Азаттық: Моңғолиядағы қазақтарға әлеуметтік желідегі наразылыққа не түрткі болды? Бұл мәселе қайдан шықты?
Асылбек Баяжұма: Моңғолия парламентінің мүшесі, депутат Мөнхтөрийн Нарантуяа-Нара қазақ халқына, оның ішінде Баян-Өлгейде тұратын қазақтарға қарсы көп жағымсыз пікір айтты. "Олар мемлекеттің мойнында отыр", "моңғол тілін білмейді" деген сияқты негізсіз, жалған айыптарды парламент мінберінен де жариялады. Кейін бұл пікірлер әлеуметтік желіде де кеңінен тарады.
Бұған Моңғолиядағы басқа азаматтар да қосылып, мәселе үлкен ауқымға жайылды. Әрине, Баян-Өлгейдегі қазақтар да қарап қалған жоқ, олар да өз уәждерін әлеуметтік желіде білдірді. Маусым айынан бері жалғасып келе жатқан бұл дау үлкен ұлтаралық әңгімеге айналды.
Азаттық: Сіз атап өткен депутат Нарантуяа-Нара бұрын әнші, блогер болған екен. Ол қазақтар жайлы неге мұндай жазба жариялап отыр? Оған не түрткі болды?
Асылбек Баяжұма: Жалпы Баян-Өлгей аймағында тек қазақ емес, тува, дөрбет, бурят, ұранхай сияқты Моңғолияның басқа да ұлт өкілдері тұрады. Сондықтан қазақтарға "сол жердегі дөрбеттердің жерін тартып алды, тува мен ұранхайларға қысым көрсетті" деген жалған айыптар да тағылды.
Шын мәнінде, 1991 жылы атамекенімізге қоныс аударғанға дейін біз Моңғолияда тұрдық, сол елдің азаматы болдық. Ата-анамыз Моңғолияға қызмет етті, бірақ моңғол халқына не оның ішіндегі басқа ұлттарға қысым көрсету біздің тарихымызда болған емес. Әрине, бірді-екілі тұрмыстық жанжал болып тұрған, алайда ол ешқашан бүгінгідей ұлттық деңгейге жеткен емес.
Моңғолияны демократиялық мемлекет деп есептейміз, онда екі партия бар – коммунистік және демократиялық партия. Былтырғы сайлауда парламентке бес қазақ азаматы өтті, солардың бірі – министр Тілеухан Әубәкір.
Моңғолия қазақтары негізінен Баян-Өлгей аймағында тұрады. 2014 жыл. Фото авторы – Баяр Балганцэрэн
Жалпы қазақтар Моңғолияға 150 жылдай уақыт бұрын қоныс аударған. Сол жылдар ішінде қазақтар арасынан 21 министр, қаншама парламент депутаты, мыңдаған офицер, білім мен ғылым саласының белді өкілдері шықты – барлығы да Моңғолияға адал қызмет еткен адамдар. Мысалы, менің әкем Саратов әскери оқу орнын бітіріп, Моңғолия армиясында 29 жыл үздіксіз қызмет еткен.
Азаттық: Әлеуметтік желіде жергілікті моңғолдардың Баян-Өлгейдегі қазақтарды "моңғол тілін білмейді, дәстүрін ұстанбайды" деп айыптап жатқанын байқадым. Шын мәнінде солай ма, Баян-Өлгейдегі қазақтар моңғолша сөйлей ме?
Асылбек Баяжұма: Жоқ, бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Баян-Өлгейдегі қазақтардың басым көпшілігі моңғол тілін біледі. Әрине, шалғай ауылдарда, тау-тас етегінде мал шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтарда мұндай қиындық бар. Алайда мәселе тіл білу-білмеуде емес. Олар – Моңғолияның азаматы, сол мемлекетке қызмет етіп, салық төлеп, оның дамуына үлес қосып жатыр. Сондықтан "тілімізді білмейді, заңымызға бағынбайды" деп айып тағудың өзі – үлкен қателік.
Қазірдің өзінде Баян-Өлгейдегі көп мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндері қысқарып, моңғол тілін оқыту үдерісі күшейіп кетті. Екі-үш жыл бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының делегациясын бастап барғанымда байқағаным: қазіргі жастар керісінше моңғолша көп сөйлейді, қазақ пен моңғол тілін араластырып қолданады. Сондықтан алдағы 10-15 жылда ол жақта қазақ тілін білетіндер азаюы мүмкін.
Азаттық: Әрбір ел өз мәдениеті мен тілін дамытқысы келеді, саясатын да сол бағытта жүргізеді. Жер-су атауларын да өз тіліне ауыстырады. Қазақстанда да кейінгі жылдары солтүстік өңірдегі орысша атаулардың қалай қазақшаланып жатқанын көріп жүрміз. Сол сияқты, Қазақстанда туған өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлей алмаса, әлеуметтік желіде сынға ұшырайды. Моңғолиядағы жағдай да соған ұқсас емес пе?
Асылбек Баяжұма: Иә, бірақ біздің мемлекетімізде қазақтар – негізгі, мемлекет құраушы ұлт. Біз өзге ұлт өкілдерінің елімізде өмір сүргенін қалаймыз, олардың конституциялық құқығы бар. Сонымен қатар олардың біздің тілімізді білгенін де қалаймыз – бұл дұрыс, мен де осы ұстанымды қолдаймын.
Моңғолия да "қазақтар моңғол тілін білуі керек" деген саясат ұстанып отыр. Дегенмен қазақтар – Моңғолиядағы саны 150 мыңға жуық екінші ірі ұлт. Сондықтан оларға қысым көрсетудің орнына, Моңғолия басқа жолмен – тіл орталықтарын ашу арқылы моңғол тілін үйретуі керек еді. Қазақстанда да тіл үйрететін тегін орталықтар бар: кез келген өзге ұлт өкілі келіп, тіл үйреніп, сертификат ала алады. Осындай әдістерді қолданған дұрыс. Ал заңмен қорқытып, күшпен тіл үйрету болашақта жақсылыққа апармайды.
Қодас сауып отырған әйелдер. Моңғолия, Баян-Өлгей аймағы, 2014 жыл. Сурет авторы – Баяр Балганцэрэн
Азаттық: Моңғолиядағы қазақтар неге әлі күнге сол жерден кеткісі келмейді? Туған жер, өскен өлке дегенмен, түптеп келгенде титулды ұлт өз саясатын жүргізеді, соған көну керек болады. Егер ұрпағының қазақ болмай қалуынан шынымен қауіптенсе, неге түгелдей Қазақстанға көшіп келмейді?
Асылбек Баяжұма: Бұл мәселе енді ғана көтеріліп отыр. Оған дейін қазақ бұл елді 150 жылға жуық мекендеді. Ол жерде ата-бабаларының бейіті қалды, онда бір үлкен ұлттың тарихы жатыр. Қазақ бұл жерге келгенге дейін де, келген соң да ауыр қиындықты бастан өткерді, зобалаңдарды көрді. Соғыстан кейін де ұзақ уақыт тыныштық болмады: біресе орыстар, біресе қытайлар, біресе моңғол үкіметі қысым көрсетті. Тұрмыс тұрақтанғанына небәрі 50-60 жылдай ғана уақыт болды.
Сол себепті қазақ, қанша қиналса да, кіндік қаны тамған жерін, ата-бабасының қонысын тастап кеткісі келмейді. 1991 жылы жаппай көш басталғанда да ата қонысын қимай қалып қойғандар болды. Олар "жағдай түзелер, мемлекеттің бізге көзқарасы өзгерер" деген үмітпен әлі көшпей отыр.
Екіншіден, көшіп келейін десе, Қазақстанның қазіргі саясаты да оларды тартпайды. Пилоттық жоба бойынша келгендерді солтүстіктегі қараусыз қалған ауылдарға орналастырады, ол жерде жұмыс та, инфрақұрылым да жоқ. Оның үстіне, қазақ мемлекеті болса да, іс қағаздарының көбі орыс тілінде жүргізіледі. Бейімделуге уақыт берілмейді – осының бәрі оларды үрейлендіреді. Ақпарат жылдам тарайтын заманда Қазақстандағы жағдайды олар күнделікті көріп, біліп отыр. Сондықтан "сәл шыдап көрейік, мүмкін жағдай түзелер" деген үмітпен отырған халық.
Азаттық: Сіз айтқан бес қазақ депутаты Мөнхтөрийн Нарантуяа-Нара ханымға парламентте қандай да бір қарсы пікір айтты ма? Олардың бұл мәселеге көзқарасы қандай?
Асылбек Баяжұма: Жоқ, ондай айтыс-тартыс жоқ. Қазақ депутаттары қазақ халқын қорғап ештеңе айтқан жоқ. Жалпы бұл әңгіме мамыр айының аяғында белгілі болды: Моңғолия президенті Қазақстанға келіп, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев оны үлкен құрметпен қарсы алды. Сол кездесуде Баян-Өлгейде Қазақстанның консулдығын ашу мәселесі көтеріліп, екі ел басшысы келісімге келді. Негізінде, осы консулдық ашу мәселесі бүкіл дауға түрткі болды.
Моңғолия қазақтары, Баян-Өлгей аймағы, 2014 жыл. Сурет авторы – Баяр Балганцэрэн
Ал консулдық дегеніміз – Қазақстанға көшіп келетін азаматтардың құжаттарына көмектесетін шағын мекеме ғана. Алайда қазақтан шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тілеухан Әубәкір парламентте: "Моңғолия қазақтарын Қазақстан қазақтарымен үйлендіруіміз керек, яғни қан араластыру қажет. Себебі Баян-Өлгейдегі 100 мыңға жуық қазақ өзара үйлене берсе, ұрпағымыз нашарлайды. Сондықтан қыздарымызды Қазақстан қазақтарына беріп, олардың қыздарын өзіміз алуымыз керек" деген сияқты бас-аяғы жоқ мәлімдеме жасады.
Осы мәлімдемені моңғолдар мүлде басқаша қабылдады. Консулдық ашу және "халықты өзара үйлендіріп, қанын тазарту" туралы әңгімелер "қазақтар болашақта Баян-Өлгейді Қазақстанға қосып жібермек" деген сияқты негізсіз, дәлелсіз қауесетке ұласып кетті.
Азаттық: Моңғол тіліндегі әлеуметтік желіде қазақтарға бағытталған жеккөрініш тілдегі (хейтспич) жазба көп екен. Ондағы жергілікті қазақтарға жұмыстан шығару, оқудан шеттету сияқты саяси тұрғыдан нақты қысым болып жатқан жоқ па?
Асылбек Баяжұма: Осы дау басталғаннан бері Баян-Өлгей аймағын бір жылдан астам басқарып келген Заңғар Есентай әкімдіктен босатылды. Қазіргі уақытта Баян-Өлгейде әкім жоқ. Бұл – өте қиын жағдай, өйткені бас болмаса, ел тұрлаусыз болады. Дәл қазірге дейін тек Заңғарға қатысты осындай қысым болды, қалғандарына әзірге қысым жасалып жатқан жоқ.
Кеше осы мәселеге байланысты Моңғолия президенті ұлттық қауіпсіздік кеңесін өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Әлеуметтік желіде дәлелсіз, дәйексіз көп нәрсе жазылады. Соның салдарынан осы уақытқа дейін татулықта өмір сүріп келген екі халықтың арасында бірін-бірі жамандайтын, бірін-бірі қаралайтын жеккөрініш тарап барады – бұл өте өкінішті жағдай. Сондықтан алдағы уақытта Баян-Өлгейге кім әкім болып, аймақты қалай басқаратынына көп нәрсе байланысты деп ойлаймын.