"КИборг қыз". Құлағы естімейтін Айғаным жақсы өмір сүруге болатынын дәлелдейді

Айғаным Нұпбай

Айғаным Нұпбай 30 жасында есту қабілетінен толық дерлік айырылды. Ол құлағына кохлеар имплантын салдыру үшін екі рет ота жасатты. Зорлық-зомбылық көрген некеден құтылып, қазір ұлын жалғыз өсіріп отыр. Айғаным блогында саңыраулыққа қатысты стереотиптерді бұзып, инклюзияны насихаттайды, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ананың тіршілігін сипаттайды.

"Шашыммен құлағымды жауып жүретінмін. Сондықтан 11-сыныпқа дейін есту аппаратын тағатынымды көп адам білмеді. Ал қазір, керісінше, мұны әдейі көрсетемін. Осындай жағдайды бастан кешіріп жүрген қыздарды қорғау үшін істеймін, — дейді Айғаным Нұпбай. — Мен сияқты адамдардың бар екенін, біздің осындай диагнозбен өмір сүруге құқымыз бар екенін көрсеткім келеді".

Айғаным сөйлеу процессорының ашық түсті бөлшектері жақсы көрінсін деп самайы мен құлақ тұсындағы шашын қырып тастаған. Ол кохлеар имплантын тағады. Соның арқасында жүз пайыз естиді. Мектепте есту аппаратын таққан. Сыныптастары оны мазақтап, "кемпір" деп атаған. Досы болмаған, сабақты да нашар оқыпты. Қазір Айғаным өзі сияқты қиындықты бастан өткеріп жүрген балаларға қолдау көрсеткісі келеді.

"Өмірдің екінші мүмкіндігі"

Айғаным нейросенсорлық саңыраулық дертімен ауырады, яғни оның есту қабілеті нейросенсорлық себеппен бұзылған. Ауру сәби кезінен асқына берген. Мектеп жасында есту қабілетінің 60 пайызға жуығынан айырылған. 30 жасқа келгенде мүлде дерлік естімей қалды. Ол кезде Айғаным бала күтімімен демалыста отырған, отбасынан басқа ешкіммен араласпайтын да. Туыстары онымен сөйлесу мүмкін болмай қалғанын байқаған.

Дәрігерлер ол саңыраулықтың төртінші дәрежесіне жеткенін айтты. Айғаным ешкімнің сөзін естімей қалды. Тіпті есту аппараты да көмектеспеді. Дәрігерлер кохлеар имплантын салдыруға кеңес беріп, Айғаным операцияға бел буды. Сол құлағына 2025 жылдың сәуірінде, оң құлағына 2026 жылдың маусымында ота жасалды. Екі операция да Алматыдағы ауруханада мемлекеттік квотамен тегін жасалды.

Айғаным кохлеар импланты қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп тұр.

"Қазір 110 пайыз естимін. Өмірімде мұндай болған емес. Дүниеге екінші рет келгендеймін. Сондықтан алғашқы отадан кейін бірден екіншісіне жазылдым. Дәрігерлерге "мидың бір жарты шарымен ғана естіп жүре алмаймын, екіншісін де қосуым керек" дедім", — дейді Айғаным.

Ол импланты қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп отырып, өзін де әзілге қосқанды жақсы көреді.

"Қарапайым адамның құлағы былай естиді: мына жерде ұлу бар, оның ішінде көп талшық тұр. Дыбыс толқыны келгенде сол талшықтар қозғалады да, ол арқылы дыбыс миға жетеді. Менің ұлуыма электрод қойды, ол сол талшықтарды тітіркендіріп тұрады, өйткені менікі өліп қалған. Кейде дыбыс 0,003 секундқа кешігеді. Кейде миым баяу істейтін сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде дыбыс маған кеш жетеді".

Отадан кейін Айғаным адамның сөзін естуге тырысқанда алғаш ештеңе түсінбеген.

"Айналамдағылардың бәрі қытайша сөйлеп тұрғандай естілді. Олар қағазға жазса, кәдімгі біздің тіліміз. Есеңгіреп қалдым. Дыбысты естимін, бірақ ол не дыбыс екенін түсінбеймін. Құстың сайрағанын пакеттің сыбдырынан ажырата алмадым", — дейді ол.

Одан соң оңалту кезеңі басталды. Айғаным айналадағы дыбыстарды, ер мен әйелдің дауысын ажыратуды үйренді, өйткені олардың жиілігі әртүрлі.

”А", "о", "у" дыбыстары маған "пи-пи-пи" болып естілетін. Біреу "мен сүт сатып алдым" десе, мен "пи-пи-пи-пи-пи-пи" деп естимін. Анама не құрбыларыма қоңырау шалып: "А әрпін айтшы, О әрпін айтшы" дейтінмін. Суды ағызып қойып, су осылай сылдырлайды деп, пакетті сыбдырлатып, пакет осылай дыбыс шығарады деп өзіме-өзім қайталайтынмын. Жаңа тілді басынан үйреніп жатқандай болдым", — дейді Айғаным.

"Бұл – менің басымның пульті"

Кохлеар имплантын тағатындар өзін "КИ-шники" я "КИборгтар" деп атайды. Құрылғының қосалқы бөлшегі өте көп. Айғаным үйінде "роботының бөлшектеріне" арнап бөлек орын жасап қойған.

Айғаным Нұпбай. Алматы, Қазақстан

"Мынау – менің басымның пульті. Мұнымен дыбысты қатты не ақырын етіп, музыка режимін қоса аламын. Бірақ қазір оны қолданбаймын. Өзіме ыңғайлы дыбыс деңгейін қойып алдым, солай жүре беремін. Оңалту кезеңінде айнала тым шулы болып, басым ауыра бастайды, сол кезде дыбысты бәсеңдетуге болады", — дейді ол.

Сөйлеу процессорын күтіп ұстау керек. Оны күн сайын арнайы аппаратта кептіру қажет. Бірнеше аккумулятор болғаны жөн. Бір аккумулятор 12 сағатқа жетеді. Айғанымда оның төртеуі бар.

Тәжірибесіздіктен Айғаным бір туған күнін мүлгіген тыныштықта өткізді. Мейрамханада енді торт әкеле жатқан сәтте сөйлеу процессорының қуаты таусылып, өлі тыныштық орнаған.

"Мама, естіп тұрсың ба?"

Айғанымның үш жасар ұлы Мағжан анасының басындағы құрылғыны "магнит" деп атайды. Ол анасы "магнитсіз" естімейтінін, "магнитті" ұстауға, сындыруға, тығып қоюға болмайтынын біледі.

"Кейде ол бір нәрсе сұрамас бұрын "Мама, естіп тұрсың ба?" дейді де, содан кейін барып сұрағын қояды. Мені жылдам оятуға болмайтынын біледі. Түнде бәрін шешіп жататындықтан, ештеңе естімеймін, кенет оятса қорқып кетуім мүмкін".

Айғаным үш жасар ұлы Мағжанмен.

Айғаным баласын жалғыз тәрбиелеп жатыр. Осыдан бір жыл бұрын күйеуімен ажырасқан. Тұрмыста жолдасымнан қолдау мен қамқорлықты сезінбедім дейді ол.

"Маған жарымның қолдауы ауадай қажет еді, ал ол үнемі жоқ болып кететін. "Көп жұмыс істеймін" дейтін, бірақ сонда да қаражат жетпейтін. Әсіресе бірінші операциядан кейін қатты қиналдым: басым ауырды, ауыр көтеруге, ұлымды балабақшаға апаруға болмайтын. Күйеуім үйге апталап келмейтін болып кетті. Маған әпкем қарайласты", — деп еске алады Айғаным.

Күйеуі қол көтерген соң екеуінің арасы суып кеткен. Айғанымның сөзінше, кезекті жанжал кезінде жолдасы оған қол жұмсаған.

"Сол сәтте: "Болды, бұлай өмір сүре алмаймын" дедім де, заттарын жинап, үйден шығарып жібердім", — дейді ол.

"Бізге де басқалар сияқты қараңыздар"

Айғаным есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепте ешқашан оқымаған. Анасының шешімі сол болды. Бойжеткен бастапқыда қатты күйзеліске түсіп, қиналғанын, сабақта үлгере алмаған кездері болғанын жасырмайды. Алайда жай мектепте оқуы оны әлдеқайда мықты әрі төзімді етіп шыңдаған.

"Бала кезімнен құлағы еститіндердің ортасында өстім, соның арқасында қазір еркін сөйлеймін. Еуропада білім алдым, Америкада жұмыс істедім, Microsoft және Air Astana сияқты ірі компанияларда еңбек еттім. Иә, оңай болған жоқ, бірақ анам маған ешқашан "мүгедексің" деп айтқан емес. Ол үнемі: "Сенің өзгелерден еш кемдігің жоқ, сондықтан бәрімен бірдей оқисың" дейтін. Барлық ата-анаға айтарым: балада қандай мүгедектік болса да, оған өзге балалармен тең дәрежеде қараңыздар. Артық өбектеп, шектен тыс қамқорлық жасаудың қажеті жоқ", — дейді Айғаным.

Айғаным Нұпбай. Алматы, Қазақстан

Бес балалы отбасында Айғанымға басқалар сияқты қараған.

"Інілерім ешқашан "Ол мүгедек қой, көмектесейік" деп бөлген емес. Керісінше: "Өзің істейсің, өзің жасайсың" дейтін. Олардың көзқарасында мен кәдімгі адаммын. Тек менің кесірімнен бәрі қатты сөйлейтін болып кетті. Бірақ ересек болғанда оларға мүның көмегі тиді", — деп күледі Айғаным.

Айганым бірнеше шетелдік компанияда графика дизайнері болып жұмыс істейді. Ол бала кезінен көзі мен қолына арқа сүйеу керегін түсінген. Өзі көп саяхаттайды, спортпен шұғылданады, блог жүргізеді, кохлеар имплантымен өмір сүру және ана болудың күнделікті тыныс-тіршілігі туралы әңгімелейді. Сұхбат күні ол Аустрияға іссапарға жиналып жатқан.

"Шет тілінде көп сұхбат болады деген хат келді. Қатты қорқамын. Бірақ өзіме: "Жарайды, іске кірісейік" деймін. Қоғам да бізге солай қарағанын қалар едім. Біз бір мақсатқа ұмтылсақ, "саңыраусың ғой, қайтіп барасың?" деп райымыздан қайтармай, керісінше қолдау көрсетсе екен. Біз де сүйгіміз, қателескіміз, оқығымыз, дамығымыз, саяхаттағымыз келеді. Бізге де басқалар сияқты қараңыздар".