2016 жылғы маңызды оқиғалар

Автобустың қырау басқан терезесінен қарап отырған бала. Беларусь, Минск, 5 қаңтар 2016 жыл. (AFP/Сергей Гапон).

Ресейлік Pussy Riot арт-тобының мүшесі Надежда Толоконникова Ресей бас прокуроры Юрий Чайкаға арналған "Чайка" әні клипінің түсірілімі кезінде. Оппозиционер Алексей Навальныйдың қоры 2015 жылы Юрий Чайканың ұлдарының қатысы болуы мүмкін делінетін коррупциялық іс-әрекеттер туралы фильм түсірген. (EPA/Денис Синяков).

АҚШ президенттігіне республикалық партиядан кандидат Дональд Трамптың Айова штаты Уэст-Де-Мойн қаласындағы үйдің ауласына орнатылған бейнесі. 15 қаңтар 2016 жыл. (Reuters/Jim Young).

Түркияның оңтүстік-шығысында Иракпен шекараға маңындағы күрдтер тұратын Силопи қаласында қарулы қақтығыс кезінде бүлінген үйде жас балаларымен бірге тұрған әйел. 19 қаңтар (AFP/Ilyas Akengin).

Джоване Сильва Бразилияның Ресифи қаласындағы ауруханада микроцефалия диагнозымен туған ұлы Густавоны көтеріп тұр. Бразилияның денсаулық сақтау мекемелері балалардың ана құрсағынан бас сүйегі мен ми көлемі кішірейіп дүниеге келуіне себепкер Зика вирусынің індетке айналып отырғаны туралы мәлімдеген. (REUTERS/Ueslei Marcelino)

Косово парламентіндегі жиын өтетін залға оппозициялық депутаттар жас ағызатын газ шашқаннан кейін полиция қызметкерлері противогаз киіп тұр. Приштина, 19 ақпан 2016 жыл (AFP/Armend Nimani).

Атырауда 2016 жылғы сәуірдің 24-і күні «жер мәселесіне» байланысты жаппай шеруге шыққан адамдар орталық Исатай-Махамбет алаңында тұр. Атыраудағы жиыннан кейін үкіметтің жер реформасына қарсылық шерулері Қазақстанның тағы бірнеше қаласында өтті. Наразылық шерулерінің ықпалымен Қазақстан билігі қоғамда резонанс тудырған жер кодексінің даулы баптарына мораторий жариялады.

Атыраудағы жер шеруінен кейін оған қатысқан жергілікті белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян ұсталды. Әкімшілік құқық бұзу айыбымен қамауға алынған белсенділер абақтыда отырған кезде билік екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Қарашада Атырау соты Боқаев пен Аянды «араздық қоздырғаны», «жалға ақпарат таратқаны» және «заңсыз шеру өткізгені» үшін кінәлі деген ұйғарым жасап, әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Грекияның Македониямен шекарасына таяу жердегі Идомени елді мекені маңында тігілген босқындар лагерінде батпақ кешіп бара жатқан қыз бала. 10 наурыз 2016 жыл (ЕРА / Valdrin Zhemaj).

Ресейдің Қырым түбегін аннексиялап алғанына екі жыл толуына байланысты Қызыл алаңдағы концерт кезінде полиция қызметкерлеріне қарап тұрған әйел. Мәскеу, 18 наурыз 2016 жыл (Reuters/Максим Шеметов).

Наурыздың 22-і күні болған жарылыстарда қаза тапқандарды аза тұту шарасына мыңдаған адам жиналды. Брюссель, Бельгия, 24 наурыз 2016 жыл (EPA/Christophe Petit Tesson).

Сирияда Дамаск маңындағы көтерілісшілер бақылауындағы Дум қаласында мұнарасы қираған мешіттің жанынан өтіп бара жатқан ұл бала. 31 наруыз 2016 жыл (EPA/Mohammed Badra).

Сириядағы ежелгі Пальмира қаласын минадан тазартып жүрген ресейлік сапер. Наурыздың 27-і күні Сирия әскері Пальмираны «Ислам мемлекеті» экстремистік тобынан азат етті. Бірақ желтоқсанның ортасында жихадшылар қаланың бір бөлігін қайтадан басып алды. 7 сәуір 2016 жыл (ЕРА/Вадим Савицкий).

Түрмеден бостандыққа шыққан әзербайжандық журналист Хадиджа Исмаилова БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Исмаилова 2014 жылы тұтқындалған. Жақтаушылары журналистің тұтқындалуын оның Әзербайжандағы коррупция туралы жүргізген зерттеуімен байланыстырады. (RFE/RL/Aziz Karimov).

Украиналық әскери Надежда Савченко Киевтегі Борисполь әуежайында журналистерге сұхбат беріп тұр. 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ұсталған Савченконы Ресейге өткізіп, ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар деген айып таққан. Киев оны Украинада ұсталған ресейлік екі тұтқынға айырбастап алды. 25 мамыр 2016 жыл (Reuters/Глеб Гаранич).

Вашингтондағы Ақ үй алдында ЛГБТ қауымдастығы өкілдері мен оларды қолдаушылар Орландо қаласындағы Pulse түнгі клубына жасалған қарулы шабуыл құрбандарын аза тұту акциясында тұр. Флорида штатында маусымның 12-і күні гейлер арасында танымал клубқа қарумен келген Омар Матин 49 адамды өлтіріп, 53 адамды жаралаған соң полиция оны атып өлтірген (ЕРА /Jim Lo Scalzo).

Біріккен Корольдік тәуелсіздік партиясының жетекшісі (UKIP) Найджел Фарадж Ұлыбритания азаматтарының референдумде елдің Еуропа Одағы құрамынан шығуын қолдағанына шаттанып тұр. 23 июня 2016 года (ЕРА/Hannah McKay).

Потокаридегі мемориалдық кешенде 1995 жылғы жаппай қырғын құрбаны болған боздақтарды жоқтап отырған әйел. Босниядағы соғыс кезінде БҰҰ Сребренницаны бейбіт тұрғындар үшін қауіпсіз жер деп жариялаған. Бірақ 1995 жылы шілденің 11-і күні қаланы басып алған босниялық серб әскері сегіз мыңға жуық мұсылман ерлері мен ұл балаларды жаппай өлтірген. Сребреница, 11 шілде 2016 жыл (RFE/RL/Midhat Poturovic).

Ницца қаласында шілденің 14-і күні Бастилияны алу күніне арналған мерекелік шараға жиналған жұртты жүк көлігімен таптап, 84 адамның өмірін қиған теракті құрбандарын бір минут үнсіздікпен аза тұтқаннан кейін ескерткіштерге тағылған қара таспалар. Франция, 18 шілде (ЕРА/Olivier Anrigo).

Түркияда шілденің 15-16 күндері болған әскери төңкеріс әрекетіне қарсы Стамбулдағы Таксим алаңындағы шерудегі Түркия туы мен президент Режеп Ердоғанның суреті. 23 шілде 2016 жыл (Петр Шеломовский).

Украиналық әйелдер Донецк облысының шығысындағы Ясиноватая қаласында Ресей қолдайтын сепаратистер мен Украинаның үкімет әскері арасындағы қарулы қақтығыстан бүлінген пәтерлерінде тұр. 1 тамыз 2016 жыл (ЕРА/Александр Ермоченко).

Рио-де-Жанейро қаласындағы кедейлер тұратын Мангуэйра ауданы тұрғындары 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын теледидардар тамашалап отыр. Бразилия, 5 тамыз (Reuters/Ricardo Moraes).

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысушы жас бүркітші. Қырғызстан, 6 қыркүйек (Amos Chapple, RFE/RL).

Алеппо қаласынның көтерілісшілер бақылауындағы Салихин ауданына әуе шабуылы туралы хабардан кейін қираған ғимараттар арасынан бала көтеріп өтіп келе жатқан ер адамдар. Сирия, 11 қыркүйек 2016 жыл (AFP/Ameer Alhabi).

Еврей-хасидтер еврейлердің дәстүрлі Жаңа жыл (Рош Ха-Шана) мейрамын тойлап жатыр. Умань, Украина, 2 қазан 2016 жыл (TASS/Виктор Драчев).

Белградтағы иесіз қойманың шетінде жуынып тұрған босқын. Сербия, 10 қараша (Reuters/Marko Djurica).

АҚШ-тағы сайлауда тосыннан жеңіске жеткен Дональд Трамптың ел президенті болып сайлануына қарсы шеруге шыққандар Нью-Йорктегі Trump Tower ғимараты алдында тұр. 12 қараша 2016 жыл (AFP/Kena Betancur).

Мосул қаласындағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы бекінген позицияларды нысанаға алған коалиция күштерінің әуе шабуылы кезінде бассауғалап қашып бара жатқан адамдар. Ирак қауіпсіздік күштері, күрдтердің пешмерга қарулы жасағы және шиит еріктілері Мосулды экстремистерден азат ету операциясына кірісті. Ирак, 17 қараша 2016 жыл (Reuters/Goran Tomasevic).

Кубаның қайтыс болған жетекшісі Фидель Кастроны жерлеу шарасына жиналған адамдар оның суретін ұстап тұр. Кубаны жарты ғасырға жуық үздіксіз басқарған Фидель Кастро қарашаның 25-і күні 90 жасында қайтыс болған. Лас-Тунас, Куба, 2 желтоқсан 2016 жыл (Reuters/Carlos Barria).

Соғыстан қатты күйреген Алеппо қаласынан адамдарды эвакуациялау. Кескілескен шайқастардан кейін Сирияның үкімет әскері көтерілісшілерді Алепподан ығыстырды. Сирия, 13 желтоқсан 2016 жыл (Reuters/Abdalrhman Ismai).