Қазақстандағы бірнеше өңірде электр жарығының жаппай өшуіне Қырғызстандағы Тоқтоғұл су электр станциясында екі гидрогенератордың ажырағаны себеп болған. Бұл туралы Қазақстан электр желілерін басқару компаниясы — KEGOC хабарлады.
Компания мәліметінше, Қырғызстандағы гидрогенераторлар 14 тамызда сағат 14:37-де ажыраған. Соның салдарынан Қазақстанның бірыңғай электр жүйесіндегі Солтүстік — Шығыс — Оңтүстік транзиттік желісіне шамадан тыс жүктеме түскен. Нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік аймағы мен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан кіретін Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесінен ажырап қалған.
Жарық Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда мен Жетісу облыстарында, сондай-ақ Қарағанды, Ұлытау мен Абай облыстарында өшкен. KEGOC кейін Қазақстан өңірлерінде электр энергиясы толық қалпына келтірілгенін хабарлады. Ақаудың нақты себептерін арнайы комиссия тексермек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Орталық Азия елдерінде жарық сөнді. Алматыда кептеліс болып, метро тоқтап қалды14 тамызда Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда да электр энергиясы жаппай өшті. Алайда елдердің апаттың себебі туралы мәлімдемелері бір-біріне сәйкес келмейді.
Өзбекстанның Энергетика министрлігі жарықтың өшуіне көрші елдердің біріндегі энергетикалық жүйедегі ақау себеп болғанын хабарлады, бірақ нақты қай ел екенін атамады. Қырғызстан билігі, керісінше, Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесі "Қазақстандағы жоғары кернеулі желінің ажырауына байланысты" оқшауланып қалды мәлімдеді. Қазақстан тарабы елдің энергетикалық жүйесінде апат болды деген ақпаратты жоққа шығарды.