Қазір Құрылтайда қаралып жатқан онлайн-платформалар туралы түзетулердің бірі Қазақстандағы онлайн-платформаларды елде заңды өкілдік ашуға міндеттейді. Қазіргі заңнама бойынша олардың өкілі болуы керек.
“Құқықтық медиа орталықтың” заңгері Гүлмира Біржанова Алматыда өткен InternetCA форумы кезінде мәдениет және ақпарат “министрлігі өкілінен бұл өкілдіктер аккаунттары бұғатталған қазақстандықтарға көмектесе ме?”, “анонимді қолданушыларға қатысты норма қалай істейді?” деген сұрақ қойды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы талдау және ақпарат орталығының директоры Михаил Комиссаровтың айтуынша, 2023 жылдан бері әлеуметтік желілер мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланыс жақсы нәтиже берген. Соның арқасында заңға қайшы контентті өшіру көрсеткіші екі есеге, ал кейбір жағдайда бірнеше есе артқан.
Оның пікірінше, платформалардың Қазақстанда заңды өкілдік ашуы – осы тәжірибенің заңды жалғасы. Бұл міндетті түрде кеңсе ашу деген сөз емес: компания Қазақстанда тіркелген заңды тұлға арқылы да өкілдік ете алады. Комиссаровтың айтуынша, платформалардың басым бөлігі бұл талапты орындауға дайын.
Ал Access Now ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша саясат жөніндегі менеджері Анастасия Жирмонт мұндай талаптар цензураның күшеюіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Оның пікірінше, билікпен ынтымақтастық орнату талабы біртіндеп платформаларды бақылау құралына айналуы ықтимал. Кей елдерде компаниялар билік талаптарын орындамаса, қысым жергілікті қызметкерлерге түсіп, тіпті қылмыстық қудалауға ұласуы мүмкін.
Жирмонт платформалардың Қазақстаннан жаппай кетуі екіталай деп санайды. Алайда мұндай талаптар олардың жергілікті тілдердегі контентті модерациялауға және аймақпен ынтымақтастыққа инвестиция салуын азайтуы мүмкін.
18 қарашада Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа заңына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Ұсынылған өзгерістер БАҚ пен әлеуметтік желілердегі былапыт сөздер үшін жауапкершілік енгізуді, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеуді және цифрлық платформаларға қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа заңына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдадыҚазір Қазақстанда аудиториясы 100 мыңнан асатын онлайн-платформалар мемлекеттік органдармен байланысу үшін елде заңды өкіл тағайындауға міндетті. Жаңа өзгеріс бойынша, онлайн-платформа Қазақстанда ресми өкілдік ашып, оны тіркеуге тиіс. Бұған қоса, уәкілетті органның нұсқамасын орындамаған платформалардың Қазақстандағы қызметін шектеу тетігін енгізу көзделген.
Бұған дейін «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдаған онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобалары тәуелсіз журналистер мен блогерлердің жұмысына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Қордың пікірінше, түзетулердің жалпы бағыты ақпараттық кеңістікті қорғаудан гөрі мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
18 қараша күнгі брифинг кезінде мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев "масс-медиа заңына жаңа түзетулер ақпарат құралдарының құқығын шектемейді" деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, заң жобасының мақсаты – "ақпараттық кеңістікті, азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың құқықтарын зиянды контенттен қорғау".
"Цифрлық ортаны реттеу керек" деген желеумен мемлекет БАҚ-қа қысым жасау құралдарын көбейтпей ме" деген сұраққа Қырықбаев "мемлекет ешкімнің құқығын арттыруды да, шектеуді де мақсат етпейді" деді.
«Керісінше, бұл заң жобасы қабылданса, көп мәселенің басы ашылып, үнемі туындайтын даулардан арыламыз» деп түйіндеді министр.