Accessibility links

Моңғолиялық Жандос Шәріпұлы көппартиялы жүйенің арқасында сол елдегі саясатқа араласқанын айтады. "Бұл қызметке қарым-қабілетіме байланысты ие болдым" дейді ол.

Моңғолияда тұратын этникалық қазақ Жандос Шәріпұлы жуықта сол ел президенті Халтмаагийн Баттулганың кеңесшісі болып тағайындалды. 1984 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген Жандос Моңғолияның мемлекеттік жоғарғы оқу орнын әлеуметтанушы мамандығы бойынша бітірген.

Азаттық: – Ел президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалуға дейінгі өсу баспалдағыңыз қандай болды?

Моңғолия президенті іс басқарушысы З. Энхболдының Жандос Шәріпке куәлік тапсырып тұрған сәті.
Моңғолия президенті іс басқарушысы З. Энхболдының Жандос Шәріпке куәлік тапсырып тұрған сәті.

Жандос Шәріпұлы: – Жоғарғы оқу орынын бітіргеннен кейін Баян-Өлгий аймақтық сауда және кәсіп палатасында қызметімді бастағанмын. Одан кейін саясатқа араластым. Демократиялық партияның аймақтық бөлімшесі жетекшісінің орынбасары, осы партияның аймақтық жастар одағының жетекшісі, үкіметтік геологиялық орталық лабораториясының іс басқарушысы және қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік әкімшілік департаментінің басшысы қызметін атқардым. Саясат мәселесіне белсенді болдым.

Азаттық: – Мұндай биіктікке көтерілуге саяси белсенділігіңіз ғана әсер етті ме әлде басқадай бір себебі болды ма?

Жандос Шәріпұлы: – Қандай да бір жетістікке жету сол адамның саяси белсенділігі мен жұмысқа деген қабілетіне байланысты ғой. Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұнда барлық нәрсе бәсеке. Мәселен, кім артық біледі, кім тәжірибелі, кім жақсы істей алады – сол адам озатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сонымен қатар біз – Моңғолия мемлекетінде ұсақ ұлттардың біріміз. Бірақ ұсақ ұлттың да қоғамдық белсенділігі болу керек. Қоғамның әрбір саласында ерекше қызмет ету арқылы өзімізді көрсетіп, мойындатуымыз керек. Менің өсуіме бұдан басқа осындағы аз ғана қазақтың қолдауы, ыстық ықыласы [сеп] болды. Оның үстіне өзімнің жеке басымның мүмкіндіктері де жетістікке жетуіме себеп болды.

Жандос Шәріп балаларымен бірге. (Cурет Жандос Шәріптің Facebook-тегі парақшасынан алынды.)
Жандос Шәріп балаларымен бірге. (Cурет Жандос Шәріптің Facebook-тегі парақшасынан алынды.)

Азаттық: – Қарапайым әлеуметтанушыдан танымал саяси тұлғаға айналудың жолы қандай?

Жандос Шәріпұлы: – Әрине, саясатта тек саясаттанушылар жүрген жоқ, барлық сала мамандары бар. Бізде көппартиялы жүйе болғандықтан саясатқа араласпауың да мүмкін емес. Себебі саяси партия арқылы халықпен тығыз байланыста болу, олардың мұң-мұқтажын тыңдау, елдің жоғын жоқтап, мүддесін қорғау – саясаттың ең алғашқы баспалдағы. Яғни осылай әуелі өзіңді халыққа таныта білу керек. Одан кейін өзің таңдаған саяси партияның ішінде орның, бет-бейнең, беделің мен қабілетің болу керек. Мұнан басқа сенің саясатқа араласу үшін моральдық құқың болу керек. Ең басты жолы – осы. Басқа құпиялылығы жоқ.

Азаттық: – Моңғолиядағы аз ұлттардың бірінің өкілімін деп отырсыз. Президенттің кеңесшісі деңгейіне дейін жеткен қазақтардың алды сіз бе әлде сізге дейін де мұндай қызметті атқарғандар болды ма?

Жандос Шәріпұлы: – Бұрын-соңды Моңғолия президентінің кеңесшісі болған қазақты естімедім. Бірақ парламент депутаттары, министр болған қазақтар көп. Жалпы мынаны түсіну керек. Біздің еліміз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан ұсақ ұлт, үлкен ұлт демей, барлығына бірдей мүмкіндік берілген. Яғни бұл жерде мені ұсақ ұлттың өкілі ретінде президенттің кеңесшісі етіп тағайындап отырған жоқ, жеке қарым-қабілетіме байланысты. Саясаттағы жүрген көп жылғы еңбегіміз бар, жоғарғы ұйымдарда істеген тәжірибеміз бар – соның бәріне қарап тағайындап отыр.

Азаттық: – Бұл қызмет сіздің саяси карьераңыздың биік шыңы ма, әлде болашақта ел басқару ісіне араласу ойыңызда бар ма?

Жандос Шәріпұлы: – Шынымды айтсам, саясатта белгілі бір билікке жету үшін жүгіріп жүргенім жоқ. Өйткені билікті, мансапты "үлкен халықтың тауқыметі" деп есептеуіміз керек. Егер сол жүкті арқалай алатын болсаң, халық келесі жүкті де саған арқалатуы мүмкін. Сондықтан ел басқару – болашақтың еншісі. Ал енді қандай әскер генерал болуды армандамайды? Сол секілді саясатта жүргендіктен елдің жақсы тұрмысы үшін әлде де бір жақсы жұмыс жасайық деген ой бар.

Азаттық: – Кейінгі жылдары "Моңғолия қазақтарының тілдік құқығы шектеле бастады" деген әңгімелер айтыла бастады. Билік басында жүрген азамат ретінде айтыңызшы, бұл қаншалықты рас?

Баян-Өлгий аймағының орталығында тоғыз мектеп бар, оның сегізі қазақ тілінде білім береді. Сонымен қатар 12 ауылда 12 қазақ мектебі жұмыс істеп тұр.

Жандос Шәріпұлы: – Моңғолия мемлекетінің конституциясында "Моңғолияда өмір сүретін әрбір Моңғолия азаматының өзінің ана тілінде білім алуға, ақпарат алмасуға және өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндігін шектемейміз" деген тармақ бар. Осы тармақ қазіргі кезде заңды түрде іске асып жатыр. Аз ғана қазақтың тіліне, дініне, салты мен мәдениетіне нұқсан келтіретіндей қорқыныш жоқ. Қиыншылық көрсек те, жақсылық көрсек те, моңғолиялық ағайындармен бірге көріп жүрміз.

Азаттық: – Моңғолияда қанша қазақ мектебі бар?

Жандос Шәріпұлы: – Моңғолияда 160 мыңға жуық қазақ өмір сүреді. Бұл - халықтың 6-7 пайызы ғана. Оның 90 мыңы Баян-Өлгий аймағында, қалған 70 мыңы Эрдэнэт, Налайх секілді аймақтарында шашырай қоныстанып отыр. Әрине, оларға қазақ мектебін салу мүмкіндігі жоқ. Ал Баян-Өлгий аймағының орталығында тоғыз мектеп бар. Соның біреуі ғана моңғолша, қалған сегізі қазақ тілінде білім береді. Сонымен қатар 12 ауылда 12 қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Бұл да – мемлекеттің аз ұлттарға деген дұрыс саясаты.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG