Қазақстан латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жобасымен жұмыс істеуді жалғастырып жатыр, бірақ оны бекітудің және жаңа әліпбиге көшудің нақты мерзімі белгіленбеген. 8 қыркүйекте Астанада өткен үкімет брифингінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Елмира Асан осылай деп мәлімдеді. Ол қазір мамандар әліпби жобасы мен орфография ережелерін жетілдіріп жатқанын айтты. Шенеунік 2022 жылы Ұлттық құрылтайда тіл мамандары оның нұсқасын ұсынғанын, содан кейін оларға жобаны аяқтау міндеті жүктелгенін еске салды.
Министрлік өкілі бұған қоса жаңа алфавит тиісті заң актілерінде ресми түрде бекітілгенге дейін латын графикасын түрлі нұсқада қолдану негізсіз екенін мәлімдеді.
Қазақ тілін латын графикасына көшірудің бастапқы жоспары 2018 жылы бекітілген. 2025 жылға қарай білім берудің барлық деңгейінде жаңа графикаға негізделген әліпби қолданылады деп айтылған. Мысалы, бастауыш сынып оқушылары мен колледждің бірінші курс студенттері 2020 жылы, бакалавриат және магистратура студенттері – 2021 жылы, ал докторантура студенттері – 2022 жылы оқуды латын қаріптеріне негізделген әліпбимен бастайды деп жоспарланған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Бұл ғылыми мәселе емес". Орталық Азия елдері латын қарпіне қалай және неге өтіп (өтпей) жатыр?Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кіріскеннен кейін бұл жоспар қайта қаралды. 2019 жылдың қазан айында Тоқаев латын графикасындағы қазақ әліпбиін жетілдіруді тапсырып, қолданыстағы жобада кемшіліктер бар деп мәлімдеді. 2020 жылдың қарашасында оған латын графикасына негізделген әліпбидің жаңартылған нұсқасы ұсынылды, содан кейін президент халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ал 2022 жылдың маусым айында Тоқаев емле ережелерін қайта қарауды тағы да ұсынып, латын графикасына көшуге асықпауға шақырды.
2024 жылдың қыркүйегінде Ғылым және жоғары білім министрлігі әліпби бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлаған еді. Сол кезде министрлік пилоттық сынақ нәтижелеріне ғылыми талдау жүргізіп жатқанын айтқан.
Ақырында латын графикасына көшу бастапқы белгіленген мерзімінде – 2025 жылы орындалған жоқ, ал билік реформаны аяқтаудың жаңа мерзімін сол күйі жарияламады.