Accessibility links

Франция Киевке қару-жарақ өндіруге лицензия мен жойғыш ұшақтар бермек

Фридрих Мерц (солдан оңға қарай), Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон және Кир Стармер "Ынталылар коалициясы" саммитінен соң баспасөз мәслихатында тұр. Париж, 13 шілде, 2026 жыл.
Фридрих Мерц (солдан оңға қарай), Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон және Кир Стармер "Ынталылар коалициясы" саммитінен соң баспасөз мәслихатында тұр. Париж, 13 шілде, 2026 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон Киев 16 Rafale жойғыш ұшағына тапсырыс бергенін және ол ұшақтарды 2028-2029 жылдары алады жоспарланғанын мәлімдеді. Макрон мұны Украина президенті Владимир Зеленскиймен, Германия канцлері Фридрих Мерцпен және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен бірлескен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Украина Франциядан 100 Rafale сатып алу туралы келісімге 2025 жылдың қарашасында қол қойған.

Бұған қоса Украина Aster-30 (SAMP/T әуе қорғанысы/зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінде қолданылатын алысқа ұшатын зымыран), SCALP-EG (француз-британдық алысқа ұшатын авиациялық қанатты зымыран, Storm Shadow зымыранына ұқсас) және AASM (кәдімгі бомбаларды алысқа ұшатын және нысанаға дәл тиетін басқарылатын бомбаға айналдыратын француздық қару жинағы мен қозғалтқышы) қару-жарақ түрлерін өз аумағында өндіруге лицензия алады.

Бұған дейін Парижде өткен "Ынталылар коалициясының" кездесуінде Владимир Зеленский "Фремя" баллистикаға қарсы қару жүйесін және оған украин мамандары жасап шығарған зымырандарды таныстырған. Украина президентінің айтуынша, өз елі оларды 2026 жылдың аяғына дейін-ақ қолдана бастауы мүмкін.

Франция президенті Киевтің одақтастары Украинамен көрші елдерде көпұлтты күштерді даярлау мақсатында әскери жаттығулар бастауға келіскенін, ол күштер Ресеймен атысты тоқтату режимі орнаған жағдайда орналастырылуы мүмкін екенін айтты.

Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Лондон Украинаға арналған 90 миллиард еуроның еуропалық әскери несие бағдарламасына қосылғанын жариялады. Бұл британдық қорғаныс компанияларына Киевті қолдау бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын келісімшарттарға қатысуға мүмкіндік береді.

Макрон Еуропа елдерін ұлттық қорғаныс жобаларын қысқартып, қару-жарақты бірлесіп өндіруге үндеді. Бастилияны азат ету күні қарсаңында сөйлеген сөзінде Франция президенті әскери бағдарламалардың қайталануы еуропалық қорғаныс өнеркәсібін әлсіретеді деп мәлімдеді. Ол Еуропаға дрондар, әуе қорғаныс жүйелері, зымырандар мен оқ-дәрілер өндірісін жеделдету қажет екенін айтты.

Айдар
XS
SM
MD
LG