Шоқан Уәлихановтың зираты мен мемориалдық музейі

Қазіргі кезде Шоқан Уәлихановтың туберкулезден қайтыс болғаны туралы ресми ақпаратқа қарама-қайшы түрлі болжамдар айтылып жүр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Болат Қыстаубаев «Шоқан Уәлихановтың құпиясы» атты кітабында Шоқанның ажалы аурудан емес, Ресей патшасы жансыздарынан келген деген жорамал айтады. Уәлихановты көре алмайтындар патша шенеуніктері арасында, қазақ ақсүйектері ортасында және оның бір-бірімен бақталас туыстары ішінде жетіліп артылатындықтан, оның көзін жою туралы тапсырманы орындаушылар табу да аса қиынға соқпаған болар еді.
Алматылық өлкетанушы Андрей Михайлов та Шоқан Уәлихановтың ажалына қатысты ресми дерекке күмәнмен қарайды. Оның болжамы бойынша, 1865 жылы Шоқан жаңа барлау тапсырмасын орындауға кіріспес бұрын оның қайтыс болғаны туралы жалған хабар таратылған.

Бірақ тарихшылардың көпшілігі Шоқан Уәлихановтың қазасы туралы ресми ақпаратты шынайы дерек деп санайды.

Шоқан Уәлиханов мемориалдық кешені сол жерге жақын орналасқан Жоңғар Алатауы жотасының атауымен «Алтын емел» деп аталады. Алматыдан бұл жерге келу үшін әуелі 180 километр жол жүріп Сарыөзек кентіне, сонан кейін оңтүстік-шығысқа қарай тағы 22 километр жүріп Шаңқанай ауылына жету керек.

Шаңқанай ауылын сонымен бірге Шоқан ауылы деп те атайды. Бұл ауыл совет заманында Шоқан Уәлиханов атындағы колхоз орталығы болған.

Суретте: Шоқан Уәлихановтың мемориалдық кешені маңындағы көше. Ауылдың бұл тұсы таза әрі жөнделгені байқалады.

Шаңқанайдағы Шоқан Уәлиханов музейі іргесінде бұрынғы колхоз қонақүйі орналасқан. Қараусыз ғимараттың тозығы жетіп, қабырғалары мен шатыры ғана қалған. Музей меңгерушісінің айтуынша, қонақүйді қайта қалпына келтіріп, ол жерде академиктер мен профессорлардың жанға тыныш, беймарал жағдайда жұмыс істеуіне қолайлы, жайлы жатын орындары бар ғылыми-зерттеу орталығын ашу туралы ұсыныстар да айтылған.
 

«Алтын емел» мемориалдық кешені 1985 жылы 20 қыркүйекте, Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орай ашылған. Музейдің айналасы көкпеңбек көгал, шыршалар мен қайыңдар өсіп тұр. Кешенге кіретін негізгі қақпаның алдында раушан гүлдері егілген. Музейдің бір қапталында жасанды су қоймасы бар екен, бірақ ішінде су көрінбейді.

Ғимараттың сырты қазақтардың көне сенім-нанымдарына сай дүниенің төрт бұрышын бейнелейтін бұрыш элементері бар мазар түрінде салынған. 31 жыл бұрын ашылған музейді қайта жөндеу жұмыстары екі жылға жалғасып, 2013 жылы аяқталған. Сонымен бірге мұндағы экспонаттар қоры Ресей музейлерінен, Алматы мұрағатынан және Шоқан Уәлихановтың ұрпақтарынан алынған жаңа заттармен толықтырылған.
 

Музейге кіреберісте белгілі қазақ мүсіншісі Хәкімжан Наурызбаев граниттен қашап жасаған Шоқан Уәлихановтың мүсіні тұр. Оның артындағы қабырғаға ғалымның әйгілі саяхатының сызбасы көрсетілген қолдан жасалған үлкен гобелен ілінген.

Музейде Шоқан Уәлихановтың қандай әлеуметтік, мәдени және саяси ортада өсіп, қалай қалыптасқаны, Омбыда кадет корпусында білім алғаны, әскери қызметін қалай бастағаны, орыс зиялыларымен қалай танысқаны, оның ғылыми мұрасы, әдебиет, көркем сурет пен кинодағы бейнелері туралы деректермен танысуға болады. Мына суретте Шоқан Уәлихановтың орыс жазушысы Федор Достоевскиймен таныстығынан сыр шертетін экзпозицияның бір бөлігі көрсетілген. Әйнектің арғы жағында 19-ғасырдың екіші жартысында Петербургтегі пәтерде әңгімелесіп, ойға шомып отырған Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский бейнеленген.

Музей жетекшісі Сәуле Әбішева бұл жерде жұмысты музей алға ашылғанда экскурсовод болып бастаған. Музей штатында барлығы тоғыз адам жұмыс істейді. Директор айына 80 мың теңге, қызметкерлер – 50 теңге жалақы алады. Жетекшінің айтуынша, Шанқанайда әркімнің үйінде жеке шаруашылығы бар, сондықтан бұл ақшаға өмір сүруге болады. Бұл музейге Нұрсұлтан Назарбаевтың (Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағасы болып тұрғанда) келгені, ал Дінмұхамед Қонаевтың мұнда екі рет ат басын тірегені Сәуле Әбішеваның есінде.

Суретте: Сәуле Әбішева (оң жақта) музей территориясына апорт алма ағашы көшетін отырғызу үшін Алматыдан арнайы келген Қанат Жанәбіловпен әңгімелесіп тұр.

Музей іргесіндегі төбеде мүсінші Иулиан Рукавишников пен сәулетші Николай Миловидов жасаған Шоқан Уәлихановтың ескерткіші тұр. Ресейлік екеудің қолынан шыққан ескерткіш бұл жерге музейден бұрын орнатылған. Ескерткішке дейін баспалдақпен көтерілуге болады, бірақ ол үшін әуелі жасанды тоған үстінен салынған көпірмен өту қажет.

Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жақыннан түсірілген суреті. 

Шоқан Уәлихановтың зираты музейден екі километрдей жерде орналасқан. Тарихшылар деректері бойынша, Шоқан өмірінің соңғы жылдарын осы аймаққа белгілі аға сұлтан Тезек төренің ауылында өткізген және оның жақын туысы (кейбіреулер тіпті қызы деп атайды) Айсараға үйленген. Әуелі Тезек төре зиратты саман кірпіштен салдыртқан. Маңдайшасына тақтайша орнатып, оған «Орта Жүздің әйгілі ханы, Шыңғысханның ұрпағы Абылайханұлы – Уәли, Уәлидің ұлы – Шыңғыс, Шыңғыстың ұлы – Шоқан» деп жазғызып, соңына араб тілінде Құран аяттарынан үзінділер келтірген. Арада төрт жыл өткенде зиратты күйдірілген кірпіштен қайта көтеріп, айналасына саманнан қоршау тұрғызған. Фотода: Шоқан зиратының бастапқы түрін қағаз бетіне түсірген досы, орыс саяхатшысы және зерттеуші Григорий Потанин салған суреттің «Алтын емел» мемориалдық музей кешеніндегі көшірмесі.

«Алтын емел» мемориалдық музей кешенінде Түркістан өлкесінің генерал-губренаторы Константин Кауфманның өз қаржысына мәрмәр тастан жасатқызған құлпытас та бар. Құлпытасты әзірлеу он жылға созылған. Оны 1881 жылы орнатқан. Құлпытас тарихын зерттеген алматылық өлкетанушы Николай Ивлев ондағы жазуды Польшадағы көтеріліске қатысқаны үшін Верный бекінісіне жер аударылған поляк ақсүйегі Леопольд Ластовски қашап жазғанын анықтаған. Уақыт өте келе Шоқан Уәлихановтың бейіті де назардан тыс қалып, ұмыт бола бастаған. 1906 жылы газетте жарияланған куәгер әңгімесінде зират басында тек балшықтан соғылған қоршауы қалып, мазардың өзі толық қирап-бүлінгені айтылған. Кейінірек белгісіз біреу зират басындағы мәрмәр тасты да алмақ болған, оны құлпытас бетіндегі шапқы мен балға іздерінен байқауға болады. 1989 жылы мәрмәр құлпытас «Алтынемел» мемориалдық музейіне қойылып (суретте), зират басына оның көшірмесі орнатылды.

1947 жылы Қазақ ССР астанасынан келген археологиялық экспедиция зерттеген Шоқан Уәлихановтың зираты екінші рет «ашылды». Қазір зираттың үстінде алқызыл граниттен биіктігі бес метр обелиск тұр. Дінмұхамед Қонаев естелігінде былай деп жазған: «Панфиловтан (Жаркент қаласының 1942-1991 жылдар аралығындағы атауы) келе жатып Шоқан Уәлихановтың зиратына соқтық. Оны қарап шыққан соң Алтынемел шатқалында жерленген Шоқан бейітін басына ескерткіш орнату керек деп шештік. Қысқа мерзімде жоба әзір болды. Ескерткіш тұрғызуға 240 рубль бөлінді. Ескерткіш 1958 жылы тұрғызылды». Обелиск саяхатты білдіртетін глобус жартышары түрінде жасалған. Оның бетінде Шоқан Уәлихановтың қоладан құйылған келбеті бейнеленген. Аяқ жағында жазу жазылған мәрмәр тақтайша орнатылған. Зират қоршауының ішінде Шоқан Уәлихановтың туыстары да жерленген.

Музей экспонаттары арасында Уәлихановтар отбасының жеке заттары да бар. Мысалы, мұнда мыстан жасалған ыдыс, бұрыш ұнтақтағыш, шай қасық сақтаулы.