ЖАҢА КЛИПТІ МАҚТАУ МЕН СЫНАУ
YouTube платформасында 9 наурызда жарияланған видеоклип сипаттамасында тек ән авторларының аты-жөні жазылып, жаңа туындыны қосыла шырқаған әншілер "Қазақстанның өнер жұлдыздары" деп қана көрсетілген. Осы әнді айтқан 11 әртістің арасында Роза Рымбаева, Мәдина Сәдуақасова, Әлішер Кәрімов сынды көпшілікке танымал әншілер де бар.
Үш жарым минутқа жуық шырқалатын әннің мазмұнына үйлестіріп түсірілген видеодан өз ісін білетін кәсіпқойлардың қолтаңбасы сезіледі. Студияда тұрып ән шырқаған әншілер экраннан балалардың, спортшылардың, өндірісте жұмыс істейтін еңбек адамдарының бейнесімен және табиғаттың әсем көріністерімен алма-кезек ауысып отырады. Клиптің аяқ жағында Қазақстан президенті мен оның астанадағы резиденциясы көрсетілген.
Жаңа Конституция жобасы туралы референдум жарнамасы ілінген маңнан өтіп бара жатқан адамдар. Астана, 6 наурыз, 2026 жыл.
Видеоклип жарияланғаннан кейінгі үш күнде 100-ден астам комментарий жазылыпты. Жаңа әнді мақтап, сүйсінгенін айтқан қолданушылардың көбі: "терең мағыналы", "өте әсерлі ән", "маған ұнады", "керемет!" деп бір-біріне өте ұқсас сарында пікір қалдырған.
Бұған қоса жаңа клип көтерген тақырыпқа сыни көзқараспен қарайтын адамдар да видео астына өз ойын жазыпты.
"Ата заңнан хабары барма екен осы әншілердің? Құлдырап бара жатқанымыздан, халықтың құқығы шектеліп жатқанын сезеді ме екен? Әлде қожайын не айтса соны орындай ма екен? Өз ойлары, түйсіктері барма екен?" деп кейіс білдірген Qwertyyyuiw деген қолданушы.
"Әлі қабылданбаған конституция жобасына ән арнау қаншалықты қисынды? Әншілер қауымы, әсіресе осы клиптағы әншілердің концерттеріне өзім енді барғым келмейді… өздері толық оқымаған заңды қолдаған боп ән айтулары өкінішті… Назарбаев заманындағы бітпейтін флэшмобтар мен пропагандалық клиптар дәстүрі әлі тоқтамаған екен" дейді желі қолданушы DarhanAsqaruly.
"Жаман комментарий жазса, түрмеге қамай ма?" деген сұрақ қояды POPIKLOU.
"МАСҚАРА!!!" ("ПОЗОРИЩЕ!!!") деп жазыпты SABA-MIKA дейтін қолданушы.
"МАҒАН БІР ТИЫН ДА ТӨЛЕГЕН ЖОҚ"
Әлеуметтік желі қолданушылар арасында жаңа видеоклипке түскен кей әншіден мұндайды күтпеген едік деп қынжылыс білдіргендер бар.
"Әзіл шығар деп ойлағам. Жоқ, жаңылысыппын. Сөйтсем, танымал әншілеріміз жаңа Конституцияға арналған әнді бірге шырқағанын жазыпты. Әнді "Халықтың Ата Заңы" деп атапты. БАҚ "жоба жүргізіліп жатқан саяси реформаларды қоғам кең қолдайтынын айқын көрсеткен, азаматтық бірлік символы болды" деп жазып жатыр. Тіпті не істеріңді білмей қалады екенсің. Бір ғана нәрсе айқын: біз шынымен ғажап елде өмір сүріп жатырмыз", деп жазған бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Facebook-парағына.
Азаттық жаңа Конституция жобасы жайлы әнді бірге шырқап, видеоклипке түскен әртістердің туынды тарихы жайлы пікірін білмек болған еді. Бірақ өнер жұлдыздарының көбі ештеңе білмейтінін айтып, ондай сұрақты ән авторларына қоюға кеңес берді.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева (архивтегі фото)
– Мен білмеймін, тарихын да білмеймін, тіпті сөзін кім жазғанын да білмеймін. Маған бір тиын төлеген жоқ. Бардық, айттық та қайттық, болды, – деді Қазақ ССР халық әртісі атағы бар әнші Роза Рымбаева Азаттыққа.
Клипке түскен тағы бір әнші Қайрат Баекенов әннің шығу тарихынан хабары жоғын айтты.
– Кімнің идеясы екенін білмеймін, мен әріптестерімді қолдап бардым. Ал енді саяси жағына мен жауап бермеймін, – деді ол.
"ЕСКІ ҮЛГІМЕН ЖАСАЛҒАН НАСИХАТ"
Қоғам белсендісі Жарқын Күреңтаев биліктің жаңа Конституция жайлы идеяны ән арқылы жарнамалауы таңғаларлық нәрсе емес деген пікірде. Алайда оған қанша қаржы жұмсалғаны сұрақ тудырады, дейді ол.
"Ескі үлгімен жасалған осындай шараларды қаржыландырумен айналысатын әлдебір институт бар шығар деп ойлаймын. Бәлкім олардың арнаулы білімі бар шығар, оны білмедім, бірақ олар пропаганда қалай болуы керегін түсінбейді. Иә, "пропаганда" деген сөз құлаққа түрпідей тиюі мүмкін, бірақ ол кез келген елде болуы тиіс. Бұл дегеніміз ақпараттық ресурс, ал олар сондай ақпаратты дұрыс қолданбай отыр", деп есептейді Күреңтаев.
Қазақстанда 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдум өтпекші. Елде оны жаппай насихаттау науқаны жүріп жатыр. Оған қоса Конституцияға енгізілетін өзгертулерді сынға алған адамдарға қысым да жасалып жатыр дейді құқық қорғаушылар. Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыда Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержанов екі айға қамауға алынды. Билік оған азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіруге тырысты деген айып тағып отыр. Тергеу орындары Ержановтың жұртты референдумға ақылды бойкот жариялауға шақырған үндеуі қоғамда дауыс беруге деген теріс пікір қалыптастыруы мүмкін деген долбар айтады.
Елдегі жуналистер, блогерлер мен қоғам белсенділері Конституция жобасын сынға алған пікірлері әлеуметтік желілерден аяқ астынан жоғалып кеткенін хабарлады. Facebook пен Instagram платформаларына иелік ететін Meta компаниясы Giorgio Armani деген әлдебір қолданушының арызы бойынша әлеуметтік желілерден әлгіндей постыларды жаппай өшіріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Журналистер Әсем Жәпішева, Мұрат Данияр, "Уральская неделя", Respublika.kz.media, Masa Media басылымдары, "Құқықтық медиа-орталық" ұйымы, медиа саласы бойынша заңгерлер Гүлмира Біржанова мен Диана Окремова, адвокат Мұрат Адам, құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина желіде әлгіндей проблемаға тап болғанын айтты.
Ресми Астана жаңа Конституция жобасын "түбегейлі жаңартылған әрі кәсіби тұрғыда әзірленіп, тыңғылықты сараптамадан өткен құжат" деп сипаттайды. Қарамағындағы қызметкерлері жаңа Конституция жобасының авторы деп атайтын президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қабылдау "мемлекетті жаңа дәуір талаптарына сай етіп түбегейлі қайта құру және қоғам санасын жаңарту" үшін қажет болды деп түсіндіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұйымдасқан шабуыл". Facebook пен Instagram билікті сынайтын жазбаларды неге өшірді?