НАТО Польшаға AWACS ұшағын жіберуді ұйғарды

UKRAINE-CRISIS/POLAND-AWACS

НАТО елдері Польшаға алыстан радиолокациялық бақылау жүргізетін AWACS ұшағын жіберуге келісті. Бұл туралы альянстың баспасөз қызметі 23 қарашада НАТО-ға мүше мемлекеттер елшілерінің отырысы өткеннен кейін хабарлады.

Мұндай шешім Ресей зымырандары 20 қарашада Польшаның әуе кеңістігін бұзғаннан кейін қабылданып отыр. Сол күні Ресейдің Украинаға әуеден жасаған жаппай шабуылы кезінде Польша аумағына үш қанатты Х-101 зымыраны құлаған еді. Польша билігі бұл зымырандардың Ресейге тиесілі екенін анықтады. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.

Дүйсенбідегі жиында альянс өкілдері сол оқиғаны талқылады. Сондай-ақ НАТО Польшаға қосымша әскери күштер мен құралдар орналастыру мүмкіндігін де жоққа шығармады.

"Барлық одақтас Польшамен толық ниеттес екенін білдіреді. НАТО кез келген қауіптен қорғануға біртұтас, дайын әрі бел буып отыр", – делінген альянс мәлімдемесінде.

AWACS – әуе нысандарын алыстан анықтауға және авиация қимылын үйлестіруге арналған радиолокациялық жабдығы бар ұшақ. Мұндай ұшақтар жердегі басқару бекеттеріне ақпарат беріп, жойғыш ұшақтарды нысанаға бағыттауға көмектеседі.

Польша премьер-министрі Дональд Туск елдің әуе кеңістігінің бұзылуын Ресейдің әдейі жасаған арандатуы деп атаған. Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Польша прокуратурасы ел аумағына құлаған зымырандар Ресейдікі деп хабарлады