Павлодарда екі қыз баланы зорлап, ВИЧ жұқтырған ер адам өмір бойына сотталды

Сейсенбі күні Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты кәмелетке толмаған апалы-сіңлілі екі қызды зорлап, оларға ВИЧ жұқтырған 48 жастағы ер адамды өмір бойына бостандығынан айырды. Бұл қылмыс 2025 жылы желтоқсан айының ортасында жасалған деп хабарлады жергілікті irbistv.kz арнасы.

Сот Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі ("Жас балалардың дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау") және 121-баптың 4-бөлігі ("Жас балалардың дәрменсіз күйін пайдаланып, абайсызда ВИЧ жұқтыруға әкеп соққан сексуалдық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер") бойынша айыптар тағылған ер адам ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деген үкім шығарды.

Мүгедектігі бар екі қыз қылмыс жасалған кезде 10 және 11 жаста болған. Олардың анасы әлгі ер адаммен 2018 жылдан бері бірге тұрып келген. Әйелдің айтуынша, ол бұған дейін де қыздарын оның қарауына қалдырып жүрген. Қылмыс жасалған күні қыздардың анасы үйде болмаған.

Судья Жанна Нығыбаева қос бапта да қылмыс жасаған адамды өмір бойына бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтты.

"Жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4 және 5-бөліктеріне сәйкес, өмір бойына бостандығынан айыру түпкілікті жаза болып белгіленсін. Оған қоса педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылсын", – деді үкімді оқыған судья Жанна Нығыбаева.

Жабық өткен сот процесіне қатысқан прокурордың сөзінше, сотталушы жауап беруден бас тартқан, өзі ВИЧ дертіне шалдыққанын бұрыннан білгенін я білмегенін де сот отырысында айтпаған деп жазды Tengrinews сайты.

Сот жаза тағайындаған кезде сотталушының кінәсін мойындағанын және бұрын сотты болмағанын жауапкершілікті жеңілдететін жайт деп ескеріп, қылмысты мас күйінде жасағаны жауапкершілікті ауырлататын жайт деп ұйғарды деп хабарлады басылымдар.

Cот үкімі көпшілік алдында жарияланды. Оған сәйкес, сотталған адам жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өмірлік түрме жазасы және 20 жыл. Петропавлда 13 жасар қызды зорлау ісі бойынша ер мен әйелге сот үкімі шықтыБАҚ: БҚО-да жасөспірім қызды зорлады деп күдікке ілінген шенеунік мерт болдыШымкентте науқастарды зорлаған деген айыппен екі санитар 15 жылға сотталдыАҚШ жетім қыз балаларды жәбірлеген өзбек экс-шенеуніктеріне санкция салдыШымкент соты “9 жасар қызды зорлаған" адамды 18 жылға соттады