Памир асқан қырғыздар

Ауғанстандық қырғыз Мәлік Құтлы бұл суретінде Памир асып, Ауғанстанға өткен көшпенділерді салған. Олардың Қырғызстанда қалған елден айырмашылығы - көшпенді тұрмыстарын сақтаған. 

Мәлік Құтлы бұл суретінде Ауғанстандағы Памир тауларында қодас жетектеп бара жатқан көшпендіні салған. 1978 жылы коммунистік режим орнайды деп қауіптеніп Пәкістанға көшкен қырғыздардан бөлініп қалып қойған аз ғана қауым бар. Олар Ауғанстанның Қытаймен шекаралас Вахан ауданында, ешқандай инфрақұрылымы - мектебі, денсаулық сақтау мекемелері жоқ жерлерде тұрады. 

Картадан Қытай, Тәжікстан, Пәкістан шекараларының ортасында тұрған Вахан ауданын көруге болады. СССР мен Қытай үкіметі шекараларын жапқанда қырғыздар Ауғанстан жерінде қалып қойған.

Жүн сабап жатқан қырғыздар. Олар қой мен қодас баққан, жазықтағы Ауғанстан тұрғындарына ет, сүт, жүн сатқан. 

Мәлік Құтлы салған бұл суретте 1978 жылы Кабулда коммунистер билікке келген соң босып кеткен қырғыздар бейнеленген. Олардың көбі Түркия үкіметі көмектескенге дейін бірталай жыл Пәкістанды паналаған.  

Памир тауында мал бағып жүрген қырғыз әйелінің архивте сақталған суреті. 

Құрт жайып жатқан қырғыз әйелі.

Киіз басу. 

Қырғыз отбасы. 

Қырғыздар Ауғанстандағы көп елге қарағанда ауқатты тұрған. Мал өнімдерін сатқан олардың радио, сағат, іс машинасы сияқты дүниелерді алуға жағдайлары болған. 

Қырғыздарды Памирден бастап өткен Рахманқұл Хан 1913 жылы қазіргі Тәжікстанның Мургаба ауданында туған. Ол Совет Одағына қарсы күресіп, түрмеге қамалған. Түрмеден Қытайға қашып, одан ары Ауғанстанға асқан. Ол Кабулдағы ақсақалдар алқасына қырғыздардың атынан сайланған. Жетекшілерінің туғанына 100 толғанын Түркия қырғыздары биыл 8 қарашада атап өтті.  

Сол жақта апалы-сіңлілі Алтын мен Мәрбеттің 1970 жылы Памир тауында түскен фотосы. Оң жақта олардың Түркияның Ван көлі маңында түскен кейінгі фотосы. Олар қазір өз тілдерінде еркін сөйлей алмайтындарын, Памирде киген киімдерін тастағандарын, сол замандағы әшекейлерін тақпайтынын айтады. 

Ұлы Памир ауылында қазір 2 мың 500-дей адам тұрады. 

Егде әйелдер тойға әзірленіп жатыр. Қырғыздар басқа ұлт өкілдерімен отаспауға тырысады. Бірақ оқуға түсіп қалаға кеткен жастар басқа ұлт өкілдерімен некелесіп, ауылға қайтпай қалады. Қырғыз жігіттеріне қарағанда көбінесе қыздары жоғары оқу орындарында оқиды. 

Қырғыздар қызды жасауымен ұзатады. Қыздың жасауын беру кейбір отбасыларға ауыр тиеді. Құдалықты олар руаралық қатынастарды реттеуге, араздасқан адамдарды татуластыруға да пайдаланады. 

Қырғыз балалары түрік мектебіне барады. Ауылдағы кейбір балалар ана тілін білмейді. 

Мектептен қайтқан балалар. Ауылдағы мектеп орта білімді толық бермейді. 13 жастан кейін көп балалар мектеп-интернаттарда оқуға қалаға кетеді. 

Рахманқұл Ханның үш әйелінің бірі Толымбүбі 1990 жылы қайтыс болды. Түркияға келген қырғыздар арасында көп әйел алу қазір жоғалған. 

Демалып отырған ер адамдар. Түркия билігі қырғыздарға ислам дінін үйрету үшін молда жібереді. Бірақ қырғыздар маңайдағы түріктермен көп араласпайды. 

Төрт баланың анасы Асыл қызы Семанурмен бірге тұр. Балалар қырғыз және түрік тілдерінде сөйлейді. Бұл отбасы балаларына дұрыс білім беру үшін Стамбулға көшуді жоспарлап отыр. 

Тұрған - қырғыз қауымының арасынан шыққан әнші. Түркиядағы қырғыздардың көбі ислам дінінің ықпалымен дәстүрлі әндерін ұмытып барады. Тұрғанның балалары "шайтанның ісі" деп, одан ән айтуын доғаруын сұраған. 

Ұлы Памир тұрғыны алаша тоқып тұр. Қырғыздар тоқыма бұйымдарын Ван қаласына апарып сатады. 

Мехмет Тұрды - жергілікті полиция қызметкері. Түркия үкіметі еріктілерден құралған қырғыз полициясына жалақы төлейді. Олар қырғыз қауымын осы аймақта тұратын күрд содырларының шабуылдарынан қорғайды. 

Рахманқұл Ханның ұрпағы, сәулетші Акбар Құтлы - Ван университетінің профессоры. Акбар мен оның қайтыс болған інісі Мәлік Ауғанстанда өткен балалық шақтарынан сурет салуға, мүсін қалыптауға құмар болған. Олар көбінесе қырғыздардың Памирдегі тіршілігін бейнелейтін картиналар салады.  

Түркиядағы қырғыздар тұратын өңірдегі Ван көлі.