Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылындағы алтын өндіретін зауыт ресми іске кіріскелі бір жыл сегіз ай уақыт өтті. Ол салынады дегелі бері ел ішінде қарсылық қатты болды. Тұрғындар экологиялық зардабы көп болады деп наразы болғанымен, зауыт ақыры салынды. Бірінші жыл толық жұмыс жүргізіп, салығын төледі. Қожайындары да ішінара ауысып үлгерді. Жаңа келген құрылтайшының вице-премьер Қанат Бозымбаевтың отбасымен байланысы бар ма? Компания келгелі ауыл тұрмысы өзгерді ме? Жауап іздеп көрейік.
АУЫЛДЫҢ АХУАЛЫ
Биылғы көктемде Маралды халқына аудан орталығы Күршімге қатынау оңай соқпады. Кейінгі жылдары асфальт төселмеген бұл жолмен жүретін жүк көліктері көбейген. Сәуірде батпақтан езіліп, кедір-бұдыры көбейгендіктен жеңіл көліктердің жүруі қиындады.
Ал жаз басында ауыл адамдары тауда кен игеретін компания өндірістік мақсатта жарылыс жасағанда "үйлердің қабырғасына сызат түсті", "ауылды шаң басып қалды" деп шағынды.
Алтын өндіретін зауытқа әу бастан қарсы болып келе жатқан белсенділер кәсіпорын іске қосылған соң да экология мен адамдардың денсаулығына алаңдап отыр.
– Тауды жарып жатыр. Шаңы ауылға ұшады. Дүмпуі жер сілкінісі секілді әсер етіп, үйлердің қабырғасына сызат түскен. Мысалы, тау етегінде тұратын Сәкен ағайдың үйі сөйтті. Жарылыс өте қорқынышты, шынын айтқанда, кейде жер сілкінді ме деп далаға атып шыққан күндеріміз де болды. Таудан тас домалап та жатыр. Қазір ондай нәрселерді видеоға түсіруден де қаймығатын болдық. Өйткені пәлеге қаласың. Қаншама дәлелімізден еш пайда болмаған. Мысалы, сайға алтын қазушылардың жағармайы төгілген еді. Ол бұлаққа қосылып, одан мал су ішті, иісі бүкіл ауылды алды. Оған қандай шара қолданылғаны айтылған жоқ. Өз басым арыз жазып, шағым түсіргенмін. Жолдың жайын айтудың тіпті керегі жоқ. Аудан орталығына қатынау қиын. Мәшине дөңгелектері шақ келмеді. Қазір минаның үстінде отырған секілдіміз. Тас төбемізге шығып, улы химикатпен алтын өндіру деген қорқыныщты, – деді Маралды тұрғыны Жанат Кәрібаева.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылы
Жанат Кәрібаева ауыл халқы наразылығын ашық айтудан қорқып қалды дейді. Оның айтуынша, халыққа құзырлы органдардан қысым көрсетілген. Өзі 2024 жылы фабрика аумағына қарсылық білдіріп барып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу арнаған. Осы оқиғадан кейін үйін полиция тінтіп, телефонын алып қойған. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл кезде құқық қорғау органы қызметкерлері ешкімге қысым көрсетпегенін, тек қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жұмыс істегенін мәлім еткен.
Азаттық сөйлескен Маралдының тағы бір тұрғыны Әділ Қожақовтың айтуынша, кәсіпорын орналасқан ауылға таудан жағымсыз иіс келеді.
– Зауыт істеп тұр. Жарылыс кейде қатты, кейде бір қалыпты шығады. Ауылды шаң басады. Кейде қырға шыққанда жағымсыз иіс болады. Халық қарсы, зиян екенін біледі, бірақ түк істей алмайды. Халықты басып-жанжып тастады, – деді ол.
Ауыл әкімі Бауыржан Сейілханов болса, фабрика, керісінше, елді мекенді дамытуға зор үлес қосып жатыр деп санайды. Оның сөзіне сенсек, зауыт 2025, яғни, алғашқы толық жұмыс істеген жылында ауылға әлеуметтік міндеттеме аясында 400 млн теңгедей қаржы құйған.
– Зауыт пен әкімдік арасында ауылға инвестиция құйылуы үшін 2025–2028 жылдар аралығына меморандум жасалған. Оның аясында істелген шаруаның бір көрінісі – ауыл ішіндегі орталық саябақ толығымен қоршалды. Саябаққа күннен қуат алатын жарықшамдар орнатылды. Сосын сәкілер қойылды. "Ұлы Отан соғысы аллеясында" бұрын тек баннер тұратын еді. Жеңістің 80 жылдығына орай гранит тас қойылып, соғысқа қатысқандардың фамилиялары қашалып жазылды, – деді Маралды әкімі Бауыржан Сейілханов.
Бұдан бөлек жергілікті билік, мектеп пен орталық көшелер жөнделіп, су құбыры тартылып жатқанын хабарлады. Әкімдік ауыл инфрақұрылымын кәсіпорынмен тиімді келісім арқылы бюджетке салмақ түсірмей жандандырып жатырмыз дейді.
Фабрика қожайындары алтын өндіру процесінің қоршаған ортаға зияны жоқ дегенді үнемі айтып келеді. Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасының жобасын жасаған эколог Дәулет Асановтың айтуынша, кәсіпорында цианидті қолдану процесі толықтай оқшауланған әрі арнайы технологияға негізделген. Мұнда химиялық зат ашық күйінде пайдаланылмайды: жабық цех ішінде су, белсендірілген көмір және өзге де компоненттермен араластырылып, арнайы қоспа әзірленеді. Осыдан кейін ғана дайын ерітінді герметикалық құбырлар арқылы кенге жіберіледі.
Кеннің өзі ені 4 метрлік бөгетпен қоршалған арнайы жабық аймақта орналасқан. Кен орнының астындағы жерасты суларына қоспаны жібермейтін қорғаныс экраны жасалған. Бұл қорғаныс қабаты 30 сантиметрлік бетон плиталардан тұрады және оның үстіне арнайы геомембрана төселген. Жобаның бастапқы жоспарында мембрана қалыңдығы 0,8 мм деп көрсетілгенімен, Маралдыдағы зауыт қауіпсіздік деңгейін барынша арттыру үшін оны екі есеге жуық қалыңдатып, 1,5 милиметрге жеткізген. Осы қорғаныш қабаттарының үстіне топырақ төселіп, оның үстіне кен үйіледі. Кенге құйылған цианид қоспасы қабаттар арқылы сүзіліп төмен түскенше өзіне алтын бөлшектерін жинайды. Содан соң ең түбіне жиналған бұл сұйықтық қайтадан жабық құбыр жүйесімен зауыт цехына жөнелтіледі.
ЗАУЫТТАҒЫ АУЫС-ТҮЙІС
Алтын Маралды іргесінде өндіріліп жатыр. Жерді Maralicha және Maralicha-Gold деген екі кәсіпорын игереді. Ал кенді өңдейтін зауыт “ВСАМ Продакшн” компаниясына тиесілі. Adata сайтының дерегіне қарағанда, “ВСАМ Продакшн” былтыр – 218 млн теңге, биыл 110 млн теңгеге жуық салық төлеген. Maralicha-ның бюджетке аударымы 2025-те – 451 млн, 2026-да 403 млн теңге болған. Maralicha-Gold компаниясы болса, екі жылда қазынаға 9 млн теңге аударған.
Кен өндірісінде қолданылатын техника. Маралды ауылы Күршім ауданы, 2024 жыл. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі баспасөз қызметінен алынған сурет
Бұл аталған компаниялардың қожайындары елге белгілі фамилиялармен тікелей және жанама байланысты. Мәселен, Maralicha мен Maralicha-Gold компаниялары Астананың экс-әкімі, бұрынғы президенттің іс басқарушысы болған, марқұм Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы Шыңғыс Досмұхамбетовке тиесілі. Ал “ВСАМ Продакшнның” артында кореялық және қазақстандық бизнесмендер тұр. Олар зауытты WSAM GROUP LTD деген кәсіпорын арқылы басқарады. Құрылтайшылардың бірі Айдын Рамазанов, Egov дерегіне сәйкес, Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнесте серіктес. Фабрика құрылысы басталғанда Ахметов облыс әкімі қызметінде болған. Бірақ ол Рамазановты танымайтынын, оның бизнесіне ықпал етпегенін айтқан еді.
Зауыт құрылысы 2022 жылы басталғанымен, дау-дамай созылып, лентасы 2024 жылдың 26 қарашасында қиылды. Осы аралықта оның басшылығында да, билікте де ауыс-түйіс болды. Мәселен, Даниал Ахметов облыс әкімі қызметінен алынды. Ал зауыт қожайындары қатарына, Астана қаржы орталығының мәліметі бойынша, Ізмұханов Әлішер Серікұлы деген адам қосылды.
Әлішер Ізмұханов көпке белгілі кәсіпкер емес. Бизнесті тіркеу реестріне сәйкес, ол алтын зауытын иелік ететін WSAM GROUP LTD-ге жаңадан құрылтайшылардың бірі болып қосылды. Бұдан өзге ERLAN OIL CORPORATION, ERLAN CONSTRUCTION және YERLAN TRADING деген компанияларда басшылық қызметте. Атауы YERLAN деп басталатын кәсіпорынның бәрі Тілеулесов Азамат Нұрланұлы деген бір ғана адамға тиесілі. Әлішер Ізмұханов – бұларда тек директор, яғни жалдамалы менеджер.
Енді аталмыш компанияларға Ізмұхановты жұмысқа алып отырған Тілеулесов кім деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Ол – үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың бұрынғы әріптесі әрі балаларының бизнестегі серіктесі.
"Қанат Бозымбаев 2013 жылы Павлодар облысының әкімі болып тағайындалғанда, онымен бірге Тараздан шағын команда келді. Солардың қатарында "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы лауазымына ие болған Азамат Тілеулесов те бар еді".
Ratel ақпарат-сараптама порталында 2016 жылы жарияланған мақала осылай басталады. Автор біз айтқан Азамат Тілеулесовті қазір премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың "адамы" деп таныстырған. Біз бұлай үзілді-кесілді айтудан аулақпыз, дегенмен Тілеулесовті Бозымбаевпен байланыстыратын басқа деректер бар.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев. Астана, 20 наурыз, 2026 жыл.
Атап айтсақ. Бозымбаев пен Азамат Тілеулесов бірнеше жерде қызметтес болған. Мысалы, Бозымбаев Жамбыл облысының әкімі болғанда Азамат Тілеулесов “Тараз” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі де еді. Бозымбаев Павлодардың жетекшілігін қолға алғанда Тілеулесов осындағы “Павлодар” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағалығына жайғасқан.
Сонымен бірге Тілеулесов Бозымбаевтың балаларына да жақын. Ол – Дәурен Алдаберген мен Адина Алдабергенованың атындағы “Халық игілігі” қорының директоры.
Кіші Бозымбаевтар “Халық игілігін” “қайырымдылық қоры” деп атаған. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, бұл қор 2023 жылы Қонаев қаласының құрамындағы Қосқұдық ауылында 750 млн теңгеге 100 орындық мектеп салып берген. Мектеп үйінің ашылуында Қанат Бозымбаевтың өзі Қосқұдық әкесінің ауылы екенін айтқан. “Халық игілігіне” қатысты бұдан өзге ақпарат ашық дереккөзде жоққа тән.
Қанат Бозымбаевтың баласы Дәурен Алдаберген 21 жасынан бері бизнеспен айналысады. Оның атында онға жуық компания бар. Соның ішінде LD Trading деген компаниясы, ресми мәліметтерге сәйкес, "Газпром нефть – Қазақстан", "Helios", Pegas, "Қостанайнефтепродукт", "Ойл", Premium Trade және "PetroPrime" сынды бензин бекеттеріне жанармай жеткізіп береді. Өздері өнімді Павлодар мұнай-химия зауыты, Атырау мұнай өңдеу зауыты және Шымкент мұнай өңдеу зауытынан тікелей алады. Одан бөлек ғимараттарды жалға беретін бизнестері де бар.
Қанат Бозымбаев ұзақ жылдан бері түрлі лауазымды қызметтер атқарған. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында бірнеше облысты басқарған, энергетика министрі болған. Үкімет басшысының орынбасары қызметіне ол 2024 жылы тағайындалды. Өңірлерді дамыту саясатына да жауапты. Ол осы қызметке кіріскеннен кейін бір кездегі әріптесі әрі балаларының серіктесі Азамат Тілеулесовтің қоластындағы қызметкер Шығыс Қазақстандағы зауытқа басшы болып барғаны сәйкестік пе, бұл жерде мүдделер қайшылығы жоқ па? Осы сұрақтарды Қанат Бозымбаев және “ВСАМ Продакшн” компаниясына жолдадық. Үкімет шенеуніктің кәсіпорын иелерімен байланысын жоққа шығарды.
"Премьер-министрдің орынбасары мен оның отбасы мүшелері аталған компанияның қызметіне, құрылтайшылар құрамына және шешім қабылдау үдерісіне ешқандай қатысы жоқ, сондай-ақ оның қызметіне қандай да бір мүдделілік танытпайды. Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары және оның отбасы мүшелері Ізмұханов мырзамен таныс емес екенін хабарлаймыз. Тілеулесов мырза мен Ізмұханов мырзаның арасындағы өзара қатынастарға қатысты мәселелер бойынша тікелей аталған тұлғалардың өздеріне жүгінген жөн деп санаймыз", – деп жауап берді үкіметтің баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов.
Азаттық Әлішер Ізмұхановпен тілдесті. Ол кәсіпорынмен байланысым құжат жүзінде ғана дегенді айтты.
– Мен жалдамалы жұмысшысы болып істейтін Азамат Нұрланұлы [Тілеулесовке] WSAM GROUP LTD компаниясының ешқандай қатысы жоқ. Алтын өндіретін фабрика жұмысымен, шын мәнінде, менің ағам айналысады. Ол Шығыс Қазақстан облысында, кәсіпорынның басы-қасында жүр. Фабриканы менің атыма рәсімдеген. Өйткені сол уақытта, құжаттарды рәсімдеу сәтінде ағам ажырасып, сот процесінен өтіп жатқан болатын. Өзім WSAM GROUP LTD компаниясына ешқандай байланысы жоқ жерде істеймін, – деді WSAM GROUP LTD компаниясы құрылтайшыларының бірі Әлішер Ізмұханов.
Әкімдік кәсіпорын ауылға да, бюджетке де миллиондап қаржы бөліп жатқанын, жұмыс орындарын ашқанын дәріптейді. Құзырлы органдар зауыт жұмысынан заңсыздық анықталмағанын айтқан. Жергілікті жұрт сонда да табиғат пен денсаулығымызға зияны тиіп жатыр деп есептейді. Маралдыдағы фабриканың жұмысы, жоспар бойынша, 2029 жылға дейін есептелген. Ары қарай созыла ма, белгісіз.