Лұқпан Ахмедияров Instagram аккаунты тағы бұғатталғанын хабарлады

Лұқпан Ахмедияров

Тәуелсіз журналист, "Просто журналистика" YouTube-арнасы авторларының бірі Лұқпан Ахмедияров Instagram аккаунты тағы бұғатталғанын хабарлады

“Facebook парақшамды қалпына келтіргенім сол еді, бүгін таңертең Instagram-нан парақшам бұғатталғаны және өшірілетіні жайлы хабарлама алдым” деп жазды журналист 28 қазанда.

Ол шешімді даулаған. Instagram-ның айтуынша, әдетте ақпаратты тексеруге бір күннен астам уақыт кетеді.

Бұған дейін журналистің Facebook-тағы парақшасы бұғатталып, қалпына келген еді. Оның әріптесі Рауль Упоровтың да Facebook аккаунты ашылмай қалған. “Просто журналистика” YouTube-арнасының желідегі аккаунттары да бұғатталып, қайта қалпына келген.

Журналистер мен медиа қауымдастық өкілдері кейінгі айларда әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталғанын, сонымен бірге материалдарының өшірілгенін хабарлаған. Ол жөнінде атап айтқанда, Лұқпан Ахмедияровпен қатар Асхат Ниязов, Назымгүл Күмыспаева, Respublika.kz.media бас редакторы Ирина Петрушова, КазТАГ журналистері мен редакторлары Алена Субботина, Дильназ Абдулбакиева және Лилия Галеева айтқан. Ізінше кейбірі аккаунттары қалпына келгенін хабарлады.

Қыркүйектің соңында журналистердің сұрақтарына жауап берген ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов қазақстандық журналистердің аккаунттары хакерлік шабуылдың салдарынан бұғатталған жоқ деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

CPJ ұйымы Қазақстан билігін Лұқпан Ахмедияровты қудалауды тоқтатуға үндеді