Астанада 12-15 қазан аралығында Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) миссиясы жұмыс істеп жатыр. Халықаралық сарапшылар Қазақстанға АЭС құрылысына арналған инфрақұрылымды кешенді бағалауға дайындалуға көмектеседі. Бұл туралы Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады.
Сарапшылар елдің өзін-өзі бағалау жөніндегі ұлттық есебін талқылап, ұсынылған деректерді нақтылап, ядролық инфрақұрылымға кешенді шолу жасайтын негізгі INIR миссиясы алдындағы келесі қадамдарды айқындайды.
Бағдарлама ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық нысандарды қорғау, заңдар базасы, қаржыландыру, кадр даярлау, электр желілері дайындығы және ядролық отын циклі даярлығы сынды барлығы 19 бағытты қамтиды. Бұл жұмыстарға қазақстандық агенттіктің, "Қазақстандық атом электр станциялары" және "Қазатомөнеркәсіп" компанияларының өкілдері қатысады.
Қазақстан аумағында бірнеше атом электр станциясын салу жоспарланған. Алғашқысы – "Балқаш" АЭС-і Алматы облысының Үлкен ауылы маңында бой көтермек. Құрылыс консорциумының көшбасшысы ретінде ресейлік "Росатом" компаниясы таңдалған.
2026 жылғы 3 қыркүйекте "Қазақстандық атом электр станциялары" компаниясы "Росатомның" еншілес құрылымы – "Атомстройэкспортпен" АЭС құрылысын жобалау, жабдықтау және салу туралы келісімшартқа қол қойған. Жобада ВВЭР-1200 үлгісіндегі екі энергоблок салу көзделген, ал нысан 2035-2036 жылдары іске қосылады деп жоспарланған.
Көктемде Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев жоба құнын 16,4 миллиард доллар деп бағалаған. Оның сөзінше, қаржыландырудың 85 пайызын Ресейдің экспорттық несиесі қамтамасыз етпек, қалған 15 пайызын Қазақстан бөледі.
АЭС салу жоспарын бірқатар қоғам белсенділері мен экологтар сынға алған. Олар станция Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етеді және елдің Ресейге тәуелділігін арттырады деп алаңдайды.
2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы жөнінде жалпыхалықтық референдум өткен. Оның ресми қорытындысына сәйкес, дауыс берген азаматтардың 71 пайыздан астамы АЭС салуды қолдаған. Ал тәуелсіз бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньдерді топтап тастау, "карусель" әдісі және жұмысқа кедергі келтіру жайттары болғанын хабарлаған.
Референдум барысын бақылағандардың бірі – "С-ИНФОРМ" газетінің қызметкері, азаматтық белсенді Құрал Сейітханұлы еді. Ол Түркістандағы дауыс беру учаскесінде "карусель" ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін хабарлап, прокуратураға шағым түсірген. Заң бұзылғаны туралы хабар жариялағаннан кейін белсендіні полицияға түсініктеме алуға шақыртқан.
Кейін, 2026 жылғы 8 қыркүйекте Құрал Сейітханұлы дербес деректерді жария етті деген айыппен, басқа қылмыстық іс бойынша 3 жылға бостандығынан айырылды. Бұл іске блогер Ләззат Асанованың арызы себеп болған, ол өзінің бұрын сотталғаны туралы ақпаратты жариялады деп белсендіні кінәлаған. Сейітханұлы тағылған айыпты жоққа шығарды.