22 маусым күні Оралда полиция ұстаған қазақстандық журналист, "Просто журналистика" медиа жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров бірнеше сағат полицияда болып шыққаннан кейін Азаттық Азияға болған жайтты айтып берді.
Дүйсенбі күні Ахмедияровтың әріптесі Рауль Упоров Орал полициясы Лұқпанның көлігін көшеде тоқатып, оған "Ресей федерациясы ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша халықаралық іздеу салынғанын" айтқан деп хабарлаған еді. Бұдан соң Ахмедияровты қалалық полиция басқармасының Абай бөлімшесіне алып барған.
Азаттық Азияға Лұқпан Ахмедияров полицияда төрт сағаттан астам уақыт болғанын айтты.
"Бұл іздестіру ісі бойынша (Ресейде қозғалған - ред.) тергеуші менен түсіндірме алуға тырысты. Ол маған полицияға не үшін жеткізілгеніңді білесіз бе, өзіңізге мемлекетаралық іздеу жарияланғанынан хабардарсыз ба, қылмыстық іс жайлы білесіз бе деген сұрақтар қойды. Мен "білмеймін, хабарым жоқ, бұл іс туралы тіпті бірінші рет естіп отырмын" және "маған нендей айып тағып отырғанын білмедім" деп айттым. Ал "Ресейде соңғы рет қашан болдың?" деген сұраққа "2016 жылы болғам" деп жауап бердім. Сонан кейін ол мұның бәрін хаттамаға түсірмек болды", - деді журналист.
Оның айтуынша, адвокаты тергеушіден қылмыстық істе Лұқпан Ахмедияровтың қазіргі мәртебесі белгіленген бе деп сұраған. Ешқандай мәртебесі жоқ деген жауап алғаннан кейін, Ахмедияровтың айтуынша, адвокат тергеушіге "онда жазбаша түрде жауап алуға хақыңыз жоқ" деп мәлімдеген.
"Осыдан кейін тергеуші маған полиция бөлімшесіне ерікті түрде келетінім жайлы міндеттеме алатын қағазға қол қойдырып алуға тырысты. Тағы да адвокатым "Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, ондай іс жүргізу құжаты күдікті, айыпталушы немесе сотталушы адамдарға ғана беріледі. Лұқпан Ахмедияров бұлардың бірі де емес болғандықтан, оған қол қоймайды" деп мәлімдеді. Осыдан кейін мен полиция бөлімшесінен шығып кеттім", - деді журналист Азаттық Азияға.
Полиция мекемесінен шыққан соң, өз айтуынша, Ахмедияровқа медициналық тексеру қорытындысы берілген, онда журналистің ағзасынан алкоголь белгілері табылмағаны жазылған.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ахмедияровтың ұсталуына байланысты таратқан ақпаратында "тексеру барысында көлік иесі емес жүргізушіде қажетті сақтандыру полисі болмағаны анықталды" деп мәлімдеген еді. Полиция Ахмедияров осы құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жауапқа тартылды деп хабарлаған. Бұған қоса "жүргізушінің келбеті полицияның күдігін тудырды, сондықтан ол медициналық тексеруге жіберілді" деген.
Азаттық Азияның Ахмедияровтың Орал қаласында ұсталуы Ресейде оның үстінен қозғалған қылмыстық іспен және оған іздеу жарияланғанымен байланысты ма деген сұрағына қазақстандық полицияның баспасөз қызметі "дәл қазір ондай ақпарат жоқ" деп жауап берген еді.
Лұқпан Ахмедияров полицияда болып шыққан соң Азаттық Азияға айтқан әңгімесінде "іске байланысты" әкімшілік жауапқа тартылғанын және бұл мәселе бойынша "ешқандай дауласпайтынын", алайда көлік жүргізуге байланысты әкімшілік құқық бұзғаныңды анықтаймыз деген сылтаумен өзін жауап алуға әкелген болуы мүмкін екенін айтты.