Accessibility links

Путин мен америкалық уәкілдер арасындағы келіссөз қалай өтті?

Ресей басшысы Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді қабылдап тұр. Мәскеу, 5 қыркүйек 2026 жыл.
Ресей басшысы Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді қабылдап тұр. Мәскеу, 5 қыркүйек 2026 жыл.

Сенбі күні Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Кремльде Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келіссөз жүргізді. Кремль жабық есік жағдайында өткен кездесу үш сағаттан астам уақытқа созылғанын және "конструктивті әрі өте ашық" өткенін хабарлады.

"Әңгіме үш сағаттан астам уақытқа, нақтырақ айтқанда 3 сағат 10 минутқа созылды" деді Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков журналистерге. Кездесуге Ушаковпен бірге Ресей президентінің арнайы уәкілі Кирилл Дмитриев те қатысқан.

Осыған дейін Дональд Трамп Уиткофф пен Кушнер соғысты тоқтату туралы ұсынысты Мәскеу мен Киевке жеткізетінін мәлімдеген.

«Бізде бейбітшілікке қалай қол жеткізуге болатындығы жөнінде ұсыныс бар. Қандай да бір нәрсеге қол жеткізуге бола ма, соны анықтау үшін оларды сол жаққа жібердік және мұны істей алуымыз әбден мүмкін» деді Трамп.

Кездесу сәлемдесуден басталды. Америкалық қонақтар Дональд Трамптың Владимир Путинге сәлемін жеткізді; Путин өз кезегінде Трампқа сәлемдемесін жеткізуді сұрады. Стив Уиткофф жуырда америкалық ұшқыш Роберт Гилманды Ресей түрмесінен босатқаны үшін Путинге ерекше алғыс айтты; Путин ұшқыштың босатылуына Трамптың күш салғанын атап өтіп, оған да алғыс айтуды өтінді.

Бұдан соң Путин америкалық уәкілдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресей қолдан келгеннін бәрін істейді деді.

Оның сөзінше, 5 қыркүйек сағат 00:00-ден бастап, Ресей Киевке соққы жасамайды, мұндай өтініш "ресми арналар арқылы" түскен. Ал Украина өз кезегінде шабуыл қарқынын бәсеңдеткен. [Украина президенті Владимир Зеленский 2 қыркүйекте Украина америкалық делегацияның сапары кезінде Мәскеу аумағына соққыны тоқтататынын және Кремльден де осындай шешім күтетінін айтқан.]

Украина да Ресей астанасын атқыламауға уәде берген. Путин Киевтің үш күнге атысты тоқтату туралы үндеу тастағанын, бірақ «ол жөнінде [Киевпен] арада ешқашан келісім болмағанын» жеткізді.

Путин Трампқа «қиындыққа қарамастан [соғысты] аяқтау бойынша талпынысын тоқтатпағаны» үшін алғыс айтып, Уиткофф пен Кушнермен соғыстың барлық қырын және оны шешудің ықтимал жолдарын талқылауға уәде берді.

«Біз өз тарапымыздан жағдайды қалай көретініміз туралы сіздерге хабарлауға дайынбыз» деді ол. Америкалық уәкілдердің Киевке сапарына қатысты Путин «қалай болғанда да, әрине, әрі қарай не болмасын, мұндай байланыс әрқашан пайдалы» деді.

Бұдан соң журналистер залдан шығып, кездесу жабық есік жағдайында өтті.

Жабық келіссөз үш сағаттан астам уақытша созылды. Одан кейін Уиткофф пен Кушнер бірден Кремльден кетіп, Внуково әуежайына жол тартты. Ақпарат құралдарына қандай да бір мәлімдеме жасамады.

Жексенбі, 6 қыркүйекте америкалық уәкілдер Киевке барып, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізбек.

КИЕВКЕ АЛҒАШҚЫ САПАР

Газа мен Иранда атысты тоқтату бойынша келіссөздерге қатысқан Уиткофф пен Кушнер Мәскеуде бұған дейін де болған. NYT есептеуінше, Уиткофф Путинмен кемінде алты рет кездескен.

Ал бұл Ресей Украинаға басып кіргелі бергі Уиткофф пен Кушнердің Украинаға алғашқы сапары болмақ.

"Біздің мақсатымыз - америкалық тараппен барынша конструктивті, мазмұнды және мағыналы келіссөз жүргізу. Соғысты тоқтатудың нақты жолдарын іздеуіміз керек. Стив пен Джаредтің қандай ұсыныстары бар екенін және оған Мәскеудің не дегенін көреміз" деді Зеленский жұма күні.

Қазақстан уақыты бойынша жексенбі таңертең Уиткофф пен Кушнердің Польшаға жеткені белгілі болды. Әдетте саясаткерлер мен ресми тұлғалар Киевке пойызбен жетеді.

  • Дональд Трамптың арнайы уәкілдері Ақ үйдің Украинадағы соғысты тоқтату бойынша кезекті талпынысы аясында Мәскеу мен Киевке баратыны бұған дейін хабарланған еді. Олардың сапары алдында Ресей күштері Киевтегі Украина арнайы қызметінің штаб-пәтеріне шабуыл жасаған. Бұған қоса сенбі күні түнде Ресей мен Украина әскерінің жаңа шабуылы жөнінде ақпарат тарады.
  • Былтыр Дональд Трамптың Анкориджде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінен кейін жыл соңында және биыл жылдың басында Ресей мен Украина арасында АҚШ-тың араағаындық етуімен бірнеше келіссөз өтті, ең соңғы кездесу ақпан айында өтті. Иранға қарсы АҚШ-Израиль әскери операциясы басталғаннан бері басқа кездесу болған жоқ.
Айдар
XS
SM
MD
LG