Медиа: Ресейде мұнай өңдеу 2005 жылдан бергі ең төмен деңгейге құлдырады

Украинаның дрон шабуылына ұшыраған Капотня мұнай өңдеу зауытындағы өрт. Мәскеу, Ресей, 16 маусым, 2026 жыл.

Украинаның дрондары үздіксіз шабуылдап жатқан Ресейде мұнай өңдеу көлемі 2005 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсіп кеткен. Мұны EA Analytics талдау компаниясының есебіне сүйеніп Bloomberg агенттігі хабарлады.

Компания дерегі бойынша, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары шілде айында күніне орта есеппен 3,91 миллион баррель мұнай өңдеген. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда шамамен 1,4 миллион баррельге аз. Соңғы рет мұндай төмен көрсеткіш 2005 жылдың наурыз айында тіркелген.

Ресей мұнай өңдеуге қатысты ресми деректерін жария қылмайтындықтан талдаушылар мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс көлемін жанама көрсеткіштерге, соның ішінде спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп бағалайды. Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауы да осыған ұқсас: оның мәліметтері бойынша, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары маусым айында күніне шамамен 3,8 миллион баррель шикізат өңдеген, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,6 миллион баррельге аз.

Мәскеу мен Киев жария еткен ақпаратқа сүйеніп Bloomberg жүргізген есепке сәйкес, украин күштері кейінгі 100 күнде Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шамамен 50 рет шабуыл жасаған. Ресейдегі ірі 34 мұнай өңдеу зауытының кемінде 24-інің жұмысына шабуыл салдары әсер еткен.

Өндіріс көлемі қысқарып жатқан шақта Ресей билігі шілде айының аяғына дейін дизель отынының көп бөлігін сыртқа шығаруға тыйым салды. Оған дейін бензин мен авиация отыны экспортына да шектеу қойылған еді.

Ресейдің көптеген аймағында жанармай тапшы. Кей аймақта бензинді көліктің нөміріне қарап шектеп сата бастаған. Новосибирск облысының билігі компанияларға қызметкерлердің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруға кеңес берді.

The Bell басылымы "Яндекс Вордстат" сервисінің деректеріне сүйеніп, маусым айында ресейлік тұтынушылар бензинді қалай қолдан жасауға болатыны жайлы ақпаратты интернеттен 17 мыңнан астам рет іздеген деп хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ресейде мұғалімдерді жанармай станцияларын күзетуге мәжбүрлеп жатырҮй шайқалып, қара түтін басты, видео жариялауға тыйым салынды. Омбыға шабуыл қалай болды? Ресей дизель отынын елден шығаруға тыйым салды"Мәскеуге мың дрон ұшып барғанда ол түсінеді". Зеленский соғыс әуеге ауысты дейдіУкраина Омбы мұнай өңдеу зауытына алғаш рет әуе шабуылын жасады