Accessibility links

Улан-Баторда тұратын апалы-сіңлілі полковниктер


Жеңісгүл Кәусығазықызы ат үстінде өнер көрсетіп тұр. (сурет оның әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды)
Жеңісгүл Кәусығазықызы ат үстінде өнер көрсетіп тұр. (сурет оның әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды)

Моңғолия халқының 5 пайызынан астамы - этникалық қазақтар. Олар бұл елдің саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. «Қазақтар - әлемде» айдарының бұл жолғы кейіпкерлері апалы-сіңлілі полковниктер Анаргүл мен Жеңісгүл. Оларды жерлестері «Моңғолия тарихындағы тұңғыш полковник әйелдер» деп атайды. Медицина ғылымы докторы Анаргүл Кәусылғазықызы «Бізде қызметтік өсуге ұлттың қатысы жоқ, ең бастысы біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті болса, сосын өтірік айтпасаңыз болды» дейді.

Апалы-сіңлілі Анаргүл мен Жеңісгүл Кәусылғазықызы Моңғолия астанасы Улан-Батор қаласында тұрады. Екеуі де Моңғолия ішкі істер министрлігінде полковник шеніне дейін өскен.

ПОЛКОВНИК-ДӘРІГЕР

61 жастағы Анаргүл Кәусылғазықызының сөзіне қарағанда, «бір үйде туған алты баланың бесеуі» Моңғолияда мемлекеттік қызметтер атқарады.

- Бір үйде алты баламыз. Үлкен ағам ғана басқа салада жұмыс істеді. Менен кейінгі үш бауырым мен кенже сіңілім Жеңісгүл де құқық қорғау органдарында жұмыс істейді, - дейді.

Анаргүл Каусылғазықызын полковник шенімен марапаттап жатқан сәт.
Анаргүл Каусылғазықызын полковник шенімен марапаттап жатқан сәт.

Анаргүл Кәусылғазықызы 1956 жылы Моңғолияның қазақтар тығыз қоныстанған Баян-Өлгий аймағы орталығында дүниеге келген. Улан-Батор қаласындағы медицина университетін хирург мамандығымен тәмамдаған.

- Кішкентай күнімде апамның бауырында өстім. Төрт жасымда Улан-Баторға көшіп келдік. Үйде ағам екеуміздің ғана тіліміз қазақша шықты. Кейінгілердің барлығы басқа ортада өскендіктен, қазақшаға нашар болды. Жеңісгүл орта мектепті орыс сыныбында оқыды, - дейді.

Санкт-Петербург қаласындағы әскери академияда алты ай оқып, білімді жетілдіргеннен кейін үзбей бір жерде - Моңғолия ішкі істер министрлігінің орталық ауруханасында хирург болып келе жатырмын. Мен үшін өзің жасаған отадан кейін науқастың жазылып, жүріп кеткенінен асқан бақыт жоқ.

Анаргүл Каусылғазықызы - медицина ғылымының докторы. Науқастарға ота жасап қана қоймайды, жергілікті медицина университетінде дәріс те оқиды. Моңғолия медицина университетінің профессоры.

- Моңғолиядағы медицина университетін 21 жасымда бітірдім. Сосын екі жыл сол салада жұмыс істедім. Кейін Петербург қаласындағы әскери академияда алты ай оқып, білімді жетілдіргеннен кейін үзбей бір жерде - Моңғолия ішкі істер министрлігінің орталық ауруханасында хирург болып келе жатырмын. Мен үшін өзің жасаған отадан кейін науқастың жазылып, жүріп кеткенінен асқан бақыт жоқ, - дейді Анаргүл.

Анаргүл Каусылғазықызы Петербург қаласындағы әскери акедемияда кандидаттық диссертациясын 1987 жылы қорғап, кейін Улан-Батордағы қорғаныс университетінде меди­цина ғылымдары докторы ғы­лы­ми атағын алған. Былтыр «Моңғолияның еңбек сіңірген дәрігері» атағымен марапатталды.

- Жеңісгүл ат спортын жақсы көреді. Бір жылдары тіпті Моңғолияның мемлекеттік мерейтойында атты әскерді бастап та шыққан, - дейді ол сіңлісі туралы.

ПОЛКОВНИК-ЗАҢГЕР

Ал Жеңісгүл Кәусылғазықызы 1966 жылы Моңғолияның астанасы Улан-Батор қаласында дүниеге келген. Кішкентай күнінде моңғол балабақшасында тәрбиеленсе, орта мектепте орыс тілінде білім алған.

Моңғолияда тұратын апалы-сіңлілі (солдан оңға қарай) Анаргүл мен Жеңісгүл Каусылғазықызы. (сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды)
Моңғолияда тұратын апалы-сіңлілі (солдан оңға қарай) Анаргүл мен Жеңісгүл Каусылғазықызы. (сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды)

Азаттық тілшісі Жеңісгүл Каусылғазықызымен де әңгімелесті. Совет Одағы офицерлерінің балалары оқитын №8 орыс орта мектебін бітіріп, алғашқы жұмысын 20 жасында Моңғолия ішкі істер ми­нистр­лігі бөлімшелерінің бірінде хат­шылық қызметтен бастаған екен. Жеңісгүл Каусылғазықызы орыс, ағылшын және моңғол тілдерінде еркін сөйлейтінін айтады.

- Алғашқы мамандығым –ағылшын тілі мұғалімі. Онан кейін сол Улан-Батордағы әскери академияны бітірдім. Қазақ тілін түсінем, бірақ жауап беруге шорқақпын, орыс, ағылшын және моңғол тілінде еркін сұхбаттаса аламын, - дейді ол өзі туралы.

1998 жылы Петербург университетінде заң ғылымдарынан докторлық диссертациясын қорғаған Жеңісгүл Каусылғазықызы Моңғолия ішкі істер министрлігіне қарасты жедел тергеу-тексеру бөлімінде тергеуші, Баян-Өлгий аймақтық ішкі істер бөлімі және Улан-Батор қалалық ішкі істер департаменті жетекшісі қызметтерін атқарғанын айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Баян-Өлгий қазақтары

Құқық қорғау саласында ұзақ жыл істеуіне байланысты зейнетке ерте шыққан Жеңісгүл қазір жеке бизнеспен айналысады.

Моңғолиядағы этникалық қазақтардың кейбірі апалы-сіңлілі Анаргүл мен Жеңісгүлді «Моңғолия тарихындағы тұңғыш полковник әйелдер» деп мақтан тұтатынын жасырмайды. Улан-Батор қаласында тұратын этникалық қазақ Гүлнар Шәкерхан:

- Олар отбасымен құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. Кейінгі үш інісі де подполковник шенін алды. Жалпы Моңғолия тарихында бір үйден екі қыздың қатарынан полковник шенін алған оқиға осы күнге дейін болмаған, - дейді.

Моңғолия қазақтары бұл елдегі мемлекеттік саясатқа белсене араласып келеді. Ел парламентінде қазақтар шоғырланған аймақтардан сайланған бірнеше депутат бар. Олардың арасындағы партиялық бәсеке туралы Азаттық кезінде жазған.

Моңғолия парламентіне сайланған қазақтар не туралы дауласады?

Моңғолияда мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға жеткен этникалық қазақтар баршылық. Мәселен Моңғолия президентінің кеңесшісі Жандос Шәріпұлы ертеректе Азаттыққа «Біз демократиялық қоғамда; кім артық біледі, кім тәжірибелі, кім жақсы істей алады – сол адам озатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз» деген еді.

Оқи отырыңыз: Моңғол президентінің кеңесшісі – қазақ жігіт

Анаргүл Каусылғазықызы да «Бізде қызметтік өсуге ұлттың қатысы жоқ, ең бастысы біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті болса, сосын өтірік айтпасаңыз болды» дейді. Ол Моңғолияда өздерін гендерлік яки этникалық ерекшелігіне байланысты «ешкімнің бөлектемейтінін» айтады.

ШЕТЕЛДЕ ЛАУАЗЫМ ИЕЛЕНГЕН ҚАЗАҚТАР КӨП ПЕ?

Моңғолияда 160 мыңға жуық этникалық қазақ өмір сүреді. Бұл - мемлекет халқының бес пайыздан астамы. Оның 90 мыңы Баян-Өлгий аймағында, қалған 70 мыңы Эрдэнэт, Налайх секілді аймақтарында шашырай қоныстанған.

XS
SM
MD
LG