Неліктен Батыс елдерінің басшылары Ресеймен соғысты ескертіп жатыр?

Украина президенті Владимир Зеленский және НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте. 20 тамыз, 2023 жыл.

  • НАТО басшысы Марк Рютте және Еуропа елдерінің өзге де жетекшілері 2025 жылы Ресей алдағы жылдары НАТО елдеріне шабуыл жасауы мүмкін екендігі туралы бірнеше рет ескертті.
  • Кейбір сарапшылар Ресейдің жақын арада шабуылдау қабілетіне күмән келтіреді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада Путин билікті сақтап қалу үшін соғыс тұтандыруы ықтимал дейді.
  • Жақында жарияланған сараптамалық орталықтың есебінде Ресейдің келесі нысынасы Эстония болуы мүмкін екені жазылған, бірақ Ресейге әлеуетін қалпына келтіруге 5-10 жыл керек.


Қол шапалақтау аяқталғаннан кейін НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте мінберге шығып, қағаздарын асықпай сол жерде реттеп алды. Оған баяндаманың негізгі бөлігіне көшуге 62 секунд қажет болды.

"Қара күштер қайта күшіне мінді. Біз – Ресейдің келесі нысанасымыз" деді ол.

Рюттенің 11 желтоқсанда Берлинде сөйлеген сөзі - 2025 жылы Еуропа жоғары лауазымды шенеуніктері мен барлау агенттіктері өкілдерінің Ресеймен қақтығыс ықтималдығы туралы айтқан ескертулердің бірі.

Ақпан айында Данияның барлау қызметі «Ресейдің НАТО-ға қарсы соғысқа дайындалып жатқанын» хабарлады; маусым айында Германияның бас генералы шабуыл төрт жыл ішінде болуы мүмкін екенін айтты; қарашада оның поляк әріптесі де осыған ұқсас пікір айтты — Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус «кейбір әскери тарихшылар тіпті бұл біздің соңғы бейбіт жазымыз деп сенеді» деп мәлімдеді.

Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Украинаға жіберілетін Leopard II танкілерін қарап жаты. 1 ақпан 2023 жыл.

Мұндай ескертулер тізімін әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Кейінгі кезде мұндай мәлімдемелерді көбіне Рютте жасайтын болды.

Қаңтарда ол НАТО мүшелерін қорғаныс шығынын көбейтуге және орыс тілі курстарын ұйымдастыруға шақырды, ал маусымда шабуыл Қытайдың Тайваньға шабуылымен үйлестірілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Ең ауыры 11 желтоқсанда айтылды, онда ол «біздің ата-әжелеріміз бастан кешірген соғыс», «жаппай жұмылдыру, миллиондаған жер аударылған адамдар» туралы айтты.

МҰНДАЙ ЕСКЕРТУЛЕР НЕГЕ АЙТЫЛЫП ЖАТЫР?

Осы сияқты мәлімдемелер жаңалықтардың тақырыбына айналып, түрлі сұрақ туындатты. Бұл әсіресе, бұрыннан бері Еуропа қауіпсіздігін қолдап келген АҚШ-тың мұны жасауға ниетінің әлсірегені байқалған тұста маңызды болып отыр.

«Мен бұл жөнінде ойландым, әсіресе Ресейдің НАТО-ға шабуыл жасай алатыны немесе шабуыл жасағысы келетіндігіне ешқандай дәлел жоқ тұста», – деді Мәскеу мен Киевтегі бұрынғы британдық әскери атташе Джон Форман «Азат Еуропа/Азаттық» радиосына.

"Менің ойымша, бірқатар саясаткерлер мен әскерилер Ресей қатерінің елесін өз мақсаттарына пайдаланып жатыр: Рютте — НАТО елдеріне шығын бойынша өз міндеттемелерін орындатқызуы үшін, поляктар – НАТО күштерін өз аумағына көбірек тарту үшін" деді ол.

Өзге скептиктер төрт жылға жуық соғыста Ресей Украинаны толық жаулап ала алмағанын атап өтеді, дегенмен ол биыл адам күші мен техниканың орасан шығыны есебінен біртіндеп ілгерілеуге қол жеткізді.

Финляндиядағы халықаралық қатынас институтының маманы Теему Таммико да Ресей "әзірге, НАТО-ға шабуылдауға дайын емес және оған мүмкіндігі де жоқ" деп санайды.

Алайда Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында ол Владимир Путиннің билігі "сыртқы қауіп-қатерге тәуелді" және "ұзақмерзімдік перспективада қандай да бір әскери провокация болуы мүмкін, бұл әсіресе Украинадағы соғыс тоқтағаннан кейін ықтимал" деді.

Кейбірі бұл нәрсе қазірдің өзінде болып жатыр деп мысал ретінде ресейлік дрондардың НАТО-ның әуе кеңістігіне кіруін атайды. Бірақ биылғы ескертулер одан да нашар сценарийлерге меңзейді.

ЭСТОНИЯҒА ШАБУЫЛ

Еуропа сыртқы қатынастар кеңесінің (ECFR) 18 желтоқсанда жарияланған есебінде Эстонияға жасалған тікелей шабуыл мен одан туындауы мүмкін қауіп-қатер айтылады, бұл АҚШ пен НАТО-ның басқа да одақтастарының қарсылық көрсетуге дайындығына "сынақ" та болуы мүмкін.

«Еуропада мұндай алаңдаушылықтың ар жағында терең қорқыныш та жатыр: ішкі саясатқа алаңдап, шығынды қысқартуға құмартқан АҚШ үкіметі жақын арада өзінің қатысуын азайтуы мүмкін немесе Еуропа қорғанысындағы рөліне шарт қоюы ықтимал», - делінген есепте.

Есепте Эстония "шағын әрі осал ел" ретінде сипатталады.

Онда 2016 жылғы әскери жаттығу кезінде Ресей күштері елге басып кіргеннен кейін ел астанасы Таллинді 60 сағат ішінде басып алатындығы жөнінде болжам жасалғаны да келтіріледі.

Бірақ есепте Ресейге Украинадағы соғысты аяқтағаннан кейін "қару-жарақтарын түгендеп, мұндай шабуылға дайындалу үшін" тағы 5-10 жыл қажет екені жазылған. Бұл Рютте, Писториус немесе өзге де саясаткерлер айтқан мерзімнен әлдеқайда ұзағырақ мерзім.

Американың ресми тұлғалары еуропалықтар айтқан ескертулерді қайталамағанын айта кету керек.

Жақында жарияланған АҚШ ұлттық қауіпсіздік стратегиясында «Еуропадағы одақтастардың ядролық қарудан басқа барлық салада Ресеймен салыстырғанда айтарлықтай әскери басымдыққа ие екендігі» айтылған.

Алайда онда «Ресей мен Еуропа елдері арасындағы қақтығыс қаупін азайту үшін» АҚШ-тың дипломатиялық қадамдары қажет екені мойындалған.

«БЕС-ОН ЖЫЛДАН КЕЙІН НЕМЕСЕ ЕШҚАШАН»

Кремльдің ресми тұлғалары Еуропа жетекшілерін "соғыс өртін тұтандырып отыр" деп айыптады. Олар Ресей Еуропаға шабуылдайды деген тұжырымды жоққа шығарады. Дегенмен олар осыған ұқсас мәлімдемені 2022 жылы ақпанында Украинаға басып кірмей тұрып та жасаған. Десе де, қазіргі мәлімдемелерін ойланбастан айта салды деуге келмейді.

«Ресей біздің елге таңып жатқандай басқыншылық мақсатты көздемейді. Ресей президенті айтқандай, біз мұны тіпті заңдық түрде рәсімдеуге дайынбыз», - деді сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков 22 желтоқсанда.

Бірақ осыған ұқсас кез келген міндеттемені Батыстың салмақты қабылдауы неғайбыл. Ресей 1994 жылы Будапешт меморандумында Украинаның шекараларын құрметтеуге уәде берген, кейін сол уәдесін бұзды.

Түптің түбінде, барлығы бір адамға байланысты.

"Біз білетіндей, Ресей демократиялық ел емес. Мұндай шешім іс жүзінде, Владимир Путиннің НАТО-ға мүше Еуропа елдеріне немесе Еуропаның басқа мемлекеттеріне шабуыл жасау туралы бұйрығының нәтижесі болмақ, сондықтан біз мұны нақты біле алмаймыз" деді RUSI қорғаныс және қауіпсіздік сараптамалық орталығының өкілі Элизабет Броу АЕ/АР-ға.

"Дәл сол себепті Еуропадағы тұтас әскери басшылық біз ертеңгі күні болуы мүмкін нәрсеге дайын болуға тиіспіз деумен келеді. Бұл әрине, бес, он жылдан кейін немесе мүлде болмауы мүмкін, бірақ біз бұған сене алмаймыз", - деп атап өтеді Брау.