Киев: Камышевахаға жасалған шабуылдан қаза тапқандар саны 72 адамға жетті

Ресейдің әскери бомбасы түскен орындардың бірі. Украина, Камышеваха, 3 қараша, 2026 жыл

Украинаның Запорожье облысындағы Камышеваха кентіне 2 қарашада Ресей күштері жасаған әуе шабуылы салдарынан 72 адам қаза тапқан. Мұны 16 қарашада Украина ішкі істер министрі Иван Выговский telegram-парақшасына жазды.

Ол бұл есепке әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер санатындағы тағы төрт адам кірмегенін айтты.

Камышевахадағы іздестіру-құтқару жұмыстары екі аптаға созылды. Шабуылдан кейінгі алғашқы сағаттарда құтқарылған төрт адам әлі ауруханада жатыр.

Қаза тапқандардың арасында құтқарушылар, полицейлер, медицина және коммуналдық сала қызметкерлері, гимназия мен әкімшілік қызмет көрсету орталығының мамандары және балаларға онлайн-сабақ өткізу үшін күн сайын паналау орнына барып жүрген мұғалім бар.

Украина билігінің мәліметінше, екі аптаға созылған құтқару операциясы барысында Ресей әскері кентке 11 рет шабуыл жасаған. Оның тоғызы үйінділер тазартылып жатқан аумаққа бағытталған. Осы шабуылдар салдарынан үш полицей мен төрт құтқарушы жараланды.

2 қарашада Ресей Камышеваханың орталығына тоғыз авиабомба тастады. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Ресей жұмыс істемей тұрған мектеп ғимаратындағы гуманитарлық көмек тарататын орынға келген тұрғындарға, сондай-ақ шабуылға ұшыраған жерге жеткен құтқарушылар мен полицейлерге қайтара соққы жасаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украинаның Запорожье облысында Ресей соққысынан 26 адам қаза тапты