Алматыдағы «Музейдегі түн» шарасы

Орталық мемлекеттік музейдің үшінші қабатындағы вестибюльде концерт қойылды. Көрермендерге музей залдарын аралатып, ондағы экспонаттармен таныстыратын экскурсия да осы жерден басталады. Вестибюльдегі сахнаны биыл қазақи оюлармен өрнектелген көне әрі қымбат баулармен безендірген.

Кәсіби музей мерекесі мен Алматының мың жылдығына арнап «Қазақстан суретшілері шығармасындағы Алматы қаласы» көрмесі ұйымдастырылған. Онда музей қорында сақталған Николай Хлудов, Федор Болкоев, Николай Гаев, Мэлс Ержанов, Николай Соловьев, Жанатай Шарденов, Тұрсын Әбуов, Шаймардан Сариевтердің шығармалары қойылған. Музейге келген әйел мен бала Шаймардан Сариевтің «Желтоқсан. 1986 ж.» суретіне қарап тұр. Суретші 1988 жылы дүниеден өткен. Бұл сурет Совет одағы коммунистік партиясының Алматыда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаны «қазақ ұлтшылдығы» деп сипаттаған қаулысы әлі күшінде болған кезде жазылған.

«Музейдегі түн» акциясына арнап «Отта туған өнер» көрмесі әзірленген. Онда қыштан жасалған, солардың арасында фарфор, терракот, шамот және т.б. бұйымдар қойылған. Көрмеде Қытай, Корея, Жапония, Еуропа мен Ресейде жасалған фарфорларды кезіктіруге болады. Сонымен бірге мұнда Алматы мен Қапшағайда әзірленген фарфор заттар бар. Суретте: музейге келгендер совет кезінде Қазақстанда жасалған фарфор бұйымдарды тамашалап тұр.

Мына фарфор ыдыс Қазақстанға украин халқы мен Украина коммунистік партиясы атынан тарту етілген. Музей қызметкерінің көмегімен Азаттық тілшісі бұл сыйлықтың қашан, не үшін тапсырылғанын анықтап білмек болды. Ыдыстағы жазуда украин тілінде «40 жылдықтың құрметіне» берілгені айтылған, бірақ нақты ненің 40 жылдығы екені түсініксіз.

«Өткеннің қайта жаңғырған жәдігерлері» көрмесі орналасқан залда музей реставраторлары қайта қалпына келтірген көненің тұрмыстық керек-жарақ заттарын кездестіруге болады. «Музейдегі түн» акциясына байланысты қызметкерлердің бірі андронов мәдениеті кезіндегі (біздің дәуірімізге дейінгі XVII-IX ғасырлар) әйелдерше киініп экскурсия өткізді.

Нумизматика бойынша өткен «Монета сыңғыры» деп аталатын интерактивті сабаққа қатысушы жас жігіт.

«Музейдегі түн» акциясы кезінде орталық мемлекеттік музейде өткен шеберлік сабақтарының бірі қыштан ыдыс жасау қолөнеріне арналды. Суретте алдыңғы жақта жерде тұрған қыш бұйымдарды мұнда келушілер қолөнер шеберімен бірге жасаған.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, орталық мемлекеттік музейде өткен «Музейдегі түн» акциясы кезінде концерт қойылып, өнерпаздар ән салып, би биледі.

Суретте: корей мәдени орталығының «Родина» хоры ән салып тұр.

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде биылғы «Музейдегі түн» акциясы Арт-мистерия стилінде ұйымдастырылды. Музей қонақтарына бет-жүздеріне маска тағып келу туралы өтініш айтылды. Көпшілігі солай істеді де. Кейбірінің киімі тіпті ерекше болды. Мысалы, бір жас жігіт Шотландияда ер адамдар киетін юбка – кельт киіп келген.

Қастеев өнер музейінде өткен маска байқауында бірінші орынды Дана Мейірбекованың шараға киіп келген маскасы (суретте) жеңіп алды.

«Музейдегі түн» акциясы аясында архитектор, дизайнер әрі визажист Лариса Стародубцева «Сергей Калмыковтың қонағы болу» жобасын ұйымдастырды. Жобаға қатысушылар алматылық әйгілі суретшінің шығармаларындағыдай бейнелерге еніп, шараға келгендермен бірге суретке түсті.

Сонымен бірге музейге келгендер классикалық көркем сурет, скульптура кейіпкерлерін бейнелеген адамдармен де суретке түсті.

Өнер музейіндегі залдардың бірінде келушілер үнсіз қимыл, ыммен өнер көрсететін актерлер өнерін қызықтады.

Музейдің енді бір залында аукционға саудаға шығарылатын картиналар көрмесі орналасқан. Мұндағы өнер туындыларының әрбірінің бағасы бірнеше мың долларға бағаланған. Көрермендер бұл залда биші қыздардың мың бұралып билеген өнерін де тамашалады.