр. Ақтау, 19 желтоқсан 2011 ж.

Мұнайдан түскен кірістер әділ бөлінбейінше, жалғыз Маңғыстау облысында ғана емес, басқа аймақтарда да жағдай шиеленісе береді. Өз азаматтарын өлтіру тұрақтылыққа кепіл болмайды және оның саяси салдары барын ескеру керек дейді сарапшылар. Ақорда болса кеш қимылдаған үкіметті сынады.

Қазақстан үкіметінің жетекшісі Кәрім Мәсімов Жаңаөзендегі жұмыссыз мұнайшыларды жұмысқа орналастыру мәселесін қысқа уақыттың ішінде шешуге уәде етті. Ресми деректер бойынша, желтоқсанның 16-сы күні бұрқ ете түскен тәртіпсіздіктерді күшпен басу барысында 14 кісі қаза болып, 80-нен астам адам жараланған. Бейресми деректер зардап шеккендер саны бұдан әлдеқайда көп дейді.

МӘСІМОВТІҢ УӘДЕСІ

Желтоқсанның 20-сы күні Астанада өткен үкіметтің селекторлық жиынында премьер-министр Кәрім Мәсімов Ақордадан берілген нұсқауға сілтеме жасап,

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті салынған банерден қалғаны. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 ж.

жұмыссыз мұнайшылардың мәселесін «ертеңнен қалдырмай» тездетіп шешу туралы тапсырма берді. «Бұл басты мәселе» деді Мәсімов.

Ал «жеке компаниялардағы» жұмыссыздарды еңбекке орналастыру мәселесін премьер-министр «ерікті-мәжбүрлеу тәртібімен» өзі шешетінін айтты.

Бірақ үкіметтің осы мәлімдемесінің ізінше Ақорда жақтан – Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев оған сын айтты. Оның пікірінше, әлгіндей «шұғыл шараларды осыдан жарты жыл бұрын, дереу қабылдау керек еді».

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысындағы ереуіл жасаған мұнайшылар жұмыс орындарының жоқтығына байланысты емес, билік негізсіз деп санаған осы ереуілге қатысқандары үшін жаппай жұмыстан қуылған болатын. Ал олардың талаптары тек жұмысқа орналасу мәселесімен ғана шектелмейді.

«БОЛУҒА ХАҚЫ ЖОҚ ҚҰБЫЛЫС»

Мұнайшылар талабының заңдылығын, олардың наразылық білдіруге конституциялық құқығын Қазақстан билігінің мойындағысы келмеуінің себебі осыған байланысты болуы әбден мүмкін. Азаттық радиосына берген сұқбатында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының атқарушы директоры Ерлан Байжанов былай деп мәлімдеді:

– Бұндай ереуіл өткізуге ешқандай – құқықтық та, экономикалық та негіздер болған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, мен бұны негізінде болуға еш хақы жоқ құбылыс деп санаймын.

Әйткенмен, тағы бір талдаушы, Алматылық қаржы сарапшысы Төлеген Асқаров аса үлкен әрі маңызды бір проблеманы шешпейінше, жалғыз

Жаңаөзен қаласындағы орталық алаң. 19 желтоқсан 2011 ж.

Маңғыстау облысында ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның өзге аймақтарында да шиеленісті жағдайды жою мүмкін еместігін атап көрсетеді.

«Қазақстанда мұнай-газ саласынан және тұтастай алғанда өндіруші өнеркәсіптен түскен кірістерді әділ бөлу проблемасы әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Жұрт мұны көріп отырғандықтан, осы мәселеде әділеттіліктің болуын талап етеді.

Сондықтан бұл жағдай тек жалғыз Маңғыстау облысымен ғана шектелмейді. Осыған ұқсас жайттарды мұнай-газ өндіретін басқа да аймақтардан көретін боламыз», – дейді Төлеген Асқаров.

Атап өтер нәрсе, Жаңаөзен мен Шетпедегі қанды оқиғалардан соң, ереуілші мұнайшылар жоғарыда аталғандарға қоса жаңа талаптар қоя бастады. Нақты айтқанда, олар өз халқына оқ атуға бұйрық бергендерді тауып, жазалауды талап етіп отыр.

Жаңаөзендегі оқ атылған сәт көрсетілген Youtube сайтындағы видео:

http://www.youtube.com/embed/y09RnHo-lBo




ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ТӘТТІ СӨЗ

Қазақстанда бұдан өзге де толып жатқан басқа проблемалар жетерлік, алайда осы кезге дейін билік ұзақ уақыт бойы олардың барын мойындамай, қарысып жоққа шығарумен келді. Және де бұл проблемаларды қазақ билігі

Лондон университетіндегі Шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы доктор Бавна Даве. Астана, шілде, 2010 ж.

тұрақтылық туралы насихаттық тұжырымдамамен бүркемелеуге тырысты.

Әлем ондай тұжырымдамадан баяғыда бас тартқан, деп атап көрсетеді Лондон университетіндегі Шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы, Орталық Азия жөніндегі сарапшы доктор Бавна Даве.

Ол енді Қазақстандағы тұрақтылық туралы тәтті сөздермен баршаны иландыру мүмкін еместігіне сенімді. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық проблемалар мүлде басқаша шешімдер табуды және оған ел азаматтарының кеңінен қатысуын қажет етеді. Бірақ, сонымен бірге, ондай шешім табуға қазіргі қазақ билігінің қабілеті жетеріне Лондондық сарапшы шек келтіреді.

Бұдан өзге, Бавна Даве барлық қордаланған проблемалардың, әсіресе Маңғыстау облысындағы бұл қанды оқиғалардың саяси салдары болып, Қазақстандағы алдағы парламент сайлауына сөзсіз әсер етеріне шүбә келтірмейді. Көршілес Ресейдегі жағдайға ұқсас.

Оның пікірінше, Ақорда билігі кезектен тыс бұл сайлауды өздерінің саяси бәсекелесі – оппозицияға мүмкіндік беру үшін тағайындаған жоқ, басқа мақсатпен – биліктегі өз позициясын сақтап қалу үшін өткізгелі отыр.

Алайда Бавна Даве Қазақстанда сайлаудан кейінгі жағдайдың қалай өрбитіні
Путин сияқты, қазақ басшысы да енді әлемнің өзге бөлігінен оқшауланған болып көрінбейді.

туралы болжам жасаудан тартынады. «Қазір ол туралы бәлендей бірдеңе айтуға әлі ерте, тіпті Ресейдің өзінде не болары түсініксіз» деген түйін жасайды Лондондық сарапшы.

Foreign Policy басылымының редакторы, әрі Wall Street Journal басылымында Орталық Азия мен Кавказ аймақтары жайлы жазатын тілші Стив Левин де Ресей мен Қазақсанда қалыптасып отырған жағдайларды салыстырады.

Желтоқсанның 19-ы күні Foreign Policy сайтындағы блогында ол «өз азаматтарын өлтіру тұрақтылық кепілі болмайтындығын» атап жазды. Және де, Қазақстанда алдағы айда болатын сайлауға байланысты: «Путин сияқты, қазақ басшысы да енді әлемнің өзге бөлігінен оқшауланған болып көрінбейді» деп ескертіп, ұзақ жылдар бойы билікті жеке иемденіп келген басшыларын төңкеріп тастаған араб елдерін меңзейді.