АҚШ Түркияның қолындағы дүркіндете ататын 12 дана M270 реактивті қондырғыны, жер үстіндегі нысананы жоюға арналған 70 ATACMS баллистикалық зымыранын, кассеталық оқ-дәрілер мен артиллерия снарядтарын Украинаға беруге келісуге ниетті. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаменті Конгресті хабардар еткен. Қару-жарақ пакетінің жалпы құны шамамен 28 миллион доллар болады.
Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, Вашингтон "әскери, саяси және экономикалық факторларды" ескеріп, аталған қару-жарақ пакетін Түркияның Украинаға беруіне рұқсат етуге дайын және бұл Украинаға қауіпсіздік саласында қолдау көрсету жөніндегі америкалық саясаттың мақсаттарына сәйкес келеді. Ал Түркияға бұл өз қару-жарақ қорындағы ескіргендерін азайтуға мүмкіндік бермек.
ATACMS — жер үстіндегі нысаналарды жоюға арналған америкалық баллистикалық зымыран. Ал M270 — бірнеше зымыранды бір мезетте ұшыра алатын реактивті қару жүйесі.
Бұл ақпарат Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған оқ-дәрі жеткізу мәселесі көтеріліп отырған шақта жарияланды.
8 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский елге ай сайын АҚШ-тан Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандар жеткізілетін болады деп мәлімдеген. Алайда оның сөзінше, Украинаға Ресей әскері шабуылға қолданып отырған баллистикалық зымырандардан қорғануға қажет оқ-дәрі көлемі әлі де жеткіліксіз.
Тамыздың басында Зеленский Украинаның әуе қорғанысы жүйелерінде зымыран қоры таусылғанын, сондықтан елдің әскери күштерінің ресейлік баллистикалық зымырандарды атып түсіру мүмкіндігі шектелгенін айтқан еді.