Былтыр қыркүйекте Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Стамбұлдағы конференция орталығында кәсіпкерлер мен спорт басшыларының басын қосып, жиын өткізді.
Шараны ұйымдастырушы – қауымдастық президенті, Кремльмен байланысты кәсіпкер Умар Кремлев болды. Ол сахнада "бизнес пен құндылықтарды, бокс пен әділдікті, мұра мен инновацияны біріктіретін" жаңа бастама жариялады.
Сахнада отырған оның қонағы – – АҚШ президенті Дональд Трамптың үлкен ұлы Кіші Дональд Трамп еді. Ол Кремлевті мақтап, былтыр жазғы олимпиадада екі әйел боксшының ойынға қатысуы төңірегінде шыққан дауға тоқталды.
"Мұнда әңгіме тек бокс туралы емес, өмірден үйренгеніміз, тәртіп, адалдық пен мүмкіндіктер туралы болып отыр. Бізге керегі – осы мұра, және мен Умарды тек көшбасшы емес, досым ретінде мақтан тұтамын", – деді Кіші Трамп.
Стамбұлдағы шарадан түсірілген бейнежазбада Кіші Трамптың жанында қалыңдығы, америкалық банк басшысының қызы Беттина Андерсон отыр.
Халықаралық бокс қауымдастығының басшысы Умар Кремлев (ортада) 2025 жылдың қыркүйегінде Стамбұлдағы жиында сөйлеп отыр. Оның сол жағында кіші Дональд Трамп отыр
Сегіз айдан кейін екеуі Флоридада некесін қиып, артынан Багам аралындағы жекеменшік аралда бірнеше күн тойын өткізді.
Тойдан кейінгі тойды Кремлев қаржыландырған.
Бұл деректер алғаш рет ProPublica журналистік зерттеу сайтында, кейін The New York Times басылымында жарық көрді. Соның арқасында Кіші Трамптың Путинмен жақындығы бар, көптен бері дағдарыс пен дау-дамайдан көз ашпаған, ұйымдасқан қылмыспен байланысты саналатын бокс федерациясы басшысымен қарым-қатынасына назар аударды.
ProPublica жарыққа шығарған соң көп ұзамай Кіші Трамп пен Беттина мұның бәрін растап, бұл әрекетті достарының сыйы деп атады.
"Қымбатты досымыз Умар тойдан кейін асқан жомарттықпен екі бірдей керемет кеш ұйымдастырды, – деп жазды олар Instagram парақшасында. – Бұл – үйлену тойымызға досымыздың ерекше сыйы, біз бұл үшін оған шексіз алғыс білдіреміз".
"Біздің жеке өмірімізді, бақытты шақтарымызды адамның кім екеніне, қайдан келгеніне бола саясатқа айналдырып, жамандық іздейтіні өкінішті. Достық ешқандай саяси мүддені талап етпейді. Жомарттықтың артында міндетті түрде әлдебір жоспар тұрмайды. Кейде үйлену тойға тарту деген – үйлену тойға тарту ғана".
The New York Times басылымына жауабында АҚШ президенті Дональд Трамп: "Умардың кім екенін білмеймін, ол туралы ешқашан естімегенмін және ол Дон мен Беттинаның мүлде басқа жерде, мүлде басқа күні өткен үйлену тойы үшін ақы төлеген жоқ" деп жауап берді.
"Бұл – олардың құрметіне ұйымдастырылған "тойдан кейінгі пати" болатын. Онда тұрған ештеңе жоқ!", – делінген Трамптың мәлімдемесінде.
Кремлевке айналған Лутфуллоев
Кремлев 1982 жылы Мәскеудің оңтүстігіндегі Серпуховта дүниеге келген. Бала кездегі аты-жөні: Умар Лутфуллоев. Әкесі Назар Лутфуллоевтың ұлты – тәжік, ол Умардың кішкентай кезінде отбасын тастап кеткен, осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған делінеді. Анасының кім екені айтылмайды.
Умар Кремлев әкесінің туған жері - Тәжікстанға келіп тұрады. 2023 жылы оны Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қабылдаған.
Кремлев жасөспірім күнінде бокспен айналысқанын, бірақ ешқашан кәсіби деңгейге шықпағанын айтқан.
2000 жылдардың ортасында ол алдымен "қорқыту арқылы бөтеннің мүлкін тартып алу", одан кейін "дене жарақатын салу" баптарымен кемі екі рет сотталған. Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2010 жылға қарай ол фамилиясын Лутфуллоевтан Кремльге ұқсастырып әрі орысшалап Кремлев етіп ауыстырып, бокс промоутері ретінде жұмыс істей бастаған.
Сол кезде ол Путиннің жеке қолдауын алған және тіпті мемлекет қаржыландырған "Түнгі қасқырлар" ұлтшыл мотоклубының жиындарына қатыса бастайды.
Сондай-ақ Кремлев Путинді және басқа да жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктерді қорғаумен айналысатын жеке күзет мекемесі – Федералдық күзет қызметінің жоғары шенді офицері Алексей Рубежныймен достасады. Рубежный 2016 жылы осы мекеменің директоры болып тағайындалды.
Бокстан Кремльге барар жол
"Проект" зерттеу жобасының мәліметінше, Рубежный сонымен қатар Ресей бокс федерациясының бақылау кеңесін басқарған, ал кейін оның қарындасы Кремлевке тұрмысқа шыққан.
2017 жылы Кремлев Ресей бокс федерациясына басшылыққа келді.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Умар Кремлев Мәскеудегі "Лужники" спорт кешеніндегі халықаралық бокс орталығында, 10 қыркүйек, 2022 жыл
Үш жылдан кейін ол бұл қызметте Гафур Рахимовтың орнын басып, Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті болып сайланды. Рахимов – АҚШ билігі қылмыстық әлемге және халықаралық героин саудасына қатысы бар деп айыптаған өзбек бизнесмені. Рахимовтың өзі ұзақ уақыт бойы қандай да бір заңсыз әрекеттерге қатысы бар екенін жоққа шығарып келді.
Кремлев қауымдастық президенті қызметіне кіріскен тұста шешімдері Кремльдікімен астасып жататын мемлекеттік газ гиганты "Газпромның" оның бас демеушісіне айналды.
Кремлев келген соң басқару жүйесі, қаржы және төрелік ету істерінде күмән көбейіп, Халықаралық олимпиада комитетімен (ХОК) ашық жанжал басталды.
Кремлевтің өзі ХОК пен комитеттің сол кездегі президенті Томас Бахты қатты сынға алып, өткір мәлімдемелер жасап, бірнеше бейнеролик жариялады, олары ағылшын тілінде субтитрлермен берілді.
2023 жылы әйел боксшылар төңірегінде жанжал өршіген Париж олимпиадасына бір жыл қалғанда ХОК IBA-ны танудан бас тартты. Бұл оның ірі халықаралық спорт ұйымына қатысты бұрын-соңды болмаған шешімі еді. Қауымдастық 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін олимпиада ойындарында бокс жарысын ұйымдастыру құқығынан айырылды.
2024 жылы Кремлев иесі Сергей Петровтан тартып алынған Ресейдегі ең ірі "Рольф" автодилерлер тобын басқарды. Петровтың өзі елден кетіп қалған. "Проект" мәліметінше, компанияны мемлекет меншігіне қайтару және оны кейіннен Кремлевке беру туралы шешімді Рубежнойдың өзі қабылдаған.
Кремлев сонымен қатар биологиялық белсенді қоспалар өндірісімен және автокөлік жөндеумен айналысып, қызмет аясын кеңейтті. "Коммерсант" газеті хабарлағандай, оның ресейлік "Лига Ставок" және "Фонбет" букмекерлік компанияларында ірі үлесі бар.
Кремлевтің бизнестегі табысы Путиннің назарын аударды. Сәуірдің ортасында кіші Трамптың үйлену тойына барардан бірнеше апта бұрын Кремлев Кремльдегі рәсімде болып, басқа спортшылармен және спорт шенеуніктерімен бірге Достық орденімен марапатталды. Марапатты оған Владимир Путиннің өзі табыстады.
Владимир Путин Умар Кремлевті Достық орденімен марапаттап тұр. 22 сәуір, 2026 жыл
Бірнеше аптадан кейін ол бизнес-делегация құрамында Қытайға барып, қытайлық ресми тұлғалармен жоғары деңгейдегі кездесулерде Путинге ілесіп жүрді.
Кремлев сонымен қатар марқұм әкесінің отаны Тәжікстандағы туыстарымен де тығыз байланыс ұстап, ол жерде көп жұрт көзіне түспей, қайырымдылықпен айналысады. Өткен жылы Мәскеу мектебінде тәжік бала қастандықтан қаза тапқан соң Кремлев оның анасына Душанбеден пәтер сатып алып берді.