Қазақстан премьер-министрінің орынбасары әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "араздық қоздыру" ісі бойынша күдікті ретінде қамауға алынған "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровқа байланысты пікір білдірді. 22 шілде күні Facebook-те жазған постында министр "әлеуметтік желіде кейбір белсенділер мен құқық қорғаушылар Омаров "жоғары лауазымды шенеуніктерді әжуалағаны үшін" ұсталды деген ақпарат таратып жүргенін" айтып, жағдай олай емес деген.
"Ең алдымен, елімізде сөз бостандығына кепілдік берілгенін, ал цензураға тыйым салынғанын ерекше атап өткім келеді. Сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды және ол үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген. Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік белгіленген. Менің түсінуімше, Азамат Омаров дәл осы бапта көзделген құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен ұсталған. Егер таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайды" деп жазған Балаева.
Азамат Омаровтың ісінің жай-жапсары әзірге белгісіз, тергеу жүргізіп жатқан Астана полициясының департаменті де, журналисті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған сот органы да ол туралы түсініктеме берген жоқ.
Омаровтың мүддесін қорғаушы адвокат Төлеген Шайықов сейсенбі күні Азаттық Азияға билік өкілдері журналистің үйін тінтіп, компьютерін, қатқыл дискілері мен телефондарын өзімен қоса алып кеткенін айтқан.
"Сот қаулысында ол президент туралы сатиралық сөздер айтқаны баяндалған: "Бейнежазбада Омаров президент, қазіргі билік жайлы сатиралық пікірлер айтады, әлеуметтік-экономикалық саясат және мемлекет қызметі туралы мәселелерді қозғайды. Оның сөздері ирония мен сыни сипатта, осылайша халық арасында теріс пікір қалыптастырады" делінген", – деген еді адвокат.
Шайықовтың айтуынша, Омаров өзіне тағылған айыптарға келіспейді және өзі жариялаған материалдарды "кәдімгі сатира мен юмор" санайды.
21 шілде күні қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры құқық қорғау органдары мен прокуратураны журналист Азамат Омаров ұсталғаны туралы хабарға байланысты ресми ақпаратты шұғыл түрде жариялауға шақырған. Аталған мемлекеттік мекемелер әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Азамат Омаров "Ахуал сегодня" YouTube-арнасында әлеуметтік-саяси мазмұндағы материалдар мен әжуа түсініктемелерін жариялайтын. Өз арнасында Омаров Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы биліктің шешімін сынап, елдің бұрынғы және қазіргі президенттері туралы пікірін айтқан. Оның YouTube-арнасында онда жарияланған контент тек "ақпараттық-әжуа сипатында" екені жазылған.
Халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабының бұлдыр әрі тым жалпылама анықтамасын сынға алып жүр. Human Rights Watch ұйымы осы бап "азаматтардың заң жүзінде кепілдік берілген пікір білдіру және өзге де іс-әрекеттерін қылмыс деп көрсету үшін қолданылуы мүмкін екенін және қазірдің өзінде қолданылып жүргенін" бірнеше рет ескерткен. Қазақстан билігі елде сөз және пікір еркіндігіне кепілдік берілген, ешкім ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.