6 ақпанда Италияның Милан және Кортина қалаларында 25-қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Бұл – ашылу салтанаты екі қалада бір уақытта болған алғашқы олимпиада. Салтанатты шара кезінде жанкүйерлер Украина спортшыларына қошемет көрсетіп, Израиль спортшылары шыққан кезде гуілдеді. Азаттық тілшісі де ашылу салтанатын стадионнан тамашалады.
Салтанатты шара Миландағы әйгілі "Сан Сиро" стадионында өтті. Ал Кортинада қалашықтың көшесінде болды. "Сан Сиродағы" ашылу салтанатының басында Ла Скала театрының 70 бишісі Италиядағы ежелгі антика мүсіндері бейнесінде ортаға шығып, би биледі.
Антика мүсіндері бейнесіндегі би. Милан, Италия. 6 ақпан, 2025 жыл.
Шара кезінде ұйымдастырушылар Италияның танымал композиторлары Джузеппе Верди, Джакомо Пуччини мен Джоакино Россиниге және Италия музыкасына құрмет көрсетті.
Джузеппе Верди, Джакомо Пуччини және Джоакино Россини бейнесі. Қысқы олимпиаданың ашылу салтанаты. Милан, Италия, 6 ақпан, 2026 жыл.
Одан әрі сахнаға бояулар "төгіліп", стадион ортасы сантүрлі түске енді. Осылайша ұйымдастырушылар Италияның сурет өнерін паш етті.
Стадионға түрлі-түсті бояу "төгілген" сәт. Милан, Италия. 6 ақпан, 2026 жыл.
Артынша америкалық әнші Мэрайя Кэри италиялықтардың танымал Volare әнін шырқады.
Мэрайя Кэри сахнада.
Сахнаға Италия туымен түстес киім киген модельдер шығып, италиялық әйгілі модельер Джорджио Арманиді (былтыр қыркүйекте 91 жасында қайтыс болған) құрметпен еске алды. Бұл көйлектерді Армани сән үйі тіккен.
Италия туы түстес киім киген модельдер. Милан, 6 ақпан, 2026 жыл.
Одан соң стадионда олимпиадаға қатысатын елдердің парады басталды. Бұл шара да Милан мен Кортина қалаларында қатар өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы екі қалада да атлеттер парадына қатысып, мемлекеттік туды Миланда шорт-трекші Денис Никиша, Кортинада фристайл могулден олимпиадаға қатысатын Аяулым Әміренова ұстап шықты.
Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында. Милан, Италия. 6 ақпан, 2026 жыл.
Украина құрамасы парадқа шыққан кезде стадиондағы бүкіл жұрт қошеметтеп қолдау білдірді. Ал Израиль құрамасы ортаға шыққанда қарсылық білдіріп гуілдеді.
Украина спортшыларының бір тобы Миландағы ашылу салтанатында.
Стадионға АҚШ құрамасы шыққан кезде көрермендер қошемет көрсетіп жатқан еді, кейін экраннан АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнсті көрсеткенде жұрт гуілдеп қоя берді. Осылайша "Сан Сиродағы" көрермен Израильдің Газадағы соғысы мен президент Трамп әкімшілігінің АҚШ-тағы саясатына қарсылық білдірді.
АҚШ құрамасы Миландағы олимпиаданың ашылу салтанатында.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен әйелі Уша Вэнс олимпиаданың ашылу салтанатында. Милан, Италия. 6 ақпан, 2026 жыл.
Ашылу салтанатында италиялық әнші Андреа Боччели ән салды. Бұған қоса, әлемді бейбітшілікке үндеген, расизм мен соғыстың адамзатқа зияны жайлы қойылымдар қойылды.
Андреа Боччели ән салып тұр. Милан, Италия, 6 ақпан, 2026 жыл.
25-қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында 1200-ден аса адам өнер көрсетті. Ең жасы он жаста, ең үлкені 70 жаста. Шараға 700 сағат дайындалған. Музыка жазуға 500-ден аса музыкант қатысса, өнер көрсеткен әртістер мен өзге де адамдарды сәндеуге 70 шаштараз, 110 make-up жасаушы атсалысқан. 1400-ден астам көйлек тігу үшін 7500 метр мата жұмсалған.
Миланда олимпиада алауы жанған сәт. Италия, 6 ақпан, 2026 жыл.
Ал салтанатты шара соңында Милан мен Кортина қалаларында олимпиада алауы жанды. Олимпиада ойындары 22 ақпанда жабылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Милан-Кортина қысқы олимпиадасы. Сіз білу керек негізгі деректер