24 тамыз күні таңертең Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы бір күн бұрын өткен Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады.
Ресми мәліметте сайлауға қатысқан партиялар қанша дауыс алғаны көрсетілген:
- "Әділет" партиясы – 71,1%
- "Ауыл" – 6,26%
- Respublica – 5,56%
- "Ақ жол" – 5,21%
- ЖСДП – 5,11%
- Қазақстан халық партиясы (коммунистер) – 3,11%
- "Байтақ" жасылдар партиясы – 1,07%
- Бәріне қарсы –2,51%.
Сайлау туралы заңда сайлауға түскен партия парламентке өту үшін 5 пайыздық межені еңсеруге тиіс деп жазылған. ОСК жариялаған сайлаудың алдын ала нәтижесінде бұл межеден "Әділет", Ауыл, ЖСДП, "Ақ жол" және Respublica алған дауыс саны асып тұр.
Егер сайлаудың түпкілікті қорытындысы да осындай болып шықса, онда бір палаталы Құрылтайдағы 145 орынның жүзден астамын "Әділет", қалғанын төрт партия өзара бөлісуі мүмкін.
ОСК 23 тамызда өткен сайлауда дауыс беру құқығына ие Қазақстан азаматтарының 74,08 пайызы дауыс берді деп мәлімдеді. ОСК дерегі бойынша, 12 623 289 сайлаушының 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан. Қазір Қазақстан заңы бойынша, дауыс беруге неше сайлаушы қатысқанына қарамастан сайлау өткен болып саналады.
Алғашқы Құрылтай сайлауына билікті жақтайтын партиялар ғана қатысты. Ал билікті өткір сынап жүрген оппозициялық топтар талай жылдан бері партия ретінде ресми тіркеле алмай келе жатқандықтан бұл жолғы саяси науқаннан да шет қалды.
Биыл жаңадан құрылып, 27 жыл билікте болған Amanat (бұрынғы NurOtan) партиясын өзіне қосып алған "Әділет" партиясы Тоқаев саясатын ашық қолдайды. Бұл партияны президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай басқарады.
Маусым айында сайлау заңнамасы өзгеріп, бұл жолғы саяси науқанды бақылауға ықылас танытқан тәуелсіз байқаушылар қатары қатты сиреген еді. Бұған дейінгі сайлау науқандарын бақылап жүрген санаулы ұйымдар қауіпсіздік себебіне байланысты Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты. Ішкі істер министрлігі "сайлау кезінде өрескел заңбұзушылық болмағанын" мәлімдеді.
Сайлау кезінде Қазақстанның кейбір өңірінде азаматтық белсенділер үйінің маңын полиция торуылдап жүргенін айтты.
Құрылтай сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) ұзақ мерзімді миссиясы сайлау алдындағы аралық есебінде Қазақстандағы бұл жолғы науқанда саяси бәсекелестік, БАҚ еркіндігі және өзін-өзі цензуралау мәселелері барын айтқан.
"Партиялардың бәрі президент саясатын қолдайды, ал ДИАҚБ миссиясы сұхбаттасқан кейбіреулер шынайы оппозициялық партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың болмауы саяси бәсеке мен плюрализмді шектейтінін атап өтті" делінген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ есебінде.
Ал Қазақстан президенті Тоқаев "сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы болғанын" айтып, бұл сайлау "ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық" деп мәлімдеді.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Құрылтай сайлауы алдында Қазақстанда журналистер "бұрын-соңды болмаған" қысымға тап болып, қылмыстық қудалауға ұшырап, журналистикамен айналысу құқығынан айырылып жатқанын жазды. CPJ мәлімдемесінде "бұл репрессияға халықаралық бақылау керек" деген.
Қазақстанның вице-премьері әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес" екенін айтып, өзі басқаратын министрлік БАҚ және журналистердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын мәлімдеген.