Өзбек парламенті педофилдерді өмір бойына түрмеге жабуды көздейтін заң жобасын мақұлдады

Өзбекстан Олий Мәжілісінің заң шығару палатасы балаға қарсы жыныстық зорлық жасағандарға жазасы қатаңдататын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлады өзбек парламентінің баспасөз қызметі.

14 жасқа толмаған баланы зорлағандарды өмір бойына түрмеге қамау жазасы қарастырылған заң жобасы парламент қарауына "Адолат" партиясы фракциясының бастамасы бойынша ұсынылған.

Заң жобасына сәйкес, балаға қарсы ауыр қылмыс жасағандар қылмыстың ескіру мерзіміне байланысты жауаптылықтан босатылмайды. Зардап шеккен балалардан жауап алу бейнежазбаға түсіріледі. Зорлық-зомбылық көргендерге мемлекет есебінен заңгер көмегі көрсетіледі деп жазды Gazeta.uz.

Бұған қоса заң жобасында бала тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны, балаға тиіскені, неке жасы туралы заңды бұзғаны және мұғалімнің білім беру процесінде балаға зомбылық жасағаны үшін белгіленген жауапкершілікті күшейту қарастырылған.

Парламент заң жобасын қарар қарсаңда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қызы және оның әкімшілігінің басшысы Саида Мирзияева балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны күшейтуді қолдап сөйледі. Ол Наманған облысындағы балабақшада болған бала зорлау оқиғасы бойынша пікір білдірді.

"Мұндай сұмдық қылмыстар жасағандарға өлім жазасы қолданылуы керек деп ойлаймын. Қолданыстағы заңда ондай жаза қарастырылмағандықтан, біз жазаны барынша қатайтатын түзетулерді заңға енгізу туралы ұсыныстар дайындап жатырмыз", – деп мәлімдеді ол Telegram-арнасында.

Президент Мирзияевтің кенже қызы, Өзбекстан президенті жанындағы әлеуметтік қорғау жөніндегі ұлттық агенттік директорының бірінші орынбасары Шахноза агенттік Наманғандағы оқиғада жәбір көрген бүлдіршіннің отбасына басқа қалаға көшуге жәрдемдесетін болады деп мәлімдеген.

"Оларға тұрғын үй, қажетті оңалту шаралары және толық әлеуметтік қолдау көрсетіледі, оның ішінде анасының білімі мен жұмысқа орналасуына жәрдем жасалады, қажет болған жағдайда қыз бен оның отбасы қауіпсіз жерде жаңа өмір бастап кетуі үшін есім-сойын өзгерту де қарастырылады", – деді Шахноза Мирзияева.

Наманған облысында мемлекеттік балабақшада тәрбиеленуші 5 жасар қызды зорлау қылмысын тергеу жалғасып жатыр. Бұл қылмысқа күдікті ретінде осы мекеменің шарушалығын басқарған 52 жастағы адам қамауға алынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шымкентте науқастарды зорлаған деген айыппен екі санитар 15 жылға сотталдыМүгедек қыз, 66 жастағы көрші және зорлау. Қайғылы оқиға қырғыз заңын қалай өзгертті?Балаларға зорлық көрсетуді "бұзақылық" деп бағалады. Бұл үрдіске айналып бара ма?Үш жыл бойы "тиісіп" келген. Өгей қызын зорлады деп айыпталған ер адам 20 жылға сотталдыЗаң қатайды, қылмыс азаймады. Қазақстанда педофилиямен күрес неге нәтиже бермейді?