Әуелі мақтайды, кейін даттайды. Орталық Азия басшыларынан культ жасау қалай жүріп жатыр?

Орталық Азияның әрбір елінде президентті жақсы көргені сонша, оған арнап ән шығарып, өлең жазатындар, мадақ айтатындар табылады. Олар әрдайым кімнің "ең ақылды", "ең ұлы" және "ең лайық" адам екенін біледі. Бірақ билік ауысқан бойда, бұрынғы лидер тез арада ұмыт болады. Мұндай елдерде культ қалай жасалады және танымал тұлғалар неліктен билік басындағыларды ұлықтауға құмар?

"Өзбек халқының ұлы перзенті"

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов тұсында оның имиджін көбіне тәуелсіздікпен байланыстырды. Ресми риторикада ол жай ғана мемлекет басшысы емес, қазіргі Өзбекстанды қалыптастырған тұлға ретінде көрсетілді. Оны "тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы", "өзбек халқының ұлы перзенті", "ұлы саясаткер" және "дана реформатор" деп атады. Мемлекеттік БАҚ Өзбекстанның Совет одағы ыдырағаннан кейінгі барлық дерлік басты жетістігі Каримовтің арқасы деді.

2017 жылы Өзбекстанда Каримовтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы қаулы қабылданды.

"Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаған, өзбек халқының ұлы перзенті Ислам Каримов Отанымызды тоталитарлық жүйеден азат етіп, құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған елді қайта көтерді. Қысқа мерзімде Өзбекстанды тұрақты дамып келе жатқан заманауи мемлекетке айналдырды. Оның саяси қызметі мен адамдық қасиеттері еліміздің тарихында өшпес із қалдырды" деп жазылды президент сайтында жария болған құжатта.

Президентке деген жария адалдық ресми құжаттармен ғана шектелген жоқ, ол көпшілік алдындағы сөздерден де көрінді. Президенттің дін қызметкерлерімен кездесуінде бір қатысушы Каримовке: "Уа, тәуелсіздік қаһарманы! Сізді құшақтап, ұлттық мақтанышымыз бен жүрегіміздегі толқынысты сезіне отырып, иығымызға көтеруге рұқсат етіңіз" деп үн қатқан.

Мұндай сөздер мемлекет дін саласын шектеу енгізген тұста айтылып жүрді. 2004 жылы Human Rights Watch Өзбекстан билігі мешіттердегі уағызды қатаң бақылағанын жазды. Уағызда үкіметті қолдап, президентті мақтау талап етілген, ал ресми саясатқа қайшы пікірге тыйым салынған.

Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан кейін жаңа президент Шавкат Мирзиёев әуелде оның есімін жиі атап, бұрынғы бағыт жалғасатынын айтатын. Кейін Каримовтың есімі сирек атала бастады. Оның культіне тән кейбір белгілер де қоғамдық кеңістіктен біртіндеп жоғалды. Танымал адамдардың риторикасы да өзгерді. Бұрын Каримовты мақтап сөйлейтін әнші Юлдуз Усманова енді Мирзияевті дәріптеуге көшті.

"Қарақалпақстан түрмелерінде жалған жаламен қанша адам жоғалды, намаз оқығаны үшін қанша адам қудаланды. Ал бүгін мешіттерімізде азан естіледі. Халықтың арасында жүретін президентіміз барына шүкір" деді ол.

Актер Матякуб Матчанов та Мирзияевтің билікке келуін жаңа дәуірдің басталғанына балады:

"Адам қадірі аяққа тапталған уақытты көрдік. 2016 жылы қазіргі президент мені босатып, әділетсіз сотталғанымды дәлелдеді. Мен үшін нағыз тәуелсіздік сол жылы басталды. Жаңа Өзбекстан жасасын!"

Мирзияев Каримов мұрасын ашық жоққа шығарған жоқ. Оның орнына ел енді жаңаша дамып жатыр деген ойды алға шығарды. Каримов қайтыс болғаннан кейін екі жыл ішінде оның жақын серіктері шетінен қызметінен кетті. Оның отбасына деген көзқарас та өзгерді. Каримовтың 80 жылдығына арналған шараларға екі қызы да қатысқан жоқ. Үлкен қызы Гүлнара ол кезде қамауда еді. Ал Лола Каримова кейін ЮНЕСКО-дағы қызметінен кетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Авторитардың ізімен". Мирзияевті "ұлт көшбасшысы" деп атауды ұсынды

Каримовтар отбасы қоғамдық өмірден біртіндеп шеттетілді. Оның орнына жаңа президенттің туыстары көріне бастады. Мирзияевтің үлкен қызы Саида президент әкімшілігін басқарады. Кіші қызы Шахноза Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі директорының орынбасары болып отыр.

Саясаттанушы Әлішер Илхамов

Central Asia Due Diligence ұйымының директоры, саясаттанушы Әлішер Илхамовтың сөзінше, Өзбекстанның қазіргі саяси жүйесінде билікті жария түрде мадақтау белгілері әлі де бар.

"Мұндай жүйеде қызметке тағайындауда біліктілік те ескеріледі. Әйтпесе мемлекет жұмыс істей алмайды. Бірақ көп жағдайда шешуші рөлді адалдық атқарады. Яғни адам өзін қызметке көтерген тұлғаға, президентке не премьерге адал болуы керек. Бұл принцип мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде жұмыс істейді. Каримов кезінде де солай болды" дейді ол.

"Елбасы" еді бір кезде. Қазақстан үлгісі

Назарбаевтың отыз жылға жуық билігі кезінде де Қазақстанда бірінші президенттің бейнесі мемлекетпен тығыз байланысып кетті. Конституцияда оны "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деп атады. Оған "Елбасы" атағы берілді, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы да берілді. Портреттері мемлекеттік мекемелерде, билбордтарда, оқулықтар мен ақшада басылып шықты. Оны қолдауға арналған жария сөздер кейде қалыпты рәсімге айналды. "Нұр Отан" партиясының съездерінде Назарбаевтың партияластары оның елдегі рөлін асыра дәріптеуден тартынбайтын.

"Елбасыдай ерен тұлға тұрғанда, мен елімнің ертеңіне сенемін" деді 2016 жылы президент партиясының мүшесі Бақытгүл Хаменова (2022 жылы ол сыбайлас жемқорлық ісі бойынша жеті жылға сотталды. Алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазасын өтеу кейінге қалдырылды).

Мұндай сөздерден кейін әдетте ұзақ әрі зор қошемет көрсетілетін.

Назарбаевты ұлықтауға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үлес қосты. 2019 жылғы 20 наурызда президент қызметіне кіріскеннен кейін парламент алдында сөйлеген сөзінде ол Астананы Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды. Тоқаев осы сөзінде "ұлы замандасымыздың есімін мәңгі есте қалдыру қажет" деп, астанада Назарбаевқа ескерткіш орнатуды, барлық облыс орталығындағы орталық көшелердің біріне соның есімін беруді де ұсынған.

Бірақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кері процесс басталды. Назарбаевты мақтау азайып, бірінші президентке сын көбейді. Бұл құбылысты кейбір сарапшы "Назарбаевсыздандыру" деп атады. 2023 жылы парламент "Тұңғыш Президент – Елбасы туралы" заңның күшін жойды. Заң Назарбаевқа мемлекет есебінен өмір бойы жеңілдік беріп, онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де күзет пен қол сұғылмаушылық кепілдігін қарастырған еді. Депутаттар заңның күшін жою мәселесін жарты сағат қана талқылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Назарбаевсыздандыру" науқаны, "Отбасын шетелде қудалау" һәм жүйені бейімдейтін Тоқаев

Саясаттағы мансабы негізінен Назарбаев тұсында қалыптасқан Ерлан Қошанов 2025 жылғы 19 наурызда мәжіліс төрағасы ретінде сөз сөйлеп, бұрынғы жүйенің кемшілігі туралы айтты.

"Қазақстан 30 жыл бойы суперпрезиденттік басқару жүйесімен өмір сүрді. Уақыт өте билік пен капиталдың аз адамның қолына шоғырлануы саяси дағдарысқа әкелді. Бұл қоғамның наразылығын күшейтіп, елдің дамуын тежеді. Сондықтан биліктің бір қолға жиналуынан бас тарту маңызды болды" деді ол.

Кейін Назарбаевқа арналған ескерткіштер алына бастады. Мектеп оқулықтарынан да бұрынғы мадақ сөздер қысқарып жатты. Қазір оның аты негізінен Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңімен қатар аталады. 2023 жылы Тоқаев Назарбаевты артықшылықтарынан айырған заңға қол қойды. Нұр-Сұлтан атауы қайтадан Астана болып өзгерді. Конституциядан бірінші президентке қатысты арнайы нормалар да күшін жойды.

Назарбаев мүсіні Қаңтар оқиғасы кезінде құлатылды. 5 қаңтар 2022 жыл.

"Назарбаев экономикалық реформаларға көбірек еркіндік берді. Сондықтан мемлекеттік қызметте біліктілік те маңыздырақ болды. Тоқаев та негізінен осы модельге сүйенеді. Айырмашылығы – оның Назарбаевтағыдай үлкен отбасылық кланы жоқ. Бірақ биліктің бір адамға шоғырлануы және президент беделін PR арқылы күшейту тәжірибесі сақталған" дейді саясаттанушы Әлішер Илхамов.

Әлеуметтік талаптан басталып, саяси наразылыққа ұласқан Қаңтар наразылығы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қанды оқиға болды. Ахуал шиеленіскен тұста президент Тоқаев елге 20 мың террорист кірді деп мәлімдеп, оларға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Террористер кірді дегенге айғақ көрсетілген жоқ. Кемінде 238 адам қаза тапты. Ресми билік 130-дан астам адамды оқиғаның кездейсоқ құрбаны деп таныды. Елдегі, шетелдегі құқық қорғаушылар азаматтарға оқ ату туралы шешімді шектен тыс күш қолдану деп сынады. Бірақ бұл шешімді ақтап сөйлегендер де аз болмады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Назарбаевты ұмыт қалдыру" немесе экс-президенттердің тағдыры

Президент Тоқаев 2019 жылы шыққан өзі туралы фильмде "өзіме ең үлкен сыншы – өзім" деп, жағымпаздықты ұнатпайтынын айтқан. Бірақ басшыны ұлықтау дейтін әдет қалған жоқ. Оны мадақтауға бюджеттен ақша бөлінгені де бар. 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі тендер өткізіп, президент Тоқаев туралы үш бейнеролик жасатқан. Видеоларда президенттің есте сақтау қабілеті ерекше, "энциклопедиялық білімі бар", бес тіл біледі деген мақтаулар айтылған. ProTenge медиасы бұл роликтерге шамамен 10,5 мың доллар жұмсалғанын жазды. Сын көбейген тұста видеолар өшірілді.

Президент Тоқаев билікке келген соң оның әкесі – жазушы, детектив жанрында шығармалар жазған қаламгер Кемел Тоқаевтың есімі жиі аталатын болды. 2023 жылы жер-жерде Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аталып өтті. Алматыда халықаралық конференция ұйымдастырылып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев атындағы аудитория ашылды. 2023 жылы Жетісу облысы әкімдігі Кемел Тоқаевтың суреті салынған 50 кілем мен бейнесі бедерленген 200 медаль жасатуға тендер жариялады. Желідегі сыннан соң тендер алынып тасталды. Мұның бәрін президентке әкесі арқылы жағымпаздану деп санайтындар да, жазушы Кемел Тоқаевтың еңбегіне лайық құрмет деп білетіндер де бар.

Ақаев пен Бәкиев: революция болады, кейіпкер ауысады

Қырғызстанда президент культі Қазақстан мен Өзбекстандағыдай ауқымды болған жоқ. Бірақ мұнда да мемлекет басшысының ерекше бейнесі қалыптастырылды. Алғашқы президент Асқар Ақаев билікке ғалым және демократ деген атпен келді. Оны тәуелсіз мемлекетті құратын реформатор деп таныстырды.

Саясаттанушы Әділ Тұрдұқұлов Ақаев тұсындағы мақтау-мадақты советтер мұрасымен байланыстырады.

"Совет одағы құлағаннан кейін билікке келгендер ескі жүйенің көп дәстүрін сақтап қалды. Ақаев та соның ықпалында болды. Алғашында демократиялық ортадан кадр жинауға тырысты. Бірақ басқару тәжірибесі жетіспеген соң совет шекпенінен шыққан адамдарға сүйенді. Олар иерархия мен басшыға бағыну дегенді жақсы білетін" дейді Тұрдұқұлов.

Ақаевтың кезінде елде ірі ұлттық мерекелер көп өткізілді. "Манас" эпосының мың жылдығы, Оштың 3000 жылдығы, қырғыз мемлекеттілігінің 2200 жылдығы атап өтілді. Бұл шаралар ұлттық бірегейлікті күшейтіп қана қоймай, президент беделін де көтерді.

Зерттеушілердің айтуынша, мұндай шаралар саяси мақсатта да пайдаланылған. Мысалы, "Манастың" мың жылдығы 1995 жылғы президент сайлауының алдында өтті.

Бірақ 2005 жылы революция болып, Ақаев елден қашты. Оған деген көзқарас та күрт өзгерді. "Алғашқы демократ президент" деген бұрынғы атағы ұмытылып, оның кезіндегі жемқорлық, бір отбасының ықпалы мен қызметін теріс пайдаланғаны туралы көп айтылады.

2005 жылғы көктемде Бішкекте төңкеріс болып, Асқар Ақаев биліктен кетті.

Осыған ұқсас жағдай Құрманбек Бәкиевтің кезінде де қайталанды. 2005 жылы билікке келген оның командасы "Қызғалдақ революциясын" белсенді насихаттады. Бәкиев бұрынғы әділетсіз билікке қарсы күресті жалғастырушы деп дәріптелді.

Революцияға арналған ескерткіштер, көше атаулары мен кітаптар пайда болды. Зерттеушілер мұны жаңа билікке тиімді тарих нұсқасын орнықтыру амалы деп түсіндіреді. Уақыт өте революциядан гөрі Бәкиевтің өзін мақтау көбейді.

Шенеуніктер мен жақтастары оны елді бұрынғы биліктен құтқарған және Қырғызстанды жақсы өмірге бастайтын басшы деп сипаттады.

Бірақ 2010 жылғы революциядан кейін Бәкиев те биліктен кетіп, елден қашты.

Содан кейін оның бейнесі де өзгерді. Бұрын "халық мүддесін қорғау" деп сипатталған саясат енді жемқорлықпен, отбасылық ықпалмен және наразылықты басумен байланыстырылды.

Осылай Қырғызстанда бір сценарий бірнеше рет қайталанды: жаңа президент келген сайын өткенге берілетін баға да өзгеріп отырды. Кеше ғана мақтау естіген басшы бұрынғы билік қателігінің символына айналып жатты.

"Біздің бірінші Петр – Садыр Жапаров"

Билікті ашық мақтау бүгін де бар. Садыр Жапаров тұсында мұны әсіресе Халық құрылтайларынан көруге болады.

2023 жылы Бәткен облысы Қадамжай ауданынан келген құрылтай делегаты Бекболот Мұрадилов жиын қатысушылары өз уақытын билікті мақтауға жұмсағанын мәлімдеген.

"Құрылтай жақсы өтті. 60–65 пайызы билікті қолдады. Кейбіріне үш минут берілсе, сол уақыттың бәрін билікті мақтауға жұмсады. Бірақ халықтың сыны да айтылды. Мәселелер билікке жетті. Маған мінберден сөз бермеді, бірақ Қадамжай мәселелерін жазбаша тапсыруға мүмкіндік болды" деді ол сол кезде "Азаттыққа" айтқан сөзінде.

"Президентті делегаттар ғана мақтаған жоқ. 2021 жылы Еділ Байсалов Садыр Жапаровты "абсолютті лидер" деп, "біздің бірінші Петр – Садыр Жапаров" деді. 2024 жылы үкімет басшысы Ақылбек Жапаров оны "ұлттық көшбасшымыз" деп атады.

"Бұл жетістіктер бізге күш пен сенім береді. Президент Садыр Жапаров қойған жаңа міндеттерді орындауға бүкіл мемлекеттік аппаратты ынталандырады. Мақсат өте биік: Қырғызстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу" деді Ақылбек Жапаров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ханституциялар". Орталық Азия басшылары ата заңдарын қалай түрлендірді?

Саясаттанушы Әділ Тұрдұқұловтың сөзінше, өзге елдерге қарағанда Қырғызстан жеке басқа табынушылықты доғаруға бірнеше рет талпыныс жасаған.

"Қырғызстанда тұлғаға табынудан арылуға бірнеше рет талпыныс болды. Өйткені билік бір адамға не бір отбасына тым қатты шоғырланса, бұл халық наразылығын күшейтеді. Үш революция соның мысалы болды. Бірақ айналамыздағы авторитар мемлекеттердің ықпалы да бар. Билікке келген әр жаңа басшы көрші елдердегі кей дәстүрді қабылдап отырды" дейді ол.

Тәжікстандағы "ұлт лидері"

Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон елді отыз жылдан астам уақыттан бері басқарып келеді. Осы уақыт ішінде оның айналасында ресми атақтар мен мадақтаудың тұтас жүйесі қалыптасты.

Оны "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы — Ұлт лидері" деп атайды. Бұл атақ Рахмонға өмір бойына берілген. Ресми мәтіндерде оны елді ыдырап кетуден және азамат соғысынан құтқарған тұлға деп көрсетеді.

Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон елді 30 жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді.

Бірақ Рахмонды тек ресми құжаттарда ғана мақтамайды. Рахмон 73 жасқа толарда президент әкімшілігін басқаратын қызы Озода Рахмон әкесіне арнап өлең оқыды:

"Әке, өмір бағың жеміске толы болғанына бақыттымын.
Тағдырдың қара түнін жарық таңға айналдырдың.
Жүрегіңнің махаббат теңізінде асыл маржан сақтаулы, әке"

2023 жылғы парламентке жолдауында Рахмонның сөзіне залда отырғандар 120 рет қол соққан. Үш сағаттан асқан жиында қошемет шамамен 22 минутқа созылған.

"Түркіменбашы", "Арқадағ" және "Түркіменстан архитекторы"

Орталық Азиядағы жеке бас культі туралы сөз болғанда ең көп айтылатын елдің бірі – Түркіменстан. Елдің алғашқы президенті Сапармұрат Ниязов еді. Оны "Түркіменбашы", яғни түркімендердің әкесі деп атады. Оның "Рухнама" кітабы мектеп пен университетте міндетті оқулыққа айналды. Ниязов өмір бойғы президент мәртебесін алды. Ашғабат орталығында оның күнге қарай айналып тұратын алып алтын мүсіні тұрды.

Ниязов 2006 жылы қайтыс болғаннан кейін бұл белгілердің біразы жоғалды. "Рухнама" оқу бағдарламасынан алынып тасталды, алтын ескерткіш қала орталығынан көшірілді.

Бірақ тұлғаға табыну жоғалған жоқ. Тек мадақталатын адам өзгерді.

Президент болған Гурбангулы Бердымұхамедовке "Арқадағ", яғни қамқоршы деген атақ берілді. Оған да алтын ескерткіш орнатылды. Елде оның кітаптары, портреттері мен "ұлы лидер" бейнесі белсенді насихатталды.

2022 жылы президент қызметіне оның ұлы Сердар Бердымұхамедов келді. 2025 жылғы қазанда парламент оған "Түркіменстанның еңбек сіңірген сәулетшісі" атағын берді. Елде президенттердің суретін жаппай ілу дәстүрі сақталды. Бұрынғы және қазіргі президенттің портреттері мемлекеттік мекемелерде, автобустар мен таксилерде де бар. Мемлекет басшысының суретін бүлдірген адамдар қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін.

Басшыларды неге мадақтайды?

2014 жылы Назарбаев Астанадағы "ЭКСПО-2017" құрылыс алаңына барғанда оған сауда орталығының макетін таныстырды. Президент одан кешеннің аты қандай болатынын сұрағанда құрылыс иесі Нұрлан Смағұлов: "Нұр Плаза" деп жауап берді. Назарбаев мұны әзілге айналдырып: "Жағымпаздықты қайдан үйрендің?" деді. Смағұлов: "Өмір үйретті" деп жауап берді.

Неге Орталық Азияда президенттерді мадақтауға құмар? Сарапшылардың айтуынша, бұл басшыны шынайы жақсы көргеннен ғана болмауы мүмкін. Егер қызметің, мансабың не билікке жақындығың бір адамның қолындағы мәселе болса, оны мақтаған өте тиімді.

"Егер парламент шынымен тәуелсіз болып, әділ сайлаумен құрылса, сайлау комиссиясы әділ жұмыс істесе, сот пен құқық қорғау органдары жоғарыдан нұсқау күтпесе, ал баспасөз еркін болса – тұлғаға табыну әлсірейді. Өйткені адамдар елдегі шешімді бір адам емес, институттар қабылдайтынын түсінеді" дейді Әділ Тұрдұқұлов.

Танымал адамдардың президентті қолдағаны билікке ұнайтынының тағы бір себебі бар. Көпшілік танитын әнші, блогер не спортшы қоғам көзқарасына ықпал ете алады. Сондықтан билік олардың қолдауына ие болғысы келеді. Біріне марапат, біріне қызмет, енді біріне жеңілдік не басқа мүмкіндік берілуі мүмкін.

"Қазір қандай да бір саяси өзгерістің алдында тұруымыз мүмкін. Мирзияев билікті Саида Мирзияеваға бергісі келуі ықтимал. Мұндай кезде билікке қайтадан көп мадақтаушы керек болады. Өйткені қоғам Саиданы президент ретінде қабылдауға әлі дайын емес. Ал халықты соған дайындауда мәдениет өкілдерін пайдалануға болады" дейді оппозициялық белсенді, бұрынғы депутат Жахонгир Маматов.

Президент билікте отырғанда оған арнап ән шырқалады, өлең оқылып, ескерткіш қойылады. Ал биліктен кеткенде, оған деген көзқарас та өзгереді. Егер қызметке, мансап пен билікке апарар жол бір адамның қолында болса, жұрт оған адалдығын көрсетуге барын салады. Сондықтан президенттер ауысқанымен, басшыны ұлықтау дейтін үрдіс өзгеріссіз қала береді.