Ресейден Urals маркалы мұнайды теңіз арқылы Үндістанға тасымалдау құны шілденің ортасымен салыстырғанда шамамен 50 пайыз өскен. Мұны трейдерлер дерегіне сүйеніп Reuters хабарлады.
Трейдерлердің айтуынша, бағаның өсуіне тасымал тарифтерінің көтерілуі және дрон шабуылдары кесірінен Ресей порттарына кіретін кемелердің азайып кеткені себеп болған.
Алайда, соған қарамастан, Ресей тамыз айында батыс порттарынан экспортқа жөнелтетін мұнай көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұған Азияда мұнайға сұраныс тұрақты екендігі себеп деп жазады басылым. Алайда ресейлік мұнайды тасымалдауға ықылас білдіретін танкерлердің аздығы бұл жоспардың орындалуын шектеуі мүмкін дейді трейдерлер.
Reuters мәліметінше, шілдеде Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдары Новороссийск порты мен Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалында мұнай тиеу жұмыстарының уақытша тоқтауына себеп болған. Қауіп-қатердің ұлғаюына байланысты көптеген кеме иелерін Қара теңіз аймағына кіруден тартынып отыр. Бұл қалыптасқан жағдай кеме тапшылығын тудырып, мұнай тасымалдауды қиындатып жіберді.
Осыдан кейін Aframax танкерімен Приморскіден Үндістанға 100 мың тоннаға жуық мұнай жеткізу құны бұрынғы 8-9 млн доллардан шамамен 13 млн долларға жеткен, ал Suezmax классына жататын танкермен Новороссийскіден 140 мың тонна мұнай тасымалдау құны 10 млн доллардан шамамен 15 млн долларға дейін өсіп кетті дейді трейдерлер.